Home Басты жазба Қазақпен  қырғызды  араздастырғысы келіп  жүрген кім?

Қазақпен  қырғызды  араздастырғысы келіп  жүрген кім?

128

Кешелі  бері  әлеуметтік  желі  беттерінде, исі  алаш  баласының   бостан  өмірі  үшін отаршылдыққа  қарсы,  он  жыл күрескен, ұлы  қолбасшы  һәм  қазақтың соңғы  ханы  Кенесары  туралы  әңгіме  қозғалып жатыр. Даудың  басы, Үoutube желісіндегі «Политпрогноз» арнасында жарияланған «Тайна Кенесары хана. Что скрывает кыргызы, русские, казахи должны узнать правду!» атты бейнероликтен  бастау алғаны  белгілі.  Тіпті бұл  мәселеге, Қырғыз  президенті   Садыр  Жапаров араласып,  Facebook-тегі парақшасында өз  ойын  білдіріп,  екі елді  бірлікке,  ынтымаққа  шақырыпты. Дұрыс-ақ.  Алайда  оның  кейбір айтқандарына  қарсы уәж айтуға да  болар еді.  Бірақ қажет  деп  таппадым.  Өйткені  екі  елдің  бірлігі  бәрінен  қымбат.   Өнбес  дауды қуа  берудің  қажеті  шамалы. Әлбетте,  Кенесары  хан  қазақ  тарихындағы  күрделі  тұлға. Қарға тамырлы  қазақтың  қамы  үшін, елімен  жерінің  тұтастығы үшін шейіт  болған,  өмірі трагедиямен аяқталған  жан.  Қазақтың сол аяулы азаматының  кесілген басы әлі табылған  жоқ.  Оған кім  бөгет  болып  отыр?  Білмедім. Тіпті  денесінің жатқан  жері  де нақты емес. Әркім әр  жерді көрсетеді.  Мейлі  қайда жатса да,   бостандық  жолында  көз  жұмған     бабамыздың  орны пейіштің төрі,  мекені  жұмақтың бағы  болсын!   «Кенесары әр  қазақтың жүрегінде жерленген» деп қазақтың  абадан   ұлы  Бауыржан  Момышұлы бекер  айтқан жоқ.   Кене ханды исі  қазақ  ешуақытта  ұмытпасы анық!  Сайып  келгенде  бұл  ой-шұқыры  көп, өткен  тарих. Өз  уақытында  қазақ  қырғызбенде  кермалдасты,  өзбекпенде өжектесті,  түрікпенменде сойылдасты.  Бірақ  бұл  өткен  тарих,  өткен  өмір.  Оны  бүгінгі  күні  қоздата беруден ешкім ұтпайды. Ал,  Кенесарының  қырғыз жеріне  жасаған  жорығын қайта –қайта  қопарып,  қазақпен  қырғыздың арасына  сына  қағу  үшін,  дау туғыза  берудің  қажеті  шамалы  деп білемін.  Бұл тек  қаскөйлердің  ісі   болуы  тиіс.  Қазіргі геосаяси жағдай  ушығып  тұрғанда   тамыры бір түркі  жұрты бірге  болуы  тиіс.   Алайда,  түркі  елдерінің  ынтымақтастығы бәз біреулерге  ұнамай,  араларына  ши жүгіртіп,  алауыздық қа  итергісі келетін сынды.  Бұған  тосқауыл  болу керек.  Қазір  осы  түркі  тілес елдердің   басын  құрайтын  ұйым  бар.  Қайсы бір  сыртқы  күштер   осы  ұйым  түбі  «Тұран»  деген атауға  ие болып,   әскери  одаққа айналып кетуі мүмкін  деп үрке  қарайды. Сол  себепті,  түркі жұртын  қалайда  біріктірмеу  үшін  өткен   кеткен  тарихты  қозғап, араларына  от жаққысы   бар. Біз  түркі  елдері  мұндай арандатуға  бір ауыздан  қарсы  тұрғанымыз  жөн. «Төртеу  түгел  болса,  төбедегі келеді»  деген  бар.  Сондықтан  тамыры  бір  түркі  жұрты  түгел болғанымыз  жөн!

Азаматхан  Әміртай

Алдыңғы жазбаМемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында көлік министріне сөгіс жариялады
Келесі жазбаАрал тағдыры –халық тағдыры