Тарихқа сәл үңілсек, еліміздің тәуелсіздігін ең алғаш таныған үш мемлекеттің бірі Қытай Халық Республикасы. Міне, содан бергі 30 жылдың үстінде екі ел арасында қарым-қатынас, барыс – келіс толастаған емес.Тіпті стратегиялық әріптестік жаңа кезеңдерге қадам басып келеді десек артық айтпағанымыз. Соның бір тармағы – еліміздегі саяси партия басшыларының аспан асты еліне сапары.
Әлбетте, бұл сапардың жөні бөлек, тұрпаты өзге. Олай дейтініміз, бұл «Қытай – Орталық Азия» деп аталатын саяси мәні зор, саяси партиялар диалогының екінші отырысы. Былайша айтқанда, Орталық Азияда жатқан мемлекеттердің саяси партяилары Қытай жерінде бас қосып, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы өзара сенім мен серіктестікті одан әрі нығайту, саяси партиялар арасындағы диалог пен тәжірибе алмасуды дамыту, «Жасыл даму», экологиялық саясат және орнықты экономика құру бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін тілге тиек етті, талқылады.

Осы басқосуға еліміздегі «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Сайлауұлы Әміртай арнайы шақырылып, партия атынан сөз сөйлеп, экологиялық бастамаларды қолдау, жасыл технологиялар мен табиғатты қорғау саласындағы өзара әрекеттестік туралы ұсыныстарын ортаға салды. Ол өз сөзінде екі елді тек саяси һәм экономикалық қарым –қатынас ғана емес, Қытай жерінен бастау алып, Қазақстанға келетін екі өзен Еріс пен Іле де байланыстырып жатқанын тілге тиек етті.
«Қазақстан аумағынан екі маңызды трансшекаралық өзен – Ертіс пен Іле ағып өтеді.
Бұл өзендердің сулары біздің елдеріміздің жерін бойлай ағып, халықтардың, өңірлер мен мәдениеттердің тағдырын біріктіреді. Су – бізді бөлетін емес, біріктіретін құндылық екенін еске салады. Ертіс – Қазақстан халқының үштен бірі үшін өмір өзегі.
Ал Іле өзені Балқаш көліне құяды. Дәл осы өңірде еліміздегі алғашқы атом электр станциясының құрылысы жоспарланған. Бұл өзендердің стратегиялық маңызы зор екенін және су ресурстарын бірлесіп, жауапкершілікпен басқарудың қажеттілігін көрсетеді.
Трансшекаралық өзендерді бірлесіп басқару – орнықты даму мен экологиялық қауіпсіздіктің, елдер арасындағы достықтың кепілі» дей келе, «Байтақ» жасылдар партиясының басшысы Азаматхан Әміртай партия
атынан бірнеше ынтымақтастық бағыттарды ұсынды.
«1. Ертіс пен Іле трансшекаралық өзендері бойынша Қазақстан-Қытай бірлескен орталығын құру – сандық мониторинг, нақты уақыттағы деректер алмасу және бірлескен экологиялық зерттеулер жүргізу үшін.
- Шығыс Қазақстан облысында пилоттық жоба іске асыру – үш жыл ішінде суармалы жүйелердегі су шығынын 20%-ға дейін азайту, тұрақты су ағымын қамтамасыз ету және су үнемдеу технологияларын енгізу мақсатында.
- Білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту – жыл сайын мамандар алмасу, бірлескен бағдарламалар мен тағылымдамалар ұйымдастыру.
- Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Қытайдың Су ресурстары институты арасында байланыс орнатып, су үнемдеу, ирригация, мелиорация және Балқаш көлін сақтау саласында тәжірибе алмасу.
- Қалдықтарды өңдеу, шөлейттенуге қарсы күрес, топырақтың тозуы және көгалдандыру бағытында – Қытайдың мойындалған табыстарын ескере отырып, жасыл технологиялар саласындағы серіктестікті кеңейту.
Партия басшысы атап өткен ұсыныстарды Қытай жағы жылы қабылдап, ынтымақтастық бағытта бірге жұмыс істейтіндерін жеткізді. Әлбетте, бұл басқосудың атауы «Қытай – Орталық Азия» саяси партиялар диалогы болған соң, кездесуге өзек болатын тақырып тек экология ғана емес, аймақта жатқан елдердің қарым –қатынасы, саяси ұстанымдары, партиялардың тәжірибе алмасуы тб. тақырыптар талқыға салынды.
dodanews.kz

































