Home Жаңалықтар Қаны қазақ генерал орыс әлемі үшін айқасты (ФОТО)

Қаны қазақ генерал орыс әлемі үшін айқасты (ФОТО)

43

Бүгінде Ресей өз тарихын саралау үстінде. Безбенге сала отырып, Ресей үшін ерен еңбек еткен, бірақ тағдырдың салғанына көніп, қайсы бір тұстарда қадамдарын шалыс басқан, айтулы тұлғаларын кеңес заманы тұсындағы даттау мен қаралаудан аршып алып, елдің тұтқасы болған «батыр өрендері» ретінде қайта тануда. Солардың бірі – Ресей үшін, дұрысы патшалық Ресей үшін үлкен тұлға ретінде танылған қолбасшы, генерал Лавр Корнилов. «Егер де ол жеңіске жеткенде, Ресей басқа жолмен жүрер еді. Онда Азамат соғысы да, миллиондардың басын жұтқан қызыл терор да, ақ сүйек болып қырылып қалған аштық та болмас па еді? Корнилов Ресейге басқа тағдыр, басқа жол сыйлар еді, бірақ…» деседі бүгінгі тарихшылар. Сонда мемлекет доңғалағын өзге арнаға бұрып жіберетіндей Корнилов кім еді? Тарих тереңіне үңілер болсақ, Ресей үшін өтпелі кезең болып танылған өткен ғасырдың басында, яғни 1916-1917 жылдары мемлекет тізгінін ұстаған Корнилов қазақ топырағынан жаралған жан екенін айтпай кетуге болмас. Оның тек қазақ топырағында туғаны ғана емес, тамырында қазақтың қаны тулап жатқанын айта кеткен жөн. Жатыры мықты қазақ қызы ғана үлкен дарын иесін, әскери қолбасыны дүниеге әкеле алса керек-ті. Әңгімеміздің әлқисасында оның ұшқан жері жөнінде азды-көпті тоқтала кеткен дұрыс шығар. Корнилов 1870 жылы тамыздың 18 жұлдызы күні Бүгінгі Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Өскеменде орыс-казак отбасында дүниеге келген. Шешесі – қазақ қызы. Бұл – ащы шындық. Корниловтың суретіне қарап-ақ, оның таза қазақы келбетін көруге болады.

Демек, анасының қаны мықты болғанын осыдан-ақ байқауға болатындай. Бір ғана мысал келтірейік, Кеңес елінің маршалы Б.М.Шапошников 1903 жылы Ташкентте 1 Түркістан атқыштар батальонде қызмет еткен. Сол кез жайлы өзінің мемуарында жазған ол, Корнилов жөнінде де айта кеткен: «Мен атақты генерал Лавр Корниловтың інісі Петр Корниловпен бірге болдым. Інісінің айтуынша, олардың әке-шешесі Батыс Сібірде тұрған. Әкесі орыс, шешесі қарапайым қазақ қызы» деп жазады. Осының өзі-ақ таптырмас айғақ екені анық. Лавр кішкене кезінен-ақ талапты болып өскен. Әкесінің Қытайға жақын орналасқан Зайсан қаласындағы әскери гарнизонда тілмаш болып қызмет етуі, бала Лаврдың әскери болуға деген арманын оятты. Өсе келе ол, Омск шаһарындағы Сібір Кадет корпусына түсті. Оның әскери өсу жолы осы жерден басталды деуге болады. Генерал шенін алып, Уақытша Үкіметтің бас қолбасшылық дәрежесіне жеткенге дейінгі кезең ішінде ол қанша бұралаңы көп жолдан өтті. Бірақ аласа бойлы болса да шақар болып өскен Лавр өз дегеніне жеткен. Сібір Кадет корпусын жақсы бітірген ол, сол кезде өте «модный» саналатын Петербургтегі Михайловский атындағы артиллериялық училишеге түскен. Әкесі қаржылай көмек бере алмаған соң, дарынды жас офицер матемаикадан дәріс беріп, зоогеграфия жөнінде мақалалар жаза бастады. Мұның өзі оған ақша мәселесін шешуге үлкен көмек болған. 1892 жылы ол оқу орнын бітіріп, подпоручик деген шен алды. Өзге аймақты таңдамай, өзінің байырғы отаны болып саналатын Түркістан әскери округін таңдады. Ол шығыс тілін, соның ішінде қазақ тілін жақсы білетін еді. Мұның өзі оған көмек болды. Тіпті оның қазақы, яғни азаиаттық кескіні де қажетке жарады. Ақ адамдар баруға болмайтын жау тылында ол қарапайым түркіменше киініп, парсы, ауған жерлеріне барды. Тыңшылық әрекеттер жасады. Дегенмен, дарынды офицер мұнымен шектеліп қалмағаны белгілі. 1895 жылы Бас Штаб Академиясына түсті. Осында жүріп үйлі-баранды болды. Оны бітірісімен Петербургта қалудың орнына, тағы да Түркістан әскери окуругіне сұранды. Осында қызмет ете жүріп ол, Ауғанстан, Парсы және Шығыс Түркістан (Қашқария) жерлеріне қарапайым жергілікті тұрғын ретінде сапарлар жасады. Осы сапар барысының нәтижесінде «Қашқария немесе Шығыс Түркістан» деген географиялық, этнографиялық, әскери және геосаяси мәні үлкен кітап жазды. Бұл кітап оған үлкен табыс әкелді. Өйткені бұл кітапта келтірілген фактілер Орта Азияны отарлауды қолға алған Ресей үшін таптырмас құнды деректер еді.

Оның Шығыс Түркістанға жасаған экспедициясы атаусыз қалмады, Қасиетті Станислав орденіне ұсынылды. Корнилов бірнеше тілді жетік білді. Атап айтар болсақ, француз, ағылшын, парсы, қазақ және урду тілі. Сол себепті ол 1903-1904 жылдары «халықтардың дәстүр және тілдерін зерттеу үшін» деген сылтаумен Үндістанға сапар шекті. Ондағы мақсат осы елді отар ретінде ұстап отырған Англияның аймақтағы әскери қауқарын біліп қайту еді. Шындығы керек, бұл сапарлар Корниловтың барлаушылық және зерттеушілік қасиетін ашты. 1904 жылы подполковник шенін алған Корнилов Петербургке шақырылып алынды. Артынша Қиыр Шығыста жүріп жатқан орыс-жапон соғысына аттанды. Осы соғыста ол дарынды қолбасшы екенін таныта білді. 1909-1911 жылдары арнайы тапсырмамен Қытайға келген ол, осы ел жайлы кітап жазам деп қытай тілін үйрене жүріп, тыңшылық қызмет атқарды. Оның жіберген деректері Ресейге өте қажет еді. Ал 1914 жылы басталған Бірінші Дүниежүзілік соғысы кезінде Корнилов №48, кейінен ерен ерліктері һәм жанқиярлық әрекеттерімен «Құрыш» деп аталып кеткен дивизияның қолбасшысы болып тағайындалды. Бірақ 1915 жылы Карпат тауындағы болған қанды қырғында қатты жараланған ол, австриялықтардың қолына тұтқынға түсті. Екі мәрте қашып шыққанмен жолы болмады. Үшінші мәрте тұтқыннан қашып, он бес күн жаяу-жалпылап, жол жүріп, арып-аршып өз әскеріне қосылды. Осы ерлігін жоғары бағалаған Николай – II патша 3-ші дәрежелі Қасиетті Георгий орденімен марапаттады. Жалпы, Корниловтың Петербург әскери округына қолбасшы етіп тағайындау Николай II император тұсында шешіліп қойған. Бірақ арадағы тарихи оқиғалар бөгет болып, ол тек 1917 жылы наурыздың 2 күні Уақытша Үкімет басшысы Керенскийдің нұсқауымен әлгі орынға келді. Қолбасшы ретінде алғашқы ісін ол патшайым мен оның отбасын тұтқынға алу жөніндегі жарлықпен бастады. Шілде айында Корнилов Уақытша Үкіметтің Бас қолбасшысы болып тағайындалды. Ол орынға отыра салысымен Корнилов күйреп қалған Ресейді қалпына келтіруге тырысты. Оның айтқандарымен Керенскийдің өзі санаса бастады. Ол елде әскери диктатура орната отырып, анархиядан құтылуды, бірінші Дүниежүзілік соғыстан қалжыраған Ресейді қалпына келтіруді, жалпы орыс халқын күйреуден сақтап қалу үшін барын салатынын байқатты. Оның жолдарын көрсетті. Сондай-ақ, Ресейде бір армия емес, үш армия болу керек деп шешті. Сонымен бірге олардың атқаратын қызметтерін айқындап берді. Елдегі большевиктердің мекендерін талқандау һәм басшы топтарын, көсемдерін қамауға алу жоспарын жасады. Бұл жөнінде Керенскийге хабарлады. Ол келісім берді. Жоспар сол жылы 27 тамызда жүзеге асырылатын болды. (Егер де Корниловтың жоспары жүзеге асқанда Ресейде қазан төңкерісі болмас еді). Әрине, Корниловтың айтқаны болатын болса, Керенский өз билігінен айрылып қалатынын, Ресейдегі билікті Корнилов қолға алатынын білді. Содан ба, сөз жүзінде келіскенімен, бәрін керісінше жасауға ұмтылды. Ақыры «Корнилов төңкеріс жасамақ болды» деген сылтаумен оны бас қолбасшылық қызметтен айырды. Өзі тұтқынға алынды. Корнилов қамаудан қазан төңкерісі кезінде қашып шығып, Донға келді. Сол жерде Еріктілер армиясын құрды. Бірақ Екатеринодар қаласында қаза тапты. Кездейсоқ па, әлде қызылдар әдейілеп атты ма, ол тұрған штабқа зеңбірек оғы дөп тиді. Бір таңқаларлық жайт, тек генерал Корнилов қана қаза тапты. Оның өлі денесін тауып алған қызылдар аяусыз кескіледі, кейіннен өртеп жіберді. Міне, қазақ топырағында дүниеге келіп, бойында қазақы қан тулаған Корнилов Ресей билігін қолға алам деген жолда осылай опат болған. Бұл – оның жүріп өткен өмір жолы. Бүгінгі тарихшылар һәм оның өмірін зерттеушілер «Егер де Керенский оған сатқындық жасамағанда, Корнилов билікті қолға алса, Ресейге байланысты тарих доңғалағы басқаша доңғалар ма еді? Онда бүгінгі әлсіз Ресей емес, әлемге айбат танытқан Ұлы орыс мемлекеті салтанат құрар ма еді? Корнилов орыс елін құтқаруға тырысты. Сол жолда құрбан болды» деседі. Бұған біздің еш қосарымыз жоқ. Тек Корниловтың шешесі қазақ екенін, тағы бір еске салып қою ғана.

 

Алдыңғы жазбаҚайыртай, Рүстемің қалай өскен!
Келесі жазбаЖасын Ғұмыр…