Кездесу барысында Тоқаев Пезешкианның Қазақстанға алғашқы сапары екенін атап өтті. Аса құрметті Президент мырза, Қазақстанға қош келдіңіз! Елімізге алғаш рет ресми сапармен келіп отырсыз. Қазақта «Көрші тату болса – құт» деген жақсы сөз бар. Екі елді қарт Каспий байланыстырады. Қазақстан Иранды жақын әрі бауырлас көрші, Орта Шығыстағы сенімді серіктес деп біледі. Біз қашанда Иранға тілеулеспіз. Қиындықтарға қарамастан қарым-қатынасты үзген жоқпыз. Қазақ-иран байланысының тамыры тереңде жатыр. Қос халықтың тарихы – ортақ, салт-дәстүрі мен мәдениеті – ұқсас.Қасым-Жомарт Тоқаев
Одан кейін ол статистикалық деректерге тоқталды.
Екіжақты келісімдер іске асырылуда, парламентаралық байланыстар нығая түсуде. Сауда-экономикалық ынтымақтастық өсіп келеді. Биылғы жылдың 10 айында 2024 жылмен салыстырғанда көрсеткіштер 40%-ға артқаны байқалады, бұл сөзсіз жақсы нәтиже болып саналады.
Сурет: akorda.kz
Оған жауап ретінде Масуд Пезешкиан бауырлас әрі достық Қазақстанға сапар жасағанына қуанышты екенін, елдің бай тарихы мен мәдениеті бар екенін айтты.
«Тарихы терең, мәдениеті бай бауырлас, достас Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Көптеген бағытта ынтымақтастығымыз қарқынды түрде дамып келеді. Үкіметтеріміз нәтижелі жұмыс атқаруда. Саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор деп ойлаймын, – деді Иран Президенті.

































