Home Жаңалықтар Мұрат Әуезов: ХХІ ғасырда мәңгілік достықтың болуы мүмкін емес, мәңгілік мүдде ғана...

Мұрат Әуезов: ХХІ ғасырда мәңгілік достықтың болуы мүмкін емес, мәңгілік мүдде ғана бар

42
  • Мұрат Мұхтарұлы, 1978 жылы «Қайта оралу үшін кету» (Уйти, чтобы вернуться) деп аталатын шағын ғана таралыммен жарық көрген күнделік жазбаңызда «түркі идеясы менің жүрегіме 12 жасымда қонақтады, оның қайдан келгенін білмеймін» депсіз.
  • Мен туып өскен Меркіде бірнеше ұлттың өкілдері тұратын. Бала күнімде жас балалар өзара керісіп қалған сәттерде түрік, татар, ұйғыр, қазақ ұлтындағылар бір жақ болып, казак, орыс балаларына қарсы шыға келетінбіз.  Олармен шүйіркелесіп ойнай қоймасақ та, кейбір сәттері басымыз да, мүддеміз де бірігіп, қарсы тұра кететінбіз. Бала болсам да солармен түбіріміздің бір екендігін сезіп қалғанмын.
    Бірақ ол негізгі себеп емес. Шешем – Фатима Ғабитқызы татар, қазақ әдебиетіне тел еміп өскен, көкірегі ашық, татар қызы еді. Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін бала кезімде анамнан есіттім. Шешем ірі қалаларда тұру құқынан айырылып, алыстағы елді мекендерде айдауда жүргенде «Айқап», «Шора» журналдарын өзімен бірге алып жүретін. Кешкісін балаларына башқұрт, өзбек, қырғыз ақындарының жырларын жатқа айтып, өлім түгілі, жат көзқарасқа қимайтын арыстарына ажал құштырған кеңес жүйесіне лағнетін айтып отырушы еді.
  • Бала жастан санаға қалыптасып қалған тұрандық фактор да әсер еткен болуы керек.
    –ХІХ – ғасырдың орта шенінде түрік ақыны Зия ГёкАлптың «Тұранның алтын алмасы» деген философиялық поэманың идеясы ХХ ғасыр басында түрік идеясының өмірге келуіне себеп болғаны енді мойындалды, оның  кейіпкерінің өмір бойы іздеген алтын алмасы – Тұран болып шығады.  Бұл «біздің шаңырағымыз ортақ, біз бөлінбеуіміз керек» дегенді байқатса керек. Өмірімде мені адастырмаған жұлдыз болса, ол түркі тектестік идея деп айтар едім.
    «Мәскеуде оқып жүргенде әкемнен «ойымның еркіндігін, қалыпқа сыймағандығын» кінәлаған хат алдым» деген жазбаңыз  Құнанбайдың Абайды кінәлағаны сияқты әсер қалдырады екен. 
  • – Себеп көп қой… Оның қайсыбіріне тоқтала беремін. Атамекенім – Семей жерінде ядролық жарылыстар менің жас кезімде басталды. Бізде, Мәскеу, Ленинградта оқып жатқан қазақ жастарында ел жағдайын, өзге елдермен салыстыру, «неге олай?» деген сұрақтарға жауап іздеу мүмкіндігі болды ғой.
  • Сананы құрсауда ұстауға тырысқан кер заманда «еркіндік идеясымен» тап Мұхаң ұлының, Қонаевтың «құда баласының» «ауыруына» не себеп болды екен?
    –Әкеммен арадағы жазылған хаттарды Құнанбайдың Абайға айтқан сөздерімен салыстыруға мүмкін болатын шығар, бірақ біржақты түрде. Ал әкемнің маған хат жазуына себеп болған жайт – Ернар бауырыма Мәскеуден жазған хатым еді…
    – Құпия болмаса, хатыңыздың мәтініне тоқтала кетесіз бе, ол хаттар қайда қазір?
    – Әкем шала піскен идеяларды, сол кездің тілімен айтқанда «жас бөлтіріктердің» ойларын байқап қалып, өзін қуғынға ұшыратқан жат ағымның менің бойымда «пісіп-жетілуінен» сақтандырғысы келді.

Жасы 17-ден енді асқан менің идеяма сырт көзбен қарады.

«Мен сенің әкеңмін. Сөзіме құлақ түр. Саясаттың кілті сендердің қолдарыңда емес, оны шешетін де сендер емессіңдер» деді.

–Ал сіз «Мен өз жолымды таңдауға құқым бар» деп жауап қайтарыпсыз.

–Арамыздағы хаттан соң әкеммен арадағы қарым-қатынастың жаңа қыры ашылды. Әкем  соңғы жылдары шала піскен ойлар болса да, соны іштей құптаған ыңғай таныта бастаған еді..
Біз қандай жоспар құрған едік… Қайтыс боларынан 40 сағат бұрын елге, Кәмен Оразалинге: «Менің ұлым – Мұрат елге барады. Ел-жерді таныстыр» деп елге хат жазған еді. Маған тапсырғаны – ел сапарынан күнделік жазып, өзіне міндетті түрде оқыту, алған әсерімді алдымен өзімен бөлісу.

Әкемнің түркі тектес халықтардың өкілдеріне деген ықыласы ерекше болғанын кейін таныдым ғой. Әкем менің өмірлік жолымды, бағытымды, болашақ жоспарымды белгілеп кетті. Өсіп келе жатқан шағымда әкеммен жиі кездесіп, болашаққа жоспар құрып, өмірде қандай мамандық таңдауыма дейін үлес қосқан. Менің әрбір жетістігіме қуанып,  көңілі толып жүретінін байқайтынмын. Сол кезеңдер мен үшін өте бақытты кезеңдер болды. Он сегіз жасымда үзілді. Ең өкініштісі, енді енді әкеме бауыр басып, енді мені жолға сала бастағанда әкемнен айырылып қалдым.

Сіздің тіліңіз орыс тілінде шықты. Қазақ екеніңізді және қазақ тілін үйрену қажет екенін қай жаста білдіңіз?

Орыстілді болған кезімде де менің жүрегім қазақ деп соққан. Мәскеуде жүргенде  қасымдағы достарымызбен тілімізді үйренуге бел буып,  қайсымыз орыс тілінде сөйлеп қойсақ, бес тиыннан өтемақы төлейміз деп келістік. Солай қазақ тіліне орала бастадық. Қазір ана тіліне сертпен оралған толқын біз шығармыз деп ойлаймын.

  • Сіздерді «нақ осы идея үшін итжеккенге айдалудан аман алып қалған Дінмұхамед Қонаев атамыздың өзі» деседі. Сол рас па?
  • – Кім біледі, ол да мүмкін.
  • Сол жылдары Димаш атамызбен осы тақырыпта оңаша әңгімелесудің сәті түсті ме? «Араларыңызда бір әңгіме болды» дегенді естіп қаламыз…
    – Мәскеуге бір келген кезде, 1964 жылы, «жастұлпарлықтардың» қаржылық жағдайына көмектесіңіз» деп қабылдауында болдым.

Қонаевпен кездесуден соң біздің жүріп-тұруымыз біршама жеңілденген. Бұл бізге жігер берді.
1965 жылы Алматының төрінде, Жазушылар одағында өткен алқалы жиынның ұйымдастырылуына Қонаев, Жәнібековтердің себі тигені, олардың кейбіреулерінің «Қазақстанда бас көтерген ұлтшылдықтың тас-талқанын шығарамыз» деп идеологиялық компания құру арқылы өзіне ұпай жимақ болған әрекетін «жастұлпарлықтардың» бір тал шашы үзілетін болса, менің ісім сенімен болады» деп, бір ауыз сөзбен тыйып тастағаны, сөйтіп бізді айдалып кетуден қорғап қалатын әрекеттер Димекеңнен басталып отырған ба деп ойлаймын.

– Аға, «ана тілімізді тек түркі тілдес елдердің бірігуімен ғана әлемдік аренаға шығара аламыз, өйткені қазақ тілі түркі тектес елдер тілдері арасындағы ең ата тіл» деген пікірлер айтылып қалып жүр. Осы пікірге алып-қосарыңыз бар ма?

– Ана тіліміз бай тіл, түркі тектес елдер арасындағы ата тіл ретінде мойындалып келе жатыр. Бірақ тіл ағын сумен бірдей, ол алға жүрмесе, тың сөздермен толықпаса, тоқырауға ұшырайды. Қытайда ұйғыр тілінде тек қана медицина тақырыбында 12 томнан тұратын сөздікті кездестіргенмін. Тек медицина тақырыбында ғана.
Ұйғырлардың тілін сақтап қалуға, оны байытуға ұмтылған жанкешті әрекеттері мені қуантады. Мұндай ізденістерді мен татар, түрік, өзбек, қырғыз ғалымдарының әрекетінен байқап жүрмін.

Бізге де жанкештілік керек.
–   Өткен ғасырдың басында 18-20 жастағы Мұхтар Әуезовтың «Жапония» деген публицистикалық мақала жазғанын білеміз. Қазақ зиялыларының Жапонияға назар аударуына оның Азия ендігінде орналасқандығы ғана себеп болмаған шығар?..

– «Азия мемлекеттерінде бізге үлгі болатын Жапония» дегенді әкем 19-20 жасында айтыпты. ХІХ ғасыр басындағы батыстың отаршыл саясатына қарсы тұрған бірден-бір ел – жапондықтар қандай күшке сүйенген және қандай тәжірибесі бар еді? Жалғыз әкем ғана емес, ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялылары «қазақ еліне үлгі болатын мемлекет – Жапония» деп бірауыздан мойындаған. Жапондықтардың идеологиясының да, экономикасының да негізгі өзегі ол елдің реформасы. Егер сол реформаның өзегін білмесең, жапон құпиясы саған есігінен де сығалатпайды.

–Тіл төңірегендегі көп түйін әлі тартқатылған жоқ.  Қазақ ұлтының мүддесін, геосаяси жағдайларды ұлт, ел мүддесіне бейімдеуді кешеуілдете беруіміздің себебін қалай түсінеміз?

– «Көш жүре түзеледі» емес пе? Ол үшін шындық боямасыз қалпында айтылуы тиіс. Мен мұнай саласына қытай инвесторлары келген кезде мемлекеттік деңгейде біраз мәселелерді қозғағанмын. Бірақ бірде-біріне жауап болған жоқ.
Бізге тіл мәселесінде көп сөзділіктен нақты әрекеттерге көшетін кез келді. Кешегі тіл мәселесін көтерген дөңгелек стол басында Мұхтар Шахановқа қатты сөздер айтуға тура келді. Мысалы, комиссияда тіл мәселесі көтерілген кезде «Халықтар Достығы Ассамблеясы менімен кездессе, «тәтті және өткір сөзбен-ақ» мемлекеттік тілге мойын бұрғызар едім» деп айтуым керек еді.
Қазақ жерінде тұратын өзге ұлт өкілдері қазақ елінің бар құпиясы тілінде екенін, құпия тілін білгендерге ғана ашылатынын әлдеқашан мойындаған. Ата-бабадан жеткен «жеті елдің тілін білдің бе» деген қазақы өсиетті естен шығарып алғандардың көбейіп бара жатқаны мені қынжылтады.
– «Мәңгілік достық» деген түсініктің астарында «мәңгілік мүдденің» құлағы қылтиып тұратыны белгілі. Менің нені айтқым келіп отырғанын аңғарып отырған боларсыз…
– Ресейде фашистік пиғыл, империялық ағым жеңсе, Қазақстанның болашағына қауіп төнеді. ХХІ ғасырда мәңгілік достықтың болуы мүмкін емес. Еларалық саясаттың бәрінде «мәңгілік достық» емес, «мәңгілік мүдде» ғана үстемдік құрады.
– Қазақ елі осы тұрғыда өзін-өзі танып, кімдермен достық қарым-қатынаста болу өзіне тиімді екенін пайымдай алды па?
– Біз сыртқы саясатта өзімізден қашық жатқан Жапониямен, Үндістанмен дос болуымыз керек. Өйткені олар бізден алыс орналасқан және ақпараттық технология саласында да үйренереміз көп. Қытайдан сақ болу керек, бірақ оның ішінде не барын біліп жүргеннен ұтылмаймыз.
Бізге ең үлкен қауіп Ресейден келуі мүмкін. Өйткені оның ішінде не бары және ертең қалай құбылып шығары бізге түсініксіз. Ресейдің қазір өз мүмкіндігін иегере алмай қалатын сәттерін, біраз жайттардың Ресей билігінің саясатына мойынсұнбайтынын сырт күш аңғарып үлгірді. Қазақ ежелден-ақ «ең жақсы көрші ауылыңның арғы жағында болуы керек» дегенді текке айтты деймісің…

 Сұхбаттасқан  Гүлбаршын Сабаева 

 

Алдыңғы жазбаКешіккен жолаушылар «Аэрофлоттан» 3,6 миллион доллар қайтаруды талап етті – Компаниялар мен банктер
Келесі жазбаВенесуэла парламенті Мадуроны озбыр басшы деп жариялады