Home Жаңалықтар ӨЗБЕКТЕР – ӨСЕТІН ЕЛ

ӨЗБЕКТЕР – ӨСЕТІН ЕЛ

56

Кез келген елді құрдымнан экономикасы емес, әуелгі кезекте руханияты құтқарады. Экономика бірде көтеріледі, бірде құлдырайды. Алайда, экономикасы көтерілген елдің бәрі аспанға ұшып кетпейді, экономикасы құлдыраған елдің бәрі тып-типыл болып жер бетінен жойылып кетпейді. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ, Еуропада тақиясын жамап отырған ел кем, бірақ… кешіріңіз, еркегі мен еркегі, қатыны мен қатыны некелесіп отырған жұрттан өз басым болашақ көрмеймін. Анау араб елдері нанға мұнай жағып жеп отыр, бірақ әлемдегі ең берекесі қашқан ел бүгінде солар! Ал, береке руханияты қашқан елден қашады. Баласының түсіне талқан кіретін солтүстіккореялықтар қай мықтының алдында да тізесін бүгер емес. Тізесін бүкпейтіні – рухы мықты. Алып Ресей санкция дейтін ғимараттың ішінде отыр. Бірақ өз басым әртүрлі пиғылдағы саясаткерлері болмаса, санкцияны уайымдап жүрген қарапайым орыс көрмедім. Сіз мойындаңыз, мойындамаңыз, бізді орысқұл деп сөгіңіз, сөкпеңіз, таңдау өзіңізде, бірақ, орыстың да рухы мықты ел, руханияты бар ел. Әйтпесе, сонша санкцияның ішінде отырып…

Дегенмен, дәл осы руханият дейтін мәселеде қазақтың алдына түсер жұрт жоқ еді. Осынша территорияны ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған деп жүрміз ғой. Келісемін. Дәл солай! Алайда, осы жерге «руханиятының сұсымен» деген бір сөз жетпей тұрғандай көрінеді. Қазақ бұл жерді ұрпағына найзаның ұшымен, білектің күшімен, руханиятының мықтылығымен аман қалдырды. Тұрақты әскер ұстамаған, полиция, түрме дегеннің не екенін білмеген, қаншама әйел алып, әр әйелі ондап бала туса да миллиардыңыз, жүз миллионыңыз не, отыз миллионға жетіп көрмеген бабаларымыз осынша алып территорияны қалай аман сақтап қалды? Жауап біреу-ақ, ол кезде бар қазақ бір қазақ болып өмір сүре алды. «Бөлінгенді бөрі жейтінін», «күштің – бірлікте» екенін ата қазақ жақсы ұқты. Жақсы ұғатыны – руханияттың мықтылығында жатыр! Ал, руханият – ұлттың фольклорында! Бүгінгі қазақ осыны жақсы ұққан күні өзінің тамырына қайта оралған болар еді. Өзінің тамырына оралған күні бүгінгі тоқсан түрлі «діннен» бас тартып, Құдайдың хақ жолына адаспай түсер еді! Өзінің тамырына оралған күні жүрегі мен жүйкесін буып тұрған трайбализм деген кеселден құлан-таза айығып, Сәрсенбай Бейсенбаймен, Бейсенбай Жұмабаймен бір бауыр, бір жүрек болып кетер еді. Өзінің руханиятын тапқан күні кісінің ала жібін аттауды өлім көріп, сыбайлас жемқорлыққа салынбас еді.
Міне, бізге руханият не үшін керек? Міне, бізге фольклорымызды – батырлар жырын, лиро-эпостық жырларды, кешегі жыршы-жыраулардан қалған дастан-толғауларды білу не үшін керек?
Жауап жалғыз – елдігіңді сақтау үшін керек! Ел болғың келе ме? Онда тамырыңа үңіл!
«Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясы ұжымының «Жақсылар, дастан айтайын…» деп, сонау Астанадағы @Бақытжан Тұрлыбектің «Тұлпар мініп, ту алған!» деп мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан байқау өткізіп жүргендегі мақсаттары осы-ақ! Бұл жерде ешқандай коммерциялық мүдде жоқ! Ұлттық мүдде ғана бар! Baqytjan Turlybek Бақытжан Тұрлыбекті де, «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясы ұжымын да мемлекет қолдап кетуі керек еді. Өкініштісі, ондай пиғыл байқалмайды. Ақ жағалы ағалардың дәл қазір өз ойлағандары бар секілді. Сенің оларға «ұлт» деп, «руханият» деп айтқан әңгімең тек күлкі тудырады.
Ұлт тағдырына мемлекеттік тұрғыдан қарау мәселесіне келгенде көрші өзбек ағайындар бізден оқ бойы озық. Бет алды қыржия бергеннен бір нәрсе шыға ма, дұрыс нәрсені дұрыс деп мойындайық та.
Дәл осы күндері Өзбекстанның Термез қаласында бахшылардың халықаралық фестивалі өтіп жатыр. Бахшы деп отырғаны- бізше айтқанда жыршы. Бұл фестивальға 74 (!) мемлекеттен 160-тан аса жыршы қатынасуда. Термез – Сурхандария облысының орталығы. Ал, Сурхандария – қалың қоңыраттың қыстаған жері. Өзбек ағайындар «Алпамыс батыр қоңырат қой» деп отырған жоқ, өзбек деп отыр. Сөз сыңайларына қарағанда Сурхандарияны өзбек руханиятының орталығы етпекші! Фестивальдің ашылуына Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің өзі қатысып, сағатқа жуық баяндама жасады. Айтқандай, халықаралық фестиваль өткізу идеясының өзі Мирзиеевтің идеясы көрінеді. Мирзиеев не деді дейсіз бе? «Мұндай өте сирек кездесетін өнер ерекше қорғауды қажет етеді, фестивальді біз сондықтан өткізіп отырмыз» дейді.
Маған сенбегендер ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлынан сұрап алса болады, Мирзиеев баяндама жасаған Термездегі жиында Қазақстан атынан Арекең отырды.
Ал, біз өзіміз өткізген байқауға еш болмаса облыс басшылары қатысса деп армандаймыз. Бізде облыс әкімін айтасыз, облыс әкімінің бірде бір орынбасары қатысқан емес. Өтініп шақырсақ та. Жалынып шақырсақ та. Қатысқаны «облыста дәл осындай 600 іс-шара өтті» деп ішіңнен бір ыңқ еткізіп кетеді. Тіпті «ол не, ертегі ме?» деп жігеріңді құм қылған ақ жағалы ағамыз да бар. Несін айта берейік… Қайсыбірін айта берейік…
Дәл қазір атқамінерлерге қарап тұрған экономика жоқ. Өлмеу үшін, көштен қалмау үшін әркім өз тіршілігін өзі қылады. Қазір атқамінерлерге руханият қарап тұр. Руханият әлсірегеннен кейін ғой туған баламызды өкіметке міндет қылып жүргеніміз. Әйтпесе о заман да бұ заман, туған баласын «мынаны өсіріп бер» деп біреуге міндет артқан қай қазақты көрдіңіз. Руханият әлсіреп еді, баласының бойына бесік жырымен руханият егуге тиіс аналар әкімдіктерге лап қойды.
Сіздерге енді түсіндіре алдым ба, ақ жағалы ағалар?…
Расында да өзбектер өсетін ел!

Алдыңғы жазбаҚазақстанда АЭС салмаудың бірнеше себебі
Келесі жазба1 маусымнан бастап жалақысы төмен ақ халаттылардың еңбекақысы 30 пайызға өседі