Бөкей хан көзі тірісінде хандық билікті ұлы Жәңгірге аманаттаған болатын. Жас сұлтан 1821-1823 жылдар аралығында хандық тақты иелену жолында белсенді күрес жүргізді. Нәтижесінде, 1823 жылы 22 маусымда І Александр патша Жәңгір Бөкейұлын хан етіп тағайындау туралы арнайы грамотаға қол қойды.
Жәңгір хан қазақ тарихындағы қарама-қайшылыққа толы тұлға болды. Кеңес идеологиясында үстемдік еткен «таптар күресі» принципіне байланысты біз оның қоғамдық-саяси қызметіне бір жақты қарауға мәжбүр болдық. Кейін еліміз тәуелсіздік алған соң «Жұрттың хандары жақсы, ал неге біздің хандар жаман болған?» деп ойлана бастадық.
Жәңгір хан билікке келісімен жер реформаларын жүргізуге кірісті. Көпшілік ойлап жүргендей, ол тек шұрайлы жерлерді өз туыстары арасында бөліске салумен ғана айналыспады. Оның жер реформаларын біз зерттей келе екі кезеңге бөлдік. Бірінші кезең, яғни 1825-1830 жылдарда Жәңгір хан Орда территориясын нақтылап, шекараны шегендеуге ұмтылды. Бұл кезеңде қазақ-татар, қазақ-қалмақ, қазақ-орыс арасындағы жер даулары қарастырылды. Еділ-Жайық аралығын мекендеген халықтарды өзара қырқыстыру саясатын ұстанған Ресей империясы жер мәселесін шешуге еш асықпаған. Жер реформаларының екінші кезеңі, яғни 1831-1845 жылдары сыртқы жаулармен күрес жалғасқанымен ішкі жер реформаларын жүргізуге басымдық берілді. Дегенмен ел ішінде жүргізілген жер реформалары тек азшылықтың көсегесін көгертті, ал көпшіліктің экономикалық сұраныстары ескерілмеді. Өз туыстары мен айналасындағыларға шұрайлы жерлерді тарату арқылы қатардағы халықты оларға тәуелді етіп қойды. Осылайша, ішкі жер саясатының басты кемшіліктері көпшілік тұрғындардың жерсіз қалуынан, әлеуметтік жіктелістің күшеюінен, парақорлықтың жаппай етек алуынан, мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырауынан, елдегі ұрлық-қарлықтың артуынан анық көрінді. Соның салдарынан Бөкей Ордасында 1836-1838 жылдары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы жетекшілік еткен ұлт-азаттық қозғалыс және 1842-1843 жылдары А.Қошаев пен Л.Манатаев бастаған күрес болып өтті.
Жәңгір ханның басқа қазақ хандарынан ерекшелігі – оның еуропалық өмірмен жақсы таныс болуында. Астрахань губерниясында білім алып, кейін елге оралған соң ауыл шаруашылығына қатысты газет-журналдарды оқыған ол экономика саласын жетік меңгерді. Нәтижесінде, 1832 жылы алғаш рет жәрмеңке ұйымдастырып, сауданың көрігін қыздырды. Мысалы, 1833 жылы ұйымдастырылған жәрмеңкеге 562 971 мың бас мал әкелініп, 339 174 сомның тауары сатылды. Жылына 2 рет өтетін бұл жәрмеңкеде хан кеңсесінің мәліметі бойынша 1839 жылы даланың әр түкпірінен сатуға 4 122 бас ірі мал (түйе, жылқы, ірі қара), 68 498 қой, 6 419 пұт жүн, 30 009 дана тері-терсек әкелінген. Ал өзге елдерден келген саудагерлер жібек, қағаз, нан, шай, қант, кірпіш, ыдыс аяқ және тағы басқа тауарларды әкелген. Сонымен қатар жәрмеңкеде ұрлық, жанжал секілді келеңсіздіктердің болмауы үшін уәзір-сұлтандар тағайындалған.
Жәңгір хан білім, ғылым, мәдениет саласында да игі бастамаларды жүзеге асырды. 1835 жылы мешіт салдырып, 1838 жылы дәріхана, архив ашып, 1841 жылы пошта-телеграф байланысын орнатты. Сонымен қатар 1841 жылы жаңа мектептің іргесін қалап, хандардың арасынан алғаш рет Қазан университеті ғылыми кеңесінің құрметті мүшесі болып сайланды. Хан Жәңгірдің алғашқы қазынашылық қызметті іске қосу, тұрғындарға медициналық екпе салдыру, құм басудың алдын алу мақсатында қарағай отырғызу сияқты игі істері ұрпақтар жадында мәңгілікке сақталады.
Саялбек ҒИЗЗАТОВ,
ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы,
тарих ғылымдарының кандидаты