«Өткенсіз бүгін жоқ» дегендей бүгінгі күні еліміз өткен тарихты, иісі алаш баласы жүріп өткен бұралаң жолды еске алып, болашқ ұрпақтың жадына сіңіру үшін түрлі іс-шаралар жасап жатқаны белгілі. Жазылып жатқан деректі һәм көрем шығармаларды былай қойғанда, соңғы кезде қазақ хандығы құрылған көне дәуірден бастап кешегі алаш арыстарына дейінгі кезеңді қамтитын, қазақ тарихының қадау-қадау тұлғалары жөнінде кинолар түсіріле бастады. Мұны өте оңды қадам деп бағалаған жөн.
Әсіресе иісі алаш баласы, алаш баласы өмір сүрген сайын даласы үшін жан беріп, жан алысқан, өткен ғасырдың басында ұлт көсемі деңгейіне көтерілген алаш арыстары туралы фильмдер жарық көре бастады. Мәселен «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Оян Қазақ», «Соңғы Үкім» тб. Ахаңмен (Ахмет Байтұрсынов) Жақаң (Міржақып Дулатов) туралы фильмдер түсіріліп, көрермен көріп үлгерді. Енді Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов туралы да кино алдағы уақытта түсіріледі деп бек сенемін. Осы жерде айтқым келгені, соңғы уақытта алаш баласы үшін көп еңбек сіңірген, қазақтың қазақ болып қалуы үшін күрескен тағы бір тұлға, қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың алаш арыстарының көлеңкесінде қалып, шет қақпай көріп жатуы. «Тұрар әйтті, Тұрар бүйтті» деген түрлі қаңқу сөздерде көп. Бәрі бос әңгіме. Кез-келген қазақ қылышынан қан тамшылаған қызыл империяға қарсы шығып, ұлт үшін күресіп көрсін, әуелі. Бұл жерде Рысқұловтың қандай қызметтер атқарғанын тізбелеп жату міндет емес. Тұрар кеңес елінің белді қызметінде жүрседе, алаш арыстары секілді оныңда ойлағаны; қазақтың амандығы, тәуелсіз ел болуы, керегесі кең, шаңырағы биік іргелі мемлекет болуы еді. Сол үшін күресті. Тұтас Түркістан мемлекетін құрсам деді. 1918 жылғы Түркістан өлкесін жайлаған аштық кезінде не бәрі 24 жаста болсада Аштықпен күресетін комиссия құрды. Мың жарымға тарта қоғамдық тамақтандыру орындары ашты. Бір сөзбен айтқанда миллионға тарта қаракөздерімізді аштықтан аман алып қалды. Мұны ұлттың тұқымын аман алып қалу деп есептеуге болады. Түркісіб темір жолын салуда Тұрардың орны бөлек. Тіпті Моңғол елінің астанасы Ұланбатыр (Қызыл батыр) деп атау, сол елдің Конститутциясын қабылдануынада Рысқұлов себепші болған еді. Қалай айтсақ та Тұрар Рысқұлов кеңестік дәуірдің алғашқы кезеңінде үлкен қызметте жүріп – ақ қазақтың қамын жеді, ұлттық мүдде үшін күресті. Сол жолда опат болды. Олда алаш арыстары секілді «қазағым» деп өмір сүрді. Осындай ұлы тұлғаны елеусіз қалдыруға бола ма? Жоқ. Демек, алдағы уақытта қазақ халқының осындай абадан ұлы туралы да көркем фильм түсірілгені дұрыс –ау. Тіпті аяулы һәм белгілі жазушымыз Шерхан аға Мұртазаның «Қызыл жебе» кітабындағы оқиға желісін бетке ұстап түсірілсе деймін. «Ұлтым» деп күресіп, шейіт болған Ұлы тұлға Тұрар Рысқұловты ешуақытта ұмытуға болмайды.
Азаматхан Әміртай «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы