Бұл туралы бүгін, 2025 жылғы 31 қазанда ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлімдеді.
Бағдарламаға Отбасы банкінің барлық салымшылары, сондай-ақ депозитінде кемінде 2 миллион теңге жинағы бар және соңғы бес жыл ішінде өзінде де, отбасы мүшелерінде де тұрғын үйі болмаған азаматтар қатыса алады.
«Өтінім беру процесі толығымен онлайн форматта жүзеге асырылады. Қатысушылар Baspana Market платформасындағы жеке кабинеттері арқылы өтінім беріп, нәтижесін сол жерде бақылай алады. Өтінім беру тәртібі мен кезеңдері туралы толық нұсқаулықпен банк парақшасындағы «Наурыз» бөлімінде жарияланған»,- делінген ақпаратта.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, таза әрленген жаңа тұрғын үйді сатып алу үшін бастапқы жарна 10%-дан, ал әрленбеген немесе қайталама тұрғын үй үшін бастапқы жарна 20%-дан басталады. Сыйақы мөлшерлемесі әлеуметтік осал топтар үшін 7%-дан (ЖТСМ 7,1%-дан), басқа қатысушылар үшін 9%-дан (ЖТСМ 9,4%-дан) есептеледі.

































