Қазақ руханияты мен ұлттының құндылығын, мәдениетін бір ғасырға жетер қазынаға толтырған сом тұлға. Ол кім? Тәуелсіздіктің таңы арайлап атқан жылдары Алаш ақтаңлақтары Әлихан, Міржақып, Мағжан, Шәкәрім, Ахмет секілді ірі қайраткерлер сталиндік жүйенің тар құрсауынан шығып, туған халқымен қауыштыған ел мүддесі үшін күрескер қазақтың Өзбекәлісі еді.
Алайда сол көштің қатарында қасқайып тұруға тиісті көзі тірі жанкешті Жәнібековтің өзін ел жадынан шығару науқаны басталды. Қазақстан дербес мемлекет болып жарияланған жылы қазақтың болмысын сақтап, намысын қызғыштай қорғап, , ұлтының қамын күйттеу жолында басын бәйгеге тігіп өткен қайсар рухты-Өзбекәлі Жәнібеков биліктен ысырылды. Бір сөзбен айтқанда, сол кезеңдегі саяси элитаның интгирасы оны өрлеу жолынан тайдырып, ақыры жұтып тынды. Күншілдіктің астарына үңілгісі келгендер Санжар Керімбайдың сиясы кеппеген «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабынан оқып біле алады. Орайы келгенде айтар кетейік, жақында Қарағандыда, келесі күні Астанада аталған жаңа танымдылық туындының тұсауы кесілді. Алматыдан арнайы келген автор екі қаладағы оқырмандармен емен-жарқын кездесті.
Бір сөзбен түйіндесек, диктатор билік кеткен соң, өрелі өркениетке тыңнан түрен салған Жәнібеков жампозбен қауышып отырмыз.
Наурызбен қауышу, қазақ тілі қоғамы
Жер бетінде өмір сүруші кез-келген елдің тарихы жылсанаумен есептеледі. Ендеше, қазақ халқының пайда болуы да осылай. Ата-бабаларымыз әлімсақтан күн мен түн теңелген кезден жыл санаған. Наурыз-жыл басы деуі содан. Тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаевтың тұжырымдауынша, Әз наурызды Еуразия даласын мекендеген көшпелі қазақ XII-XII мың жыл бұрын атап өткен. 70 жыл Ресей бодандығында болған еліміз наурыздан ажырап, тәуелсіздіктің тұсында қайта қауышты. Оның бастамшысы, ұйымдастырушысы, мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков еді. Ол наурызды тойлаудың тұжырымдамасын бастан -аяқ өзі жазып, ұлттық сипаттағы нышанын жаңғыртты. Торғай даласындағы наурыз мерекесінде ұлт қайраткері аңыз кейіпкерлері Алдар көсе, Қожанасыр, Жиренше шешен, Қарашаш ана, Қыдыр атаның бейнесіндегі әртістерді алаңға шығарды. Төлеген мен Қыз жібектің күймесін жасатып, Ақтөбеден Торғайға есек алдыртқан. 1988 жылы Алматы жұрты тұңғыш рет арқа-жарқа болып наурыз мерекесін атап өтті. Ғасырлар көшінде қалып, жадымыздан өшкен мейрамды көзбен көрген жазушы Құлбек Ергөбек «Өзбекәлі және мәдени майданынның» авторына былай баяндаған:
-Жұрт наурызды сағынып қалған ба, алаңда ине шаншар жер болмапты. Өзбекәлі мен Колбин алаңға кірмей, оқиғаны сырттай бақылап тұрыпты. Халықтың көптігінен үрейленген Генадий Василевич:
-Халықтың көптігін-ай, «екінші желтоқсанға» айналып кетпес пе екен?!-дейді қауіпін жасыра алмай. Сонда Өзбекәлі :-Бұл халықтың Наурызға деген сағынышы, салт-дәстүрге деген құрметі, билікке деген ризашылығы,-деп жауап береді.
-Олай болса, халықты жаңғыртатын тағы қандай салт-дәстүрі бар?-деп сұрайды. Өзбекәлі мүмкіндікті қалт жібермей, енді қазақ тілінің қолдау аясын кеңейтіп, тіл мерекесін көбейтсек деген ұсыныс айтады. Колбин сол екпінмен: «Давайте» деп келісімін беріп жібереді.
Тіл ұлттың жаны деген тәсілімді ұлтын сүйген ұлылар терең түйсінген. Парасат падишасының арқасында ана тіліміздің бағы жанады. Осылайша арада бір жыл өткен соң, елімізде қазақ тілі қоғамы құрылып, одан зор олжа-1989 жылы 22 қыркүйекте алғаш рет «Тіл туралы» заң қабылданды. Ол заңда «Қазақ тілі -мемлекеттік тіл, орыс тілі-ұлтаралық қатынас тілі» болып бекиді. Екі жылдан кейін, 1990 жылы 22 наурызда «Ана тілі» газеті жарыққа шықты. Ал, жоғарыдағы наурыз мейрамын Өзбекстан мен Тәжікстан тек екі жылдан кейін атап өтті.
Өзбекәлі еліміздің мәдениет саласын түбірімен түлеткен дарабоз саңылақ еді. Республикамызда 100 мұражай ашқан. Мәдениет саласында несібесін тауып жүрген мұқым қауымды, биліктің барлық сатысындағы шенеуніктерді өнерді қастерлеп, талантты қадірлеуге үндеді және өзі бастап үлгі көрсеткен. Талапшыл тұлға қазақ мәдениеті мен өнерін өрге көтеріп қана қоймай, ауыл аймақты аралап жәдігер жиды. Ғылымының этнография саласын жаңа тұрпатта тірілтті. Жәнібековты зерттеуші Санжар Керімбайдың айтуынша, Торғай өлкесінің орыстанған елдімекендерінен өлкетану мұражайларын ашты. Алматыдағы Орталық мұражай , «Адырна», «Сазген», «Шертер» фольклорлық , «Алтынай» халық би ансамблін және Арқалықтағы эстрадалық ансамблі Өзбекәлінің тікелей идеясымен құрылды. Айтпақшы, бүгінгі Қостанай облысында мүлдем болмаған облыстық радио мен телеарнаны ашқан қайраткер кім дерсіз? Дәл осы- Жәнібеков Торғай облысы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары болған кезде іргетасын қалады. Ол қазақстанда болмаған «Бура» радиостанциясын Арқалыққа әкелді. (С. Керімбайдың сілтемесінде айтылған) Теріскей тыңдармандары облыстың үнжариясымен қауышқанда қуаныштан жұрт көз жастарына ерік берген. Бірде өңірге сапармен келген Дінмұхаммед Қонаев Арқалық радиосының таңғы жаңалықтарын естігенде: «Мен бүгін Өзбекәлі соққан қоңыраумен ояндым» көңіл шаттығын жасырмай ақтарған. Арада екі жыл өткен соң, облыстың телеарнасы құрылған. Ал, біз ширек ғасыр әуе толқынына шыққан Қарағанды облыстық радионы қаржы қаттығы қыспаққа алды деген сылтаумен жауырға жаба тоқып, қайта ашуға құлықсыздық танытудамыз. Ұлт мұрасын қолдаушы, мұраттасы Қостанай облысының бірінші хатшы Сақан Құсайыновпен өңірдегі саяси қызметтегі кезеңде әуежай, автовокзал, теміржол вокзалын, пошта, аурухана, қонақ үй, мұғалімдер дайындайтын екі арнаулы оқу орынын, жобалау институтын, филормония, драма театр, мұражай ғимараттарын салуда ұшан теңіз еңбек сіңірген.
1935 жылы Санк- Петербордың эрмитажындағы халықаралық конференция аясындағы көрмеге Яссауи кесенесінен әкетілген Тайқазанның елге қайта оралуына Өзбекәлі ықпал еткен. Қайсарлық иесі кейін өз елімізде шығыстану институтын ашуға белсене кіріскен. Бұл жайында С Керімбайдың кітабында анық дәлелдер келтірілген.
-1989 жылы Мәскеуде өткен мұғалімдердің Бүкілодақтық жиынында Қазақ ССР Жоғары, орта және арнайы білім министрі Шайсұлтан Шаяхметов пен ҚазМУ ректоры екеуін қатар отырғызып, Шығыстану факультетін ұйымдастыру жөнінде ұсыныс енгізуді талап еттім. Шығыстану факультетінің заттық-техникалық базасын дамыту арқылы оны бірте- бірте арнайы институт деңгейіне көтеру қажеттігін ескерттім. Сөйтіп 1989 жылы 27 маусымда ҚазМУ-да Шығыстану факультеті ашылды. Оларға жағдай жасау үшін факультеттің оқу корпусы мен жатақанасын салу, «Қазақ университеті» баспасын ашу қажеттілігін белгіледік. Қазақ тіліне жетік жастардың шығыс тілдерін оңай игеретінін ескере отырып, абитуренттер таңдағанда қазақ мектебін бітіргендерге басымдық беруді ұсындым»-деген жолдар бар.
Мемлекет құрушы қайраткерлердің бірі, өнер зерттеушісі, этнограф ғалым Алаш миссиясының мұрагері Өзбекәлі Жәнібековтың есімі жаңа буын үшін жат. Қазақтың бір өлкесіне, тым болмаса мәдени ошақтың біріне тау тұлғаның есімі берілмеген. Алматы мен астанада, қайта түлеткен Торғай өңірінде тұтас бір ұлттың тамыршы болған ел ағасының бейнесі сомдалған еңселі ескерткіші жоқ. «Мәдениет деген- өз ұлтыңды өліп-өшіп сүю» деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, ұлтының мұрасын мінсіз сүйіп өткен идеологияның hас шебері Жәнібековтен кейін бетке ұстар сала тоқырап қалғандай.
Айтбала Сүлейменқызы