Home Руханият Өзағаңды өз тұғырына қондыру керек!

Өзағаңды өз тұғырына қондыру керек!

41
Соңғы кезде осы фейсбукке кіргенде Өзбекәлі Жәнібеков туралы жазбаларды жиі көзім шалып қалып жүргенді.
Одан соң есімі бүгінде ұмытыла бастаған Өзағаңның тарихын биліктің өзі ұйытқы боп қайта көтеріп жүр ме, бұл не құбылыс, қайдан шықты деп аң – таң боп жүрген едім.
Сөйтсем бұл дауылдың ұйытқысы Шәнжархан көкемнің өзі екен, оны кейін аңғарып отырмын.
Мың болғыр Шәнжархан көкем алдымен Өзағаң туралы кітабын жазған, енді өзі сол кісінің есімін насихаттауға көшкенге ұқсайды. Оны ютубты шарлап түрлі подкасттарды шолып шыққаннан кейін түсініп отырмын.
Мен Шәнжархан ағатайымның бұл тірлігіне әбден разы болдым.
Өзағаңның есімін ұмыттырмау үшін өскелең ұрпақтың арасынан осындай ойы жүйрік, сөзге шешен бір мұзжарғыш жетіспей тұрған еді, сондай кісі бүгін табылғандай. Жорытқанда жолың болсын Шәнжархан көке.
Жалпы, Өзбекәлі атамыздың тарихын жыр ету — совет заманындағы қызыл түске боялған күл – қоқыстың астынан жақұтты тауып, оның көзін ашумен тең нәрсе.
50- 60 жылдары тың игеру деген сылтаумен Қазақ ССР – не сырттан келгіш кірмелер қаптап қазақ халқы тұншығып, оның руһаниятына ауыр соққылар жасалған тұста қазақшылық, ұлт мүддесі үшін майданға шыққан ерлердің бірегейі осы Өзағаң еді.
Ол кезде Қонаевтың сырттан келген сансыз тамырларын қарсы алып оларға бәйек болудан қолы тимей жүрді. Оның қазақшылығы әр қазақ қалаларына бір – бір школ – интернат ашудан аспады.
Назарбаев «Теміртаудың пешін үлкейтейік пе әлде кішірейтейік» деген нәрсемен ғана басын қатырған беті күйелеш адам еді.
Сондай қазақ өз ділімен тілінен жиреніп, қазақшылық құрыған заманда осы Өзағаңды сол кезде бізге бір құдай айдап әкелген тәрізді.
Өзағаң «қазақ —. ұлы тарихы бар халық» деп өз қолымен жәдігерлер жинап мұражайлар ашты.
Жарықтық, барған ауылынан ескі қазан көрсе соны қолқалап сұрап алып музейлеріне алып кететін көрінеді.
Шапандарына оюларын айшықтап қазақы киімдерін де тіктірді. Соны әлі бүгін киіп жүрміз.
«Қазақ биші халық болған» деп би ансамбльдерін құрды. Ол қазақтан биші халық жасады. Біздің бүгінде мың бұралып билейтін биші қыздар институтының негізін сол кезде қалады.
«Қазақтың осындай мерекесі болған» деп наурыз мейрамын да халыққа қайтарған осы кісі.
Қысқасы, мен бұл жерде Өзағаңның ұлтына жасаған жақсылығын санамалап тауыса алмаспын. Ол кісінің халқына сіңірген еңбегі ұшан – теңіз. Өте көп.
Менің осы фейсбук достығымда ақын – жазушылар көп, сол кісілердің өздері Өзағаңның шапағатын айтқанда бір таңнан екінші таңды атырады.
Ол кезде қарапайым мәдениет министірінің орынбасары боп жүріп те ұлт игілігі үшін біраз шаруа атқаруға болады екен. Өзағаңның өткен өмірі соны дәлелдеп берді.
Өзағаң іс жүзінде қазақ мәдениетін ескі тонынан алып шығып 20 ғасырда оған шапан қамзолын кигізіп, әрлеп, жаңғыртып соны жаңа заманға бейімдеген адам.
Құдайшылығын айтсақ, сол сұмдық іскер, басы толған сансыз идея, советтік қазақстанның мәдениет министірінің орынбасарының ұлтты жаңғыртуда жасаған істерін кейін Тәуелсіз Қазақстанның министрлері жасай алмай, амалсыз сол маңды шиырлаудан аспай қойды.
Сөйте жүре тіпті әнебір Арыстанбек Мұқамедиұлы дегеннің басы қисайып «өлгенде сүйегімнің ұлттық пантеонда жатқанын қалаймын» деген сұқбатын көргенде лоқсып құсып жіберген едім. Бұл енді Назарбаевтың кезіндегі мәдени саладағы деградацияның айқын көрінісі шығар.
Мен осыдан төрт – бес жыл бұрын «Өзбекәлі Жәнібековтің есімі халық қаһарманы деген атаққа лайық» деген жазба жазған едім.
Қазір ойланып қалдым, ол райымнан қайттым. Ол атақ бұл кісіге аздық етеді. Ол атақты ит екеш ит Белка мен Стрелка тәрізді қорапқа отырып ғарышқа ұшып келгендер де алды, одан басқасы да алды.
Ал Өзағаңның есімі одан да биік екен.
Меніңше, ол кісі — есімі Алаш арыстарының есімдерімен бірдей аталатын адам. Халықтың ол кісіге беретін атағы сондай болу керек сияқты.
Бәрін айт та бірін айт деген, Қазақ ССР інде сол алаш арыстарының есімдерінің ақталуына да себеп болған адам осы Өзбекәлі Жәнібеков.
Өзбекәлі Жәнібеков — бабамыз Әлиханның «ұлтқа қызмет ету мінезден» деген сөзін бұлжытпай орындаған қазақ қайраткері. Сол жолды жалғаған адам.
Енді, меніңше осы кісінің есімін халыққа таныту керек, насихаттау керек.
Дарынды режиссерларымыз ол кісі туралы фильмдер түсіру керек.
Неліктен оны насихаттауымыз керек?
Ертең қазақтың басына қандай күн түсерін кім білген.
Қазақтың осындай ең қысылтаяң қиямет кездерінде де ерлер туып, халқына адал қызмет ете беруді жалғастыра берген өмірін баяндап оны келешек ұрпаққа өнеге қылу үшін Өзағаңның есімін біз қазір өткеннен алып шығып қазіргі жастарға мотивация, стимул ретінде ұсынуымыз керек.
Жастар ойлансын, санасына түйсін, еліктесін, оған теңескісі келіп тыраштансын.
Ол фильмдердің бас консультанты да дайын, ол осы Шәнжархан көкем.
Ұзын сөздің қысқасы, Өзағаңды өз тұғырына қондыру керек ағайын.

Олжас  ӘБІЛДІҢ ФБ-дағы парақшасынан

Алдыңғы жазба«Аманаттың» бізге жол бергісі жоқ!
Келесі жазбаБАҚ ӘКЕЛШІ БІЗГЕ, БАҚШЫ!