Кезінде Кеңес Үкіметін құруға ат салысқан қызыл сұңқарлардың бірі Сәкен Сейфуллиннің былтыр 130 жылдығы аталып өтті. Сәкен өте күрделі тұлға. Аумалы –төкпелі заманда өмір сүрді. Бүгінде біреулер оны «Қызыл комиссар болды. Большевизмнің туын көтерді. Алаш арыстарына қарсы тұрды. Алашорда идеясын жақтағандардың біразы Сәкеннің кесірінен ұсталып кетті» деседі. Мүмкін. Жоққа шығаруға болмайды.
Өйткені Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» шығармасы 1916-1919 жылдардағы қазақ жерінде болған оқиғаларға арналғанымен, шығраманың өзегінде ақпен қызылдың айқасы жатыр. Ол тарихи романда алаш арыстарының аттары аталады. НКВД сол кітапты көзір ғып ұстап, алаш арыстарын қамаған, атқан дегенде әңгіме бар. «Жел соқпасы шөптің басы қимылдамайды» демекші, бәрі мүмкін. Алайда Сәкен ол кітапты біреуді ұстап берейін деп жазбағаны мәлім. Онда қанқұйлы Кольчактың «азап вагонында» қалай қиналғаны, сол кездегі оқиға суреттелмей ме? Әлбетте, бұл жеке әңгіменің тақырыбы. Сәкен алаш арыстарының қатарынан табылмағанымен қызыл комиссар бола жүріп-ақ, иісі алаш баласының қамын ойлаған өрелі тұлға. «Қырғыз» деп аталып келген алаш ұлына «қазақ» деген атты қайырып бергенде осы Сәкен. Ақын-жазушылығы өз алдына, ең бастысы ол – мемлекет қайраткері, Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы (1920–1925) (Премьер-Министр) болған, Қазақ әдебиетімен, Қазақстан жазушылар одағының негізін қалаушы. Айтқым келгені, Сәкен Сейфуллиннің өмірбаяны емес, тілге тиек етіп жатқаным, соңғы жылдары елімізде алаш арыстарының қиылы тағдырын суреттеген біраз телехикаялар түсірілді. Ұлт үшін, ұрпақ үшін өте керек дүниелер. Бүгінгі ұрпақ кешегі өткен ата-бабаларының өмірінен мағұлмат алды. Мемлекеттің қалай құрылғанын білді. Бұл өте салауатты іс. Осы орайда, Сәкеннің өмір неге экрандамасқа. Сәкеннің өте көрікті, сал-сері болғандығы көп айтылады. Тіпті оның баянсыз махаббаттарыда (Тұрсынбек Кәкішев «Сәкен аялаған арулар») талай жазылды. Сәкеннің азап вагонындағы өмірі, сүйген арулары, сол сұлуларға арналған әндері, мемлекеттік қызметі, ақыр-аяғы 1938 жылы қалай атылып кеткендігін араластыра отырып, неге көркем фильм түсірмеске. Қазір қайдағы бір жын-жыпыр, сайқымазақ кинолар түсірілуде. Ұлт үшін көк тиындық құны жоқ дүниелер. Ал, ұлы тұлға Сәкеннің өмір кино ға айналып жатса, ол тарих үшінде, ұлт үшінде аса бір салауатты тірлік, мәңгілік дүние болмақ. Біздікі ұсыныс, қабылдау әркімнің өз еркінде.