Бүгін Ілияс Есенберлиннің туған күні екен. «Көшпенділерді» оқымаған адам жоқ шығар. Бұл кісі жастайынан жетімдікті көріп, кейін 1937 жылы атылып кеткен Хамза Жүсіпбековтың қызына үйленеді. Сол жылы қайныенесін АЛЖИР-ден алдырғаны үшін НКВД-ның назарына ілігіп, 1949 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылады. Жазасын туған жерден алыс Қарақұм каналы құрылысында жарылыс жұмыстары бойынша инженер болып бес жыл жұмыс істеп өтеді…
Айта берсе, коммунизмнің уын ішкен жазушыларымыздың тағдыры оңай болмады.
Мағауин мен Исабеков аталарымыздың сұхбатын бірнеше қайтара тыңдадым. Екеуі де қазаққа еңбегі сіңген алып тұлға. Мағауиннің Шәкәрімнің атын оятып, кеңес одағының қылышынан қан тамған кезеңде тығылып жүріп еңбектерін шығару үлкен еңбек, басымды идім.
Дулат атамыз «Қазақстан мәдени, әдеби держава емес» дейді. Келісемін. Біз неге әдебиетімізді бір биік белеске шығара алмай келеміз? Жауап беріп көрелік…
Жақында өзіммен бұрыннан арласатын ақын, әріптес, әрі құрдаспен сөйлесіп қалдым. «Жұмыс жоқ, Англияға құлпынай теруге кетемін жігіттермен» дейді. Өзім бір түрлі болып қалдым. Ақындығы бар қолына қалам ұстаған достың бұл күйіне қатты жаным ашыды. «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес» дегендей, бір отбасының отағасы болған соң сол баланың, тіршіліктің қамымен бөтен елге кетіп жатыр…
Қырыққа жетпей Аягүл кетті. Қаңтардың ызғарымен Ғалымбек кетті… Екеуінің де қазақтың әдебиетіне берері көп еді. Ол екеуінің де қолына бір жөні түзу қызмет табылмады-ау. Соңғы жазбалары мен түскен фотоларына қарасаң, көздерінде терең мұң тұрады. Бұл екеуі де момын еді. Ешкімнен ештеме сұрамай, тіршіліктің қамымен, бірде бар, жоқ болса да білдірмей іштей күйіп-жанды… Бұл мен білетін екі жазушы. Ал, жалпы қазақтың жас жазушыларының жағдайы жақсы ма? Түрлі одақ, клубтар ашып жатыр, солар спонсор тауып осы жазушылардың жағдайын жасап жатыр ма? Шенеуніктер шіреніп, мүшәйрәдан шаршадық деп шалқаяды. Қазақтың тілін, ділін, мәдениетін алға жылжытатын осы жазушылар!!!
Өткенде «Оян қазақты» түсірген Мұрат Есжан бауырына Сырымбек Тау нағыз азаматтық жасап астына темір тұлпар мінгізіп еді. Қазақтың жомарттығы осындайда көрінеді емес пе?! Мұрат пен Айсәуле де бір терінің пұшпағын илеп, кино түсіріп, қазақтың мәдениетінің өсіп өркендеуіне қызмет етіп жүр.
Сынауға келгенде бәріміз мәстерміз. Бірақ осы жазған, сызған дүниелердің астында қаншама еңбек, төгілген тер, ұйықтамаған түндер жатыр. Әй, осы жазушыларды қайыршыға айналдырып қою кімге керек? Әлде екі жазушыны ұрыстырып қойып, ҚТ ма, ДТ ма деп отыру кімге абырой әпереді?
Айтпақшы, мәдениет демекші. Суретшілердің де жағдайы мәз емес. Екі жыл бұрын суретшілер мен жалпы бейнелеу өнерінің маэстроларына арнап бағдарлама жасадық, шығармашылық комиссияға не ұнамай қалғанын қайдам эфирге жібермей қойды. Сол кезде елімізге белгілі деген біраз қылқалам шеберлерінен сұхбат алып, олардың да жан-айқайын тыңдадым. Талантты суретшілердің де жағдайы қиын. Мәдени орта мен ошақ жоқ. Ырду-дырду поп-музыка, кімнің ашынасы, түгеншенің түлені деген сыңайлы құны жоқ дүниелер қаптап кетті…
Қайбір жылы Несіп Жүнісбай ағамыз «Қалың қалай қазақ спорты» деп мақала жазып, спорттағы былықты жазғаны үшін газеттен шеттетіліп еді. Ал, бүгін «Қалың қалай қазақтың жазушысы?» дейтін жан бар ма?
(Салтанат Аширбайдың ФБ парақшасынан)