Тамыз-қыркүйек айында қазақ теңгесі мен орыстың рублі қырғыз сомы алдында ең алғаш рет оңбай сүрінді. Валюта нарығында Ресей мен Қазақстанның ұлттық валютасы бәрінен қатты зардап шеккенін қазақстандық сарапшылар айтып жатыр. Себебі дайындық жайы мәз болмаған. Беларусьте валюталық құбылмалылық 2011 жылдың наурызында байқалды. Сол жылы наурыздың 24 күні Ұлттық банкі беларусь рублін 56 пайызға құнсыздандырды.Ал 2016 жылы 1 шілдеде беларусь рублі бірден төрт нөлінен айрылды. Сол себепті бұл жолғы сыр берген жоқ.
Қаржыгер Бейсенбек Зиябеков бізбен әңгімесінде деноминалданған белорусь рублінің ЕАЭО-ға серіктес елдердің валютасынан күштірек шыққанын айтты. «Беларусь Ұлттық банкінің ресми бағамы бойынша, алғашқы күні 1 доллар 1,98 беларусь рубліне тең болса, тамыздың 31-і күні бағам 2,07 пайызға дейін қымбаттады. Армян драмына қатысты бағам – 1 тамыз күні 1 доллар 481,01 драм болса, қыркүйектің аяғында 484,94 драмға жетті», – дейді Бейсенбек Зиябеков.
Сарапшылар тамыз-қыркүйек айындағы теңге мен рубль тербелесін қолдан ұйымдастырылуы мүмкін деген болжамды жоққа шығармайды. Қыркүйек айының 25 күні Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Андрей Бельянинов rosbalt.ru тілшісіне ЕАЭО-қа мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымының 75 пайызы Ресей үлесінде екенін айтып, қаржы нарығындағы заңнамаларды біріктірудің өзектілігін тағы да еске салды. «Бұл ешбір елдің қызғанышын тудырмауы керек. Ресей рублінің позициясы 75 пайыз, ал АҚШ долларының үлесі 15-20 пайыздың төңірегінде», – дейді Еуразиялық даму банктің басқарма төрағасы.
Ресейлік экономист Олег Буклемишов болса ЕАЭО-да ортақ валюта міндетін Ресей рублі атқара алатынына сенімді екенін айтты. Оның айтуынша, одаққа мүше елдер арасындағы сауда айналымында рубльдің үлесі өскен.« ЕАЭО елдері үшін бірыңғай валюта туралы айту өте ерте, өйткені барлық елдер ұлттық валютаны өзгертуге келісім бермейді», – дейді Олег Буклемишов.
ЕАЭО кеңістігінде ортақ валютаны жақтаушылар Арменияның астанасы Ереванда өткен экономикалық кеңестің қортындысынан көп үміт күткенмен, оның қортындысы аз ғана топқа алдын-ала белгілі болғанға ұқсайды. Себебі екі ай бойы ресейлік сарапшылар қаржы нарығы тақырыбында тым белсенді болып кетті. Ереванда өткен ЕАЭО жиыны қаржы нарығын біріктіру туралы келісімге қол қойып, бұл тақырыпқа нүкте қойды. «Бұл жиында біздің ел қандай бағыт ұстанды» деген сұраққа жауап іздеп, ресейлік ақпарат көздерін сүзіп шықтық. Жауап – тым ресми! Ортақ валюта тақырыбы көтерілсе, аттандап шыға келетін отандық блогерлер де тым-тырыс. Ал үкіметтің экономикалық блогы жиын барысы жайлы жиын да өткізген жоқ, көзқарасын да білдірмеді.
Қолданыстағы заңдарды біріктіру ЕАЭО нарығы үшін қажет екенін ешкім жоққа шығара алмайды.Ұлттық валютасымен есеп айырысуға мүмкіндіктің енді туды. Қырғыздармен есеп айрысқанда біз теңгені, қырғыздар сомды қолдануға болады. Бірақ ол үшін ортақ валюта емес, своп жайлы көп жақты келісімге қол қою керек.
«Енді уақыт ұттырмай Ресейдің Орталық Банкімен үлкен валюталық своп туралы уағдаласу керек. Ресей мен Қытай өзара есеп айырысуда доллар көп пайдаланбайды және рубль-юань көбірек пайдаланылады, – дейді Ілияс Исаев.
Сарапшылар қаржы нарығындағы заңдарды біріктіру (унификациялау) ортақ валюта тақырыбын жеделдетеді деген қауіптің төбесі көрініп тұрғанын айтып жатыр. Мұндай жағдайда, сөз жоқ, ортақ нарықтағы үлесі мол елдің көзқарасы үстем болады. Бірнеше жылдан кейін не болатынын дәл қазір болжау мүмкін емес.
Ұлттық банктің алғашқы төрағасы Ғалым Байназаров қаржы секторындағы барлық интеграциялық процестерді ЕАЭО-тың ортақ валютасын құруға бағытталған қадам деп таниды екен. Себебі ортақ валютаны жақтайындар Кеңес үкіметі кезіндегі Варшава шарты елдерінің клирингтік рублі жеке бағамға және жеке қамтамасыз етуге болады деген ұстанымды алға тартады екен. «Қазір ол мүмкін емес. Варшава шарты бойынша қашанға дейін еске ала беруге болады. Мұндай жағдайда біз экономика тұрғысынан өзіміздің экономикалық егемендігіміздің қандай да бір бөлігімен қоштасуға тиіспіз, – дейді Ғалым Байназаров.
Биыл ЕАЭО елдерінің қаржы нарығының мылтықсыз майданды бастан өткеретіні наурыз айында белгілі болып қалған еді. 2018 жылы мамыр айында Петербургте өткен халықаралық форум кезінде РФ Президенті Владимир Путиннің кеңесшісі Сергей Глазьев ЕАЭО кеңістігінде цифрлы ақшаны қолдануға енгізу туралы пікірін тосыннан айтқанын ұмытқан жоқпыз. Кеңесшінің пайымдауынша, экономиканы цифрландыру ЕАЭО елдерінің бәрінде басталды. Ортақ валюта нарығы экономиканы цифрландыруды жылдамдатудың басты факторына айналады. Ендігі жерде қарсылық танытудың өзі артық екен.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов ЕАЭО-ға қатысушы елдердің бірыңғай қаржы нарығына нақты біріктіру мүмкіндігіне күмәнмен қарайды екен. Ортақ нарықты қалыптастырса, онда заңнаманы стандарттап, қаржы институттары бойынша нормативтік талаптарды теңестіру қажет. Нарықты реттеу жөніндегі Бірыңғай орган құрылуы тиіс Бұл процесс өте күрделі. ЕАЭО мүшелері Армения мен Ресейдің немесе Қазақстан мен Қырғызстанның экономикасы мен қаржы нарығын бір-бірімен салыстыру мүмкін емес. Кішкентай елдердегі «алпауыт елдердің қысымына төтеп бере алмаймыз» деген қауіп бүгін де болған, ертең де бола береді.
Рауан Ілиясов