Home Руханият Өксікпен өтекен балалық

Өксікпен өтекен балалық

383

Әкемнің жарық  дүниемен қоштасып, бақиға  аттанғанына   жеті  жыл  сегіз  ай  болыпты… Мәңгілік  ешкім  жоқ… Өмір  заңы  осы. Қарапайым  жан  еді, қоңырқай  тірлік  кешті. Ешкімге зияны жоқ, барға  шүкір  деп  отырушы  еді.

 

Сонау  бала  күнімде,  қолыма  қалам  алып  шимақтап өлең  жаза бастаған  кезде «Әке  сіздің   өміріңізге  арнап  кітап жазамын, (одан  бері  ширек  ғасырдан  астам  уақыт  өтіпті. Әкеме  берген уәдемді  әлі  орындай  алмай  келемін)  Қытайдағы  қазақтардың  (әкемде  1932  жылғы  аштық  кезінде  Қытайға  өтіп,  1962  жылы шекара  ашылғанда  атамекенге  қайта  оралған     қазақтардың  бірі  еді) өмірін   керемет  қылып   тасқа  түсірген  Қабдеш  аға Жұмаділовтен  кеммін бе?» деп  желпінетінмін. Әкем риза  болатын. Бәлкім,   менің  аудандық  газетке,  республикалық  балалар  басылымы «Қазақстан  пионеріне» (бүгінгі  «Ұлан» газеті) шығып  жүрген  өлеңдерімді  көріп, түбі  бірдеңе  жазатыныма  сенетін еді. Студент  жылдары  реті  келгенде әкемнен өткен  өмірі    жөнінде  сұрап,  қойын  дәптеріме айтқандарын    түртіп алып  отырушы едім. Өйткені «жастайымнан  жетім  қалдым.  Қытайда  бір  ұйғырдың  қозы-лағын  бағып,  диірменін  тартып  ержеттім»  деп отыратын.  Темекісін   құшырлана  сорып  отырып, «Сендер  бақттысыңдар  ғой.  Тоқшылық,  тыныштық. Баяғының  шалдары  «қой  үстіне  бозторғай  жұмыртқалаған заман»  деп  айтып  отыратын,  сондай  бір  шуақты  заманда  өмір  сүріп  жатырсыңдар»  деп әңгімесін   бастаушы еді. «Менде   балалық-шақ  болған  жоқ.  Бала  болып  ойнауды  да  білмей  өстім»  деп   сәл  кідіріп  қалатын. Бәлкім  есіне өксікпен  өткен бала күндері  түсіп кете  ме екен? Кемсеңдегендей  болатын. Бірақ  онысын  маған  білдірмеуге  тырысушы еді. «Мен  ес  білген  кез, исі  қазақтың  басына  зұлмат орнаған  тұспен  тура  келген. 1932  жылы  мен  алты  жаста  едім. Халық  ақ  сүйек  болып,   қырылып  жатты. Әкем  Ұлықбек   дәулетті  болғанынан  не  қайыр, 1928  жылы    жүрген  кәмпескіде «байдың  тұқымысыңдар»  деп  бар малды  тартып алған. Рас, аталарымыз өңірге  аты  шыққан  ауқатты байлардың  бірі  еді. Сонау  Жарма,  Шар, Аякөз  мына  жағы  Шұбартау, Қарауыл  маңайын  мекендеген Найманның  Сыбан  деп  аталатын бес болыс    елінің  білгілі  атқа мінерлері болған. Бірақ   малды  тартып  алып, колективтендіру  жүрген  кезде  қоңырқай  тірлігі  бар, көп  жанның  бірі  болып  қалғанбыз. Аштық  біздің  де  табалдырықтан  енді. Баяғы  ақ  ішіп,  май  асап  жүрген күндер  елес  болып  қалған. Жарма  деген   жерде тұратын едік. Темір  жолдың  бойы. Кішкентаймын  ғой. Көп ешнәрсені біле  бермеймін. Бірде  ауыл  опыр-топыр  болды. «Кетеміз.  Көшеміз»  дегенді   үлкендерден  естіп  жатырмын.   Үйде баладан екі  ұл, бір  қызбыз.  Кішісі  мен едім. Көшкен  жұртпен   мені  жетелеп әкем белгісіз жаққа кете  барды.  Артта   шешем, ағам  және әпкем  қалды.  Әкем  оларды темір  жолда  жұмыс істейтін  таныс   орыстың   үйіне  қалдырған.  Кейін  білдім  ғой, егерде  Қытайда  өмір  сүруге жағдай  болса,  кейін  көшіріп  әкетемін деп келісіп кетіпті.  Тарбағатай  тауының  етегін   бойлап  кетіп  барамыз. Аш-жалаңаш  жұртта  қай  қауқар  болсын, жол  бойы   құлап  түсіп,  өліп  жатқан  адамдар. Қорқынышты еді. Аштан  өлгендердің   бетін  ғана  жасырып,   көш  тоқтаусыз  жүре  берді.  Көбіне түнделетіп жол  тарттық.  «Күндіз  жүрсек  қауіпті» десіп  жататын  үлкендер. Әкемнің  атына  мінгесіп  алғанмын. Талай  отбасы   көшке  ілесе  алмай Тарбағатайдың сай-саласында қалып  қойды. Әлі  есімде,  бір  сайда түнемелікке  тоқтаған едік. Таң  алдында  болар,  айқай-шу  шықты.  Мылтық атылып  жатыр. «Банды,  банды» деседі  жұрт.  Әкем  мені    бір  бүргеннің  түбіне «қозғалмай отыр»  деп, жүгіріп  ары  кетті.  Тың атқа  мінген  қарулы  топ  қойсын  ба,  аш-жалаңаш  келе  жатқандарды   тонап, барымызды алып  кетті. Әкемнің   менген аты  да біреудің   жетегінде  кете  барды. Бандылар   көштегі  көрікті  қыз-келіншектерді  де  тартып   әкетіпті. Жаяу  қалдық. Қиналғанның  көкесін енді  көрдік.   Әкем  арқалап алады  да,  біраз  жүріп барып,   тоқтайды. Өзі  де аш.  Тәлтіректеп кетеді. Тауда   жүріс  қай  оңсын? Қанша  күн,  қанша  түн  жүргенімізді  білмеймін,  әйтеуір  бір  күні  «Арғы  бетке  өттік. Жеттік»  десті.  Бұл  жақта тыныштық. Аштықтың  беті  аулақ  секілді. Бізден  бұрынырақ  келгендер  қарсы  алды. Осы  жаққа   келген соң  ғана  тойына  бір  тамақ  ішкендей  болдық. Әу  баста   көшке  ергендер  көп  еді. Ұсақ  балалардың  да  қарасы   мол болатын. Арғы бетке  өткенде тым  азайып  қалыппыз. Әлі  есімде,  кішкентайдан бірге  ойнап  өсіп  келе  жатқан  Жақып  деген бала болған. Көшкенде  де  бірге жүрдік. Бандылар  шабуыл жасаған  кезде шешесін  тартып әкеткен. Әкесі  сойылға  жығылып  сол  жерде  мерт  болды. Шырылдап  жылаған  Жақыпты үлкендер ілестіріп алған еді. Бір  күні  түнде  жоғалып кетті… Оны  іздеуге  ешкімнің  мүмкіндігі  болған  жоқ. Қазір,  кейде түсіме  сол  Жақып  кіреді. Сағынамын. Қайда екен? Аман  ба екен?..

Тоқтаған  жеріміз  Шәуешектің  маңайы. Мұндағы  елдің  тәуір  тұрмысын  көрген   әкем біраз  күннен  кейін,   кері  қайтып,  арта  қалған жарымен  екі  баласын алып келмек  болды. Мені   бір  ұйғырдың   үйне  жалшы  қылып  орналастырды. Қозы-лақ  бағамын. Әкем ұйғырдан «баланың  еңбек ақысынан  болсын»  деп  жарты  пұт бидай  сұрап  алды. Сол жерде  кездескен  жама  ағайындарынан   бір ат  сұрап  мінді. Келген  соң  қайтып бермек  болып. Тап  бүгінгідей  есімде, әкем  қырда    қозы-лақ қайырып жүрген   менің жанымнан  кете  алмай  ұзақ тұрды. Айналып  толғана  береді. Шырылдап жылап әкемнің  мойнына асыла  беремін. Әкемнің  көзінен  жас  көрдім. Сақалына  дейін  суланып  еңкілдеп жылады. «Сәл  шыда  балам, көп  ұзамай  бәріміз  бірге  боламыз.  Мен  тез  ораламын. Әзірге  хош-қайыр балам». Әкем атын тепеңдетіп  ұзай  берді. Соңында  жылап  мен  қалдым… Бәлкім әкем  қайтып  келмесін   сезді  ме  екен, артына   жаутаңдап  қарай  береді. Ұйғырдың  малайы болдым.  Жаздың  күні  қозы-лақпен бірге  қорада жата  саламын. Әйтеуір қарным  тоқ.  Жұрттан  үйренгенім,  жайылымға  шыққанда  қозысы   бар  қойды ұстап алып,   сауып  ішіп аламын. Үстімде  шоқпыт-шоқпыт киім. Кір-кір,  бит-бит.  Уақыт  өтіп  жатты. Келемін  деп  кеткен  әкем  келмеді.  Жаз  өтті,   сарала күз  келді. Ондан кейін  қыс  түсті. Мұнартып  жатқан Тарбағатай  тауына  қарай-қарай  көзім  талды.   Кейін  атамекенге   оралғанда   естідім  ғой. Жол  бойы  арып-аршып  жеткен әкем   келген  бойда   домалап  түсіп,  содан  қайтып тұрмаса керек.  Әйтеуір ұйғырдан  алған  азын-аулақ  бидайды қатын  баласына   аман  жеткізген  көрінеді. Ұйғырдың  босағасында жүріп  ер  жеттім. Жетімдіктің  тақсіретін  көп  тарттым. Бала  болып  ойнамадым. Қой  соңында жүрдім.    Он  жастан асқан  соң  сол  ұйғырдың дирменін   тартуға   тұрдым. Балалық-шағым   осылай  өкісікпен  өтті  ғой.  Талай  қорлықты  да,  зорлықты  да  көрдім. Ер  жеттім. Кейіннен  Майтау  деген  жерде  жұмысқа  тұрдым. Табыс  жаман  болған  жоқ. Төте  жазуды  үйрендім. Қытай  коммунисі атандым. Шәуешектің  маңында   туыстарың  бар  деген соң,  жаным  қалмай  соларды  іздедім. Таптым. Бір  үйге кіріп  барсам,  бір  топ  адам  шай  ішіп  отыр екен. Амандастым  да  босағада  біраз  бөгеліп  тұрып  қалдым. «Кел.  Кел  бала»  десті. «Мен  Әмірбекпін, туыстарымды  іздеп  келдім»  дедім. «Құлыным-ай  сен  бар екенсің  ғой»  деп  дауыс  салып   бір әйел  орнынан  тұра    берді… Әке-шешемді тапқаннан кем  болмады. Сол  туыстардың  қолына көшіп  алдым. Кейін мына  шешеңе  екі  тайынша, бір  жылқы  беріп  үйлендім  ғой…»                               Шешем айтушы еді: «Әкеңе  қосылған  кезде қолда  ештеңе  болмады. Даладан  отын  шауып  әкеліп  Шәуешектің  базарына  шығарып  сататынбыз. Әкең  төте  жазуды білді. Коммунист атанды. Адал  еді.  Соны  қытайлар  бағалады  ма,  бір  бөлімшенің бригадирі  етті.  Артынан «Қызыл  тарахият» деген   коммунаны басқарды. Жағдайымыз  сонда  түзелді  ғой…»  Әкем айтатын: «Коммунаны  басқарып  тұрған  кезім. Бір  күні ине-жіптен  жаңа  шыққан  костюм-шалбар  сатып алып,  жұмысқа  киіп  барған  едім. Басшылар бірден   жиналысқа  салды. Айтатындары: «халық  не кисе  соны  киюің  керек. Өзгешеленуге  болмайды». Амалсыз  шешіп  ескі  киімді  қайта  кидім. Тәртіп  қатты  еді  ғой. Басшы  да  қара  халықта  бірдей  өмір  сүрді…»

Әкемнің  тағы  бір айтқандары  есімде.  «Үш  аймақты  азат ету (Шыңжаңдағы Іле,  Тарбағатай  және  Алтай аймақтары)  көтерілісіне  қатыстым. Әттең  Гоминьдан   билігін  тайдырып,  тәуелсіздікке   қол жеткізіп  тұрған  кезде  белгісіз  себеппен соғыс  тоқтап  қалды. Манас түбінде  тұрған  едік. Ұлттық  әскерді  тартып  жіберді  ғой. Әйтпегенде Қазақстан  секілді Шыңжаңда  тәуелсіз  бір  мұсылман  мемлекеті  болар еді. Қазақтың  соңғы батыры  атанған  Оспан батырды  да  көрдім. Қазақтың  соңғы  байы  атанып, керемет көпір  салған, Ветьнамға  көмекrе  ұшақ  жасатып жіберген Башбай  байды  да  көрдім. Қазақтың  бір  туар  азаматтары  еді,  амал  не? Шекара  ашылады екен  деген  әңгіме  1962  жылдың  басында  ел арасында  кезіп  жүрді. Мамырдың  басы болатын.  Шекара  ашылған. Атамекенге  қарай  жұрт  дүрк көтерілді. Жұмысшыларға  төленетін ақша  алайын  деп  Шәуешекке  келгенмін. Сондағы  таныс-дос  қытайлар  шақырып  алып, «сен  бүгін  үйіңе  бар  ма. Қазақтан  шыққан басшылардың  бәрін  «елге іріткі  салды»   деп ұстап жатыр. Ішінде  сенде  барсың,   қаш деді». Сол қытай  достардан  ауылға  сәлем айттым  да, «шекара  қайдасың»  деп  тартып  отырдым. Алыс  емес,  30-40  шақырым. Арғы  бетке бір-ақ өттім. Нөпір  халық. Қытай  жақтан  келіп  құйылуда. Бергі  бетте қаптаған  кеңестік  машиналар. Азық-түлікті әкеп  төгіп  жатыр. Ырғын  молшылық. Ертесінде  өгіз арбаға   жүгін  тиеп, екі  баламды  жетектеп  шешең де    бергі  бетке  өтті. Сол  жылы   атажұртқа оралған   екі  жүз  мыңдай  қазақтың  бірі едік. Араға  отыз  жыл  салып  туған  жерге  табан  тіредік, сүйтіп. Әкем  өзге  балаларын  аман  сақтап  қалу  үшін, мені жарты  пұт  бидайға  ұйғырға  сатып  кетіп  еді. Өзгенің  есігінде  жетімдіктің,  жалғыздықтың тақсіретін  көп  көріп  өсіп  едім. Атамекенге   жалғыз емес, отбасыммен  оралдым… »

Әкемнің  өксікпен  өткен  балалық – шағы  туралы  айтқаны  көп  еді. Бәрін бір реті  келгенде тасқа  түсіру   балалық парызым,  әрине. «Шилі  өзен,  қамыс-ай,  бізді  ойлай  жүр  таныс-ай»,  не  болмаса   «Ағажай Алтайдай  жер  қайда?»  деп  әндетіп  отыратын.   Бәлкім арғы  бетте  қалған   балдәурен  шағын    сағынатын  болар… Жетпіс тоғыз  жасында дүниеден  өтті.   Ауылға  барған  сайын  басына барамын.  Құран  оқимын. Түбі  бір  көркем  шығарма  дүниеге  келер.  Әзірге  осы. Жаның  жәнәтта,  топырағың  торқа  болсын,  әке!

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

Айқын    газеті. 5.12. 2012 жыл

Алдыңғы жазбаАстанадағы жеке меншік мектептердің тілі -қай тілде?
Келесі жазба«Үлкен су келе жатыр».