Home Жаңалықтар Ұлттар лигасындағы ұқыпсыздық

Ұлттар лигасындағы ұқыпсыздық

47

Іске ұқыппен қарауды үйренбеген сала болса, ол – елдегі футбол шаруашлығы. УЕФА тізгінін ұстай қалған тұста кезіндегі даңқты ойыншы Мишель Платини аяқдобы артқа шегінген елдерге үлкен қамқор бола білді. Мысалы, «Астананың» жыл сайын Еуропа кубоктарын жылда сарапқа салып жүргені француз жігітінің еңбегінің жемісі. Өз елдерінде чемпион атанғандарды іріктеуден бөлек өткізіп, азуын айға білегендерден аулақ ұстауы біздің командаға майдай жақты, Еуропа біріншілігіне қатысудан үмітін ерте үзетіндердің бірін құрлық чемпионатына қосу әрекетінін туған әлгі Платинидің кезекті бастамасына Қазақстан ұқыпсыз қарады. Айтайық деген әңгімеміз осы еді.

Қазақстан «Д» тобында доп тебетіні ежелден белгілі еді. Қарсыластарымыз да осал болатын. «Даугаваның» кезінде де өндіріп футбол ойнамайтын латыштар, матчқа салатын әуесқойларын негізгі жұмыстарынан әрең сұрап алатын Андорраны Қазақстан сол аяқпен де ұта салатын дәрежеде ғой. Рас, Грузия терезесі тең өнер көрсете алатын. Бірақ, олардың футболы да соңғы кезде сұйылып кетті. Қазақ елі бапкердің тәуірі саналатын болгар Станимир Стоиловқа тізгін ұстатты. Бір кезде, «Қазақстан аяқдобын легионерлер өркендетеді», – деп ұран көтерген Стоилов сол қақпанды өзі басатынын ол кезде білді дейсіз бе.

Көктемгі жолдастық кездесулерде бірсыдырғы тәуір нәтиже көрсеткен бапкердің ісіне біздің жанкүйерлер де мәз болысты, Бірақ Ұлттар лигасы басталған сәтте Станимир мырза опық жеді. Шәкірттері «Астана -арена» төрінде Грузиядан ұтылып. Одан кейін де біздің ойыншылар «оянған» жоқ. Андоррамен тең түсіп, Грузияның шоқтығын биіктетіп берді. Латвиямен сырт алаңда ұпай бөлісіп, плей-офф бәсекелеріне әлі «шикі» екенін танытты.  Өткен түнде Тблисиде тағы сүрінді, сүрінгенде сүреңсіз ойынымен алаң иелеріне төтеп бере алмады. Екі гол жібергеннен кейін Оралхан Өміртаев мергендік танытты. Оған дейін Георгий Меребашвили мен Георгий Чакветадзе бір-бір допты өз еншілеріне жазған. Ойын туралы тіс жарудың маңызы аз. Қазақстан бірінші таймда қорғаныста жамбастап жатты.

Грузиндер сәл дәлдік танытқанда есептің қай тұста көрініс берерін кім білсін. Олар да Владимир Вайсс тәрбиесін енді сіңіре бастады. Бізден ұзап кеткені шамалы. Бірақ, жеңіске деген жігері бар, ойынға деген ниеті байқалады. Ал, Қазақстан футболшылары өз ісіне салақ қарайтын әлдекімді еске салады. Әйтпесе олақ емес еді. Көбі «Астана» сапында ысылғандар. Ұқыпсыздық. Біздің түсінікте кежегіне кері тартатын сол. Футболға да ұқыппен қарамаймыз. Талантты танудан қалып барамыз. Оң, солымызды білуде қашан анықталамыз?

Амангелді  Сейітханов

 

Алдыңғы жазбаҚыз бен қызғалдақ (фото)
Келесі жазбаОртақ валюта тығырықтан шығара ма?