«Кәрі түйе ойнақтаса жұт» болады деуші еді, дана қазақ. Дәл айтқан. Менің басымдағы жағдай . Жасым біразға келгенде ойнақтап жүремін деп от бастым. Жас қызға көз салдым. Дуалынып қалдым ба, білмеймін, ол қызсыз тұра алмайтын халге жеттім. Ақыры жиырма жыл оттасқан әйелімді балаларымды тастап, өзімнен он бес жас кіші әлгі қызға үйленіп тындым. «Сүйгеніме қосылдым. Мен бақттымын» деп ойлағанмын. Бәрі бекер екен. Кеш білдім. Әу деп ол қызбен шаңырақ құрған кезде-ақ, інілерім «Мынау аз сөйлеп көп тыңдайды екен. Үндемегеннен үйдей пәле шығады деген. Ертең басыңа шығып, айдауына көндірмесін. Найманның қыздары осындай өте қу, сұм келеді. Үндемей отырып дегенін істетеді. Ана бірінші әйелің Адайдың қызы еді. Жігерлі, ашық еді мінезі. Ішіне жасырмай бәрін бетке айтатын. Сонысымен адал еді. Ал мына найманның қызы, сығырайып өтірік күлгені болмаса, іші толған арамдық секілді» деп еді. Рас болды. Біраз жыл үндемей жүрген қатынымның қәзір тілі шықты. Шағып алады. Жасың үлкен деп именбейді. Ажырасқан кезде өз атымдағы үйімді балаларымның анасы ғой, солар тұрсын, оларды қаңғытпайын деп алғашқы әйеліме беріп кеткенмін. Содан жас қатыныммен біраз жыл пәтер жалдап тұрып келдік. Қазіргі әйелім мұғалім ғой. Содан былтыр мемлекеттік бағдарламаның арқасында үй алғанбыз. Үй әйелдің атында. Соны арқалана ма, «үйді алған мен. Сондықтан ауылда жұмыссыз жүрген інілерім осында тұрып жұмыс істейді. Қарсы бол ма» деп бір шықты, одан қалса, «жасым үлкен деп шірен бе, ұнамасам кете бер. Саған жабысып тұрған жоқпын. Тұрақты жұмысы, үйі бар жас қатынға бай табылады» деп өзінше болатын болды. Баяғыда бірге жұмыс істейтін Төреғали деген досым: «түнде әйелім сасымай ары жатшы, деп бүйірімнен шынтақпен ұрып, төсектен итеріп құлатып жіберетін. Онымен қоймай теріс қарап күрсініп жатып алады. Шамасы бір иіс-су себініп жүретін интелегент жігіт тауып алған-ау» деп мұңайып отырушы еді. Оның айтқандарына қарқылдап күлуші едім. «Күлме досқа, келер басқа» деуші еді, қазір сол жағдай менім басымда. «Басқа бай табылады» деген сөзіне күдіктеніп жүрмін. Бәлкім кездесіп, демалыпта жүрме екен. Кім білсін. Әйтеуір таң атпай мектепке кетеді. Кешке сүрініп үйге келеді. Не істеп келгенін кім білсін. Әлде барлық мұғалімдер сондай ма екен. Қайдам. Шынымды айтсам, қазір әйелімен әбден жеріп кеттім. Баяғы алып ұшқан сезім жоқ. «Өмірді қойшы, өтер де кетер өкінтіп, сезімді қайтем, сезімді қайтем, тулаған» деп кезінде бір ақын жырлапты ғой. Бірақ менде қазір тулаған сезім жоқ, тек өткенге өкініш бар. Кетіп қалсам бе деп ойлаймын. Тек ортадағы жалғыз бала ғана қол байлау болып тұр. Кетуін кетем ғой, бірақ мына қатын ертең басқа байға тиеді делік, бірақ ол жігіт менің балама әке болып жарата ма? Мәселе сонда. Қинайтыны осы. Бірақ бәрбір кету керек сияқты. Өйткені үйде отбасылық жылу жоқ, шай тамағымыз ды көбіне жеке-жеке отырып, ішеміз, төсектеде баяғыдай жылу жоқ. Ал мұндай жағдайда қалған өмірімізді бірге өткізу мүмкін бе? Білмеймін. Басым жетпей жүр. Әлде бұрынғы әйеліме «кешір. Мен қателесіппін» деп қайтып барсам ба екен?
Шалқар Жолдасбек