Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым тап шыным! – депті Абай атақты «Сегізаяғында». Демек, Абай заманында бақсының моласындай жалғыз қалу түсінігі нық орнығып болған. Сол себепті де Абай оны өлеңіне қолданған. Осы тіркес Абай заманында нық орнығып болса, оның орнықпаған немесе енді орныға бастаған кезі де болған ғой. Ол қай кез? Нендей оқиғаларға байланысты?
Бақсы деген кім өзі?
Шоқан Уәлихановтың жазуынша, «Ұлы бақсылар барлық ауруларды жаза алады, қарынды тіліп ота жасайды, әйелдердің аман-есен босануына болысып, албастыларды рухымен сескендіреді, қуалайды, керемет ойындарымен өзінің рухын шақырып, бал ашады» екен. Егер бақсы деген Уәлиханов жазғандай нақ осындай жан болса, онда ол халық арасындағы ең жақсы адам болғаны ғой. Ең жақсы адам ғана емес, ең ерекше тұлға. Тылсымды игерген өнер иесі. Халық ондай жанның сөзін құрмет тұтып, соңынан ерген. Демек ол әрісі шамандық иланымның, берісі Тәңірлік сенімнің ұстыны. Оның тайпа өмірінде өте маңызды басқа да біз білмейтін қызметтері болуы мүмкін.
Философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім: «Қазақ үшін бақсы ұнамсыз адам, …қазақ екі адамды өлгенде ортақ зиратқа жерлемейді. Бірі – бақсы, бірі – өзіне-өзі қол жұмсаған адам» депті.
Уәлихановтың елдің есіндегісін теріп жазғанындай, бақсы халыққа керек ғажайып адам болса, ортақ қорымнан бөлектеп, моласын шошайтып неге жалғыз тастайды? Қазаққа не қып ұнамсыз болып қалды ол? Бұлай ету оны қорлау емес пе?
Менің ойымша, бақсыны шеттетіп, елге жеккөрінішті қылып тастаған ислам дінін таратуға келген жорықшы араптар. Олар жергілікті жұрттың өзге құндылықтарын тып-типыл етіп жоюмен бірге, бақсыларды да қудалап, шеттеткен. Оларды халықтан ажыратпаса, ислам дінін енгізу мүмкін емесін жақсы түсінген. Сондықтан да екі араға сына қағып, бақсыларды неғұрлым жеккөрінішті етуге тырысқан. Тірісінде күн бермеген. Өлген соң да аруағын қорлап, ортақ қорымға жолатпай, денесін аулаққа көміп (жерлеп емес) тастаған. Көміп тастау мен құрметтеп жерлеу (жерге бөлеу) екі басқа дүние.
Бұлай ету ғасырдан ғасырға ұласқан. Осылай талмай қаралаудың кесірінен бақсының шынайы жағымды бейнесі өзгеріске ұшырап, халық санасында ұнамсыз біреу болып бекіген.
Ислам діні орныға келе, бойында тылсым күші бар бақсылар да, амал жоқ, мұсылмандана бастайды. Бірақ бұл бақсылық қасиеттің әбден азып-тозып құруға айналған кезі. Қазір бақсы десе көзімізге алба-жұлба киініп алып, пері соққан жанша көзін алартып, аласұрған (ежелгі түркілерде «алас» от құдіреті деген түсінік), қалшылдап, дірілдеген үрейлі біреу елестейді. Бұның бәрі ислам дінін енгізуші араптардың пәлекетінен.
Жазушы Шыңғыс Айтматов «Құз басындағы аңшының зары» атты Мұқтар Шахановпен бірігіп жазған кітабында былай депті: «…Тарихшы Наршаһи «Бұқара тарихы» атты кітабында: «…Құтайба мешіттер орнатып, кәпірлік және отқа табынушылық рухтағы шығармаларды жойды» деп жазды.
Әмудария өзенін өрлей салынған үш жүзден астам қала мен елді мекенді арабтардың жермен-жексен еткенін, жергілікті халықтың тілі мен дінін, жазуын, әдет-ғұрпын түбегейлі жойып жіберуге күш салғанын Бируни ызаға булығып отырып еске алады…
…Сөйтіп ғұн, түрік, хорезм жазуын түп орнымен жойған араб басқыншылары келесі кезекте халықтың рухани мәдениетін, яғни салт-дәстүрін алмастыру, жер атауларын өзгерту, кісі есімдерін арабшалап қойғызу, Наурыз мерекесінің орнына құрбан айтты кіргізуге айрықша күш салған…» 265-266-беттер.
Арап жорықшыларының өздері исламға мойынсұндыруға келген елдегі ұлттық құндылықтарға деген көзқарасы осындай жаулық пиғылда болғанда, мақсаттарына жетер жолында зор кедергі боп кезіккен бақсыға қалай қарайтыны өзінен-өзі түсінікті.
Мұқағали ақын күнделігіне былай деп жазыпты. «Мен кейде өз бойымнан бақсының жыны секілді адуынды дүлей күшті көрем. Бұл қазақтың рух күші!»
Арқалы ақынға осылай деп айтқызған қандай құдірет десеңші!
«Бақсы» сөзін шағатай сөзі, моңғол сөзі, парсы сөзі деп жан-жаққа тартатындар бар. Тіпты санскрит сөзі дейтіндер де кездеседі. Орта ғасырларда бақсыны «қам» деп те атаған сияқты. Қазіргі тыба, алтай, хакас тілдерінде әлі күнге дейін «қам», «қамшы» дейтін көрінеді.
Мейлі кім қалай атаса да, маған «бақсы» сөзінің бастапқы мағынасы «бақшы», яғни елге бақ әкелетін, адамға бақ сыйлайтын жан сияқтанады да тұрады. Қырғыз тілінде дәл осылай, «бақшы» деп жазылып, солай айтылады. «Бақыт» деген сөз «бақ» және «құт» сөздерінің бірігіп, кіріккен жаңа мағынасы болса, «бақшы» да «бақ» пен «шы» жұрнағының қосылуы деуге болады. Анығын тілші ғаламдар біледі.
Ежелгі түркілерге бақ әкелетін, бақытты ететін осынау ғажайып жан сырттан өңмеңдеп келген жат наным-сенімнің сіңуіне зор кедергі, мықты тосқауыл болатыны айдан анық.
Сондықтан да Шыңғыс Айтматов дәл айтқандай араб басқыншылары бақсыны бүгінгі біз білетіндей жексұрын күйге жеткізген. Олардың сенімі миына орнығып қалған қазақтар «ислам бірінші, ұлт екінші» деп әлі күнге арамызда қақсап жүр емес пе?