Home Жаңалықтар Жасын Ғұмыр…

Жасын Ғұмыр…

38

Қазақ поэзиясында жасындай жарқ етіп, ғайыптан жоғалып кеткен ақынның бірі – Бауыржан Үсенов. Ол сегіз қырлы, бір сырлы жігіт еді. Бәлкім тағдыр соны көпсінді ме, нағыз бұлқынып тұрған шағында алды да кетті. Соңында тау бұлағындай мөлдір өлеңдері, сазды әндері қалды… Егер аман болғанда бүгінде Бауыржан қазақтың маңдайалды ақындарының бірі болып, дуылдатып жүрерме еді…

Ол курстасы, белгілі ғалым Бауыржан Омаровтың тілімен айтқанда «Басына бөрік кигізіп, астына сәйгүлік мінгізіп, қолына үкілі домбырасын ұстатып, ХІХ ғасырға аттандырып жіберсең, нағыз сол заманның сал-серісі болып шыға келері» анық еді. Өйткені өзгенің маңдайына бұйырмаған бақ, Бауыржанда бар-тұғын. Ол – ақын, сазгер, мықты орындаушы да болды.

1986 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түстім. № 5 жатақхана комендаты Любовь Шаламайдың қаһарына ұшырап, тұрақтан қуылдым. Әрең дегенде деканаттағыларға жалынып-жалпайып жүріп, уақытша болса да тарихшылардың №6 жатақханасында тұруға рұқсат алдым. Бөтен ортаның аты – бөтен. Көңілім журфакқа бұрды да тұрды. Ақыры желтоқсан айында №5 жатақхананың бірінші қабатындағы бір бөлмеден орын тиді. Жүгімді арқалап, бөлмеге кіріп келгенмін, екі төсек бос та, үшіншісінде шалқасынан түсіп кітап оқып бір жігіт жатыр. Балаң мұртты, көрікті екен. «Ә, Сейсен деген сен емессің бе, кел, кел, анда жайғас» деп өзіне жақын төсекті нұсқап, орнынан тұрды. «Мен Бауыржан деген ағаңмын» деп бір қойды. Оның Бауыржан Үсенов екенін бірден таныдым. Өйткені аздап өлең жазатын болған соң, жасы бар, жасамысы бар ақындардың біразын сырттай танитынмын. Таныстық. Біраз уақыт бірге тұрдық. Бөлмедегі үшінші төсекке бүгінде белгілі ақын Жұмабай Құлиев келіп тұрды. Баукең кейде әуелетіп ән салатын. Дауысы ерекше еді. Сосын өлең оқитын. Кейде «ал, мен болдым. Енді сен оқы» дейтін. Оңашада өз өлеңдерімізді бір-бірімізге оқып, сырласып ұзақ отырушы едік. Арада көп ұзамай аты-шулы Желтоқсан көтерілісі болды. Ол Баукеңнің ең бір көңілсіз жүрген кезі еді. Үш әріптің адамдары оның соңына түсті. Шақырып алып кетеді. Шаршап келеді. «Күнде сұрайтыны бір нәрсе. Студенттерді алаңға сен бастап алып барыпсың дейді, болды. Шаршатты, шаршадым». Бірде терезеден сыртқа қарап тұрып, өзінің атақты «Қара машинасын» оқыды.

«…Содан бері шошынамын дүсірден,

Содан бері көз алмаймын мүсіннен.

Қараңғы түн, қап-қара бір машина,

Шықпай қойды, шықпай қойды түсімнен.

Әлі алдымда батпағым көп кешпеген,

Көкеймде құпиям көп шешпеген.

Шындық жайлы айта берсем, бір түнде,

Қара машина ап кетердей сескенем…

Жанарынан жас көргендей болдым. Көңілі босап тұр екен. «Үнемі бұлай бола беруі мүмкін емес-ау, бауырым. Дүниені дүр сілкіндірген бір өзгеріс болатынына мен сенемін. Еркін елдің алаңсыз өмірін жырлайтын да кез келер» деді күрсініп. Әттең, жалған дүние-ай, сол бостандықтың таңы атқан 1991 жылы 31 жасында Бауыржан пәниден бақиға озып кете берді. Тәуелсіз халқының өмірін көру, жырлау оған бұйырмапты

Темірғали КӨПБАЕВ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:

Дауасыз арман

Ол қазақтың аса дарынды ақыны еді. Отыз жасында жазмыштың оғына ұшты. Қыршынынан қиылды. Көп арманын айтып үлгірмеді. Біразға созылған бүйрек кеселінен ажал құшты. Түбі сол бүлкілдеген бүйректің жеп тынарын өзі де сезді. Оны өлеңінде жазып кетті. Кейде ақындардың көріпкелдігі де бар-ау деген ой келеді.

Бауыржанмен базары мол студенттік шақта жақын араласқан дос болдық. Кейін оның қазасына арнап өлең де жаздым. Ажалға қимайтын жігіт еді. Өте көркем-тін. Бүгінгінің Сәкені дейтінбіз. Дауысы күмістей. Әншінің – әншісі. Халық әні «Екі жиренді», Ақан Серінің «Маңмаңгерін», Біржан Салдың «Балхадишасын», Омар Хайямның рубаиларын домбыраға қосылып айтқанда әдемі дауысы студенттер қалашығын аралап кететін. Сазгерлігі қандай десеңізші?! Бір әні бір әніне ұқсамайтын. Мұқағалидың сезімге толы өлеңдеріне, өзінің өзек жарды жырларына жазған әндері жиырмадан асып жығылатын. Аламан топта сөз бастаған айтыскерлік қуатын қалай айтпасқа?! Суырып салып, арқалана төккенде ауызынан күміс төгіліп жатқандай болушы еді. Ол аса талантты ақын ретінде өзін көпке мойындатып үлгерді. Бірге жүрген аз ғұмырда бір-бірімізге іңкәр болдық. Сағынысып тұрамыз. Кездессек жарқылдап кетеміз. Домбыраны бір қолдан бір қолға өткізіп, айтысып жөнелетін кездеріміз де көп.

Бауыржанды Жуалыға соңғы рет шығарып салған күні оның күлімсіреген көздерін ең соңғы рет көріп тұрғанымды қайдан білейін. Бір қауіпті сезіп жүргенмен талғамсыз ажал дәл қай күні қиып түсерін Бауыржан қайдан білсін…

– Биыл жазда ауылда үлкен той жасаймын. Бәріңді шақырамын. Ақсай мен Көксайдың арасында бір жақсылап демаламыз, – деп кетті. Бірақ ұзаққа бармады. Қаралы хабар бұрын жетті. Ақынның қыршындай жас күнінде үзіліп кетуі – үлкен трагедия. Өйткені оның қаншама армандары мен айтар ойы қара жердің қойнауына бірге кетеді. Егер ақын тірі болса, мына қабағы қату дүниені жадыратар қаншама асыл жырлар берер еді. Арман-ай!

…Ақынның қырқына барып отырмыз. Қасымызға Мұқан аға келді. Бауыржанның әкесі. Орын бердік. Жылай-жылай екі көзі білеудей болып ісіп кеткен. Арманды шер күрсінгенде көкірегін қарс айырады. Біраз үнсіз отырды. Өте көп оқыған, шежіре кісі. Ұзақ жылдар бойы ауылдық кеңестің төрағасы болған. Көпті көрген, зиялы адам еді. Ол кісіге не айтарымызды білмейміз.

– Көкірегіме сыймай барады. Бір арманымды сендерге айтайын,– деп Мұқан аға әңгімесін бастады, – Бауыржанға жүкті кезінде әйелім (Бауыржанның анасы) аяндай анық түс көріпті. Түсінде ол халқымыздың біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлына тұрмысқа шығып жатыр екенмін дейді.

Түсің жақсы екен. Айна қатесі жоқ, сен ұл табады екенсің. Баукең сияқты халықтың жүрегінде қалған адамдар түске бекер енбейді. Баламыз халқым деген азамат ұл болады. Атын Алланың өзі айтып тұр. Бауыржан деп қоямыз. Қасиеті артып туады, – дедім. Әйелім қуана қоштады.

Айтқаным айдай келді. Айы-күні жеткенде перзентханаға апардым. Аппақ ұл туды. Үйге келемін, жұмысқа барамын. Қуанышым қойныма сыймай жүр. Өзім ырымшылдау адаммын. Мына сәбидің қасиетін көтеру үшін не істесем екен деп ойланамын. Ақыры басыма бір жақсы ой келді. Ескілікте естігенім бар. Баланы кітаппен ауыздандырайын деп шештім. Кітап деген ең қасиетті нәрсе. Құран да басқа емес, кітап күйінде түскен. Өзім кітапты өте көп оқитынмын. Соның ішінде Николай Островскиидің «Құрыш қалай шынықты» атты кітабына аса бір құрметпен қараушы едім. Апта өтпей сәбиді үйге шығаратын болды. Островскиидің жаңағы аталған кітабынан ең отты сөздерін таңдап жыртып алып, шиыршықтап, баланы босағадан кіргізген бетте «Биссмилляхир – рахманир – рахим! Осындай жалынды жазушы, елсүйгіш азамат бол!» деп ауызына салдым. Біраз сөлін жұтты-ау дегенде мылжаланған қағазды тілінің астынан алып, жіппен орап, адамның қолы жетпейтін биіктеу жерге жасырып қойдым. Осылай ауыздандырып едім.

Құдайдың құдіретімен Бауыржаным өте сезімтал, талапты бала болды. Мектепте үздік оқыды. Алтыншы класта оқып жүргенде қолына қалам алып, алғашқы шығармаларын жаза бастады. «Сен үлкен жазушы боласың» деп ынталандырып қойдым. Сегізінші класта оның өлеңге бейімі бар екенін анық байқадым. Кейін журналистика факультетіне оқуға түсті. Өлеңдері республикалық газет-жорналдарда жиі жарияланып жүрді. Кітабы да шықты. Елге танылды. Өлеңдерін оқып, Аллаға тәубе ететінмін. Өзіндік мінезі бар. Келешекте қазақтың атақты ақыны боларын іштей сезетін едім. Үлкен үміт артатынмын. Қайтейін!»  Мұқан аға жанарына үйірілген жасты бір сығып алды. Терең күрсінді. Жылап отыр. Жан-жүрегіміз ауыр мұңнан езіліп барады. Көзімнен ащы жас ыршып кетті. Жалған дүние! Кеше ғана ақ алмастай жарқырап жүрген ақын. Бүгін жоқ. Соңында ботадай боздап біз отырмыз. Ақырын жылыстап, бір күні сұм ажалдың аяусыз шеңгелі бізге де жетер. Түпсіз ойға шым-шым баттым.

– Арман-ай!– деді Мұқан аға терең күрсініп,– Анау Лев Толстой деген шалдың да кітаптарын көп оқушы едім. «Соғыс және әлемін» де, «Анна Каренинасын» да, басқасын да оқитынмын. Бауыржанды неге сол қаба сақал шалдың кітабымен ауыздандырмадым деп арман қыламын қазір. Мынау Островскии дегенің 32-ақ жыл өмір сүріпті ғой. Өмірі қысқа болары қаперіме келмегенін қарашы.

– Оны Бауыржан білді ме?– дедім. Мына әңгімеден тұла бойым шымырлап кетті.

– Білді. Білді. Соңғы күндері есі бір кіріп, бір шығып жатты. Қасында қайғырып отырғам. Көзін ашты. «Балам, көзіңді ашшы. Бұл мен ғой. Мен…» дей беріппін сасқаннан. Еріндері кезерген. Көзінде ешқандай нұр жоқ.

– Көке!– деді әлсіз ғана күбірлеп,– Көке, мені неге Островскиидің кітабымен ауыздандырып ең? Оның ғұмыры тым келте еді ғой… Көзін қайта жұмды. Ес-түссіз қалпы. Аңырап жылап жібердім. Неге? Неге? Неге? «Балам-ау, мен зарлымын. Кешіре гөр! Кешіре гөр, әкеңді!» деймін бетімді жас жуып. Үш күн бойы жыладым. Тоқтай алмаймын. «Ей, Алла! Ботамды алғанша өзімді ал! Кешір мені! Нем бар еді? Нем бар еді?» деймін зарлап. Бірақ Алланың ісіне амал жоқ екен. Бәрі осылай болды. Көкірегімді қанжардай тілгілеген мына арманға дүниеден дауа табылмас». Мұқан аға алқымына лықсып кеп тұрған өксіктің тығынын ағытып жіберді.Теріс бұрылып кетті. Екі иығы селк-селк етеді. Етек-жеңі кең адам еді. Айналдырған бір айдың арғы-бергі жағында иығы қушиып, көзі шүңірейіп, жағы суалып, еңкіш тартып, бір уыс болып қалған. Мұқан ағаның иығына қолымды қойып:

– Аға! Сабыр қылыңыз. Бауыржаныңыздың артында сөзі қалды. Екі бірдей ұлы бар. Орнында бар оңалар. Болған іске болаттай бекем болыңыз, – дедім.

Ақсай мен Көксайдың арасын қызыл нұрға малып, жазғы күн батыс көкжиекке құлап бара жатты.

 

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, TazaEl.kz

Алдыңғы жазбаҚаны қазақ генерал орыс әлемі үшін айқасты (ФОТО)
Келесі жазба«Желтоқсанның 16 күні» деректі фильмі көрсетіледі