Кариб дағдарысы
1962 жылдың күзінде әлем 38 күн бойы ядролық соғыстың табалдырығында тұрды. Егер де ашуды ақыл жеңбегенде, бүгінгі күніміз қалай болатыны бір Аллаға ғана аян еді. Тарихта «Кариб дағадарысы» деген атпен қалған сол оқиға қалай болып еді?
1961 жылы АҚШ НАТО бойынша одақтасы Түркияның Измир қаласының маңына орта қашықтыққа арналған, ұшу қашықтығы 2400 шақырымға жететін «Юпитер» зымыранын орналастырды. Бұл сол кездегі Кеңес елінің еуропалық аймағы мен Мәскеуге дейінгі жер АҚШ зымыранының нысанасында деген сөз еді. Бұл КСРО басышылығына ұнамады. Тікелей қауіп-қатер көзі деп саналды. Қарымта ретінде Мәскеудің сол кездегі қожайына Никита Хрущёв Кубаға өз зымырандарын орналастыруды жөн көрді. 1962 жылы 14 қазанда АҚШ барлаушы ұшағы Куба жерінде Кеңес елінің зымырандары орнатылып жатқанын суретке түсіріп әкелді. Бұл Ақ үй күтпеген жағдай-тын. Жедел арнаулы топ (әскерилер) шақырылып, орын алған жағдайды шешу мәселесі қаралды. Көптеген әскерилер жағдайды тез, яғни Кубаға соққы беру керек деген шешімге келді. Бірақ Джон Кеннеди оған баруды жөн көрмеді. Десе де әлем екі ірі ядролық елдің теке тіресінен жаһандық соғыс алдында тұрды. Екі ел басшысының ортасында жүргізілген қиын да күрделі келіссөздерден кейін, КСРО Кубадан, ал АҚШ Түркиядан баллистикалық зымырындарын шығаратын болып келісті. Осылайша әлем ядролық шоқпарласудан аман қалды. Сол кездегі екі жақтың ядролық күші: АҚШ-та 6000 ядролық зымыран болды. Ал Кеңес елінде не бәрі 300 ғана зымыран бар еді. 1962 жылы АҚШ әуе күштеріндегі стратегиялық бомбылаушы 1300 ұшақтың КСРО-ға 3000 ядролық бомбы тастауға мүмкіндігі болды. Егер де сол Кариб дағдарысы оңды шешілмегенде КСРО-ның жағдайы қиын екені осыдан-ақ көрініп тұр емес пе?
Құпия құжат: «ЯДРОЛЫҚ СОҒЫС ЖОСПАРЫ»
«Төрт жылға созылған ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде 50 миллионнан астам адам шейіт болды» деп жазады жылнамалар. Ал қазір сондай қақтығыстар орын ала қалса ше? Онда адам шығыны бірден жүз, не болмаса мың есеге бірақ артар еді. Және жүздеген миллион адамның қаза табуына санаулы минуттар, секундтар ғана қажет. Өйткені қазір әлем елдері баяғыдай жәй атыс құралдарын емес, атом қаруларын, ядролық оқтұмсықты құрлықаралық баллистикалық зымырандарды еркін қолдана алады. Соның бір мысалы, жақында АҚШ-тың құпия қызмет орындары бүркімелеп келген мына бір құжаттан байқауға болады.
Осыдан біраз жыл бұрын АҚШ ұлттық құпия мұрағаты федералдық заңға сәйкес 29 құжаттан тұратын пакеттің құпиялығын жойды. Мұның бәрі Ричард Никсон президент болған жылдары жасалған құжаттар. Құжат негізінен КСРО-ға қарсы ядролық соғыс ашу жөніндегі жобадан тұрады. Енді құпиялылығын жойған осы құжатқа көз жүгіртейік. Жалпы, ядролық соғыс жобасы 1945 жылы АҚШ атом бомбасына ие болған соң-ақ туған. Осы жылдың 14 желтоқсанында бірлескен әскери комитет «432-Д» деген бұйрық шығарады. Онда КСРО-ның 20-дан астам әкімшілік-өнеркәсіп орталықтарына ядролық соққы беру қарастырылған. Ал 1948 жылы Пентагон КСРО-ға ядролық соққы берудің жаңа жобасын жасап шықты. Жоба «Чариотир» деп аталды. Онда бір айдың ішінде 133 атом бомбасымен Кеңес елінің 70 қаласын жермен-жексен ету көзделген. Алайда АҚШ әскерилері есептей келе, КСРО-ны толық күйрету үшін әлі де ядролық қару жеткіліксіз деп шешті һәм оны көбейту үшін бар қаржыны осы салады. Әрине, бұдан кейін де америкалық генералдар бірнеше мәрте жобаның мәтінін өзгертті. Ал 1960 жылы Штаб басшылары комитеті (ШБК) ұтымды деп тапқан құжатты бекітті. Мұнда соққы берілетін нысан ретінде Варшава шартына кіретін елдердегі стратегиялық мекендер, КСРО-ның одақтастары және Қытайдың бірнеше маңызды өндіріс нүктелері қарастырылды. Дегенмен негізгі орын ретінде КСРО алынғаны белгілі. Америкалық сарапшылардың есебіне қарағанда, соққы берілген аймақтарда шамамен 360-525 миллионға жуық адам бір мезгілде қаза табуға тиіс екен. Дегенмен бұл жоба да өміршең болмады. Дәл сол кезеңде АҚШ президентінің креслосына отырған Джон Кеннеди «жобаны жарамсыз, ақылға сыйымсыз» деп тауып, әскерилерге кері қайырды.
Содан кейін Қорғаныс министрі болған Роберт Макнамареге жаңа жоба жасауға тапсырма берді. Соғыс ісіне жетік Макнамаре «ядролық қақтығыстың түрлі жолдарын қарастыра келе, алдын ала соққы беру керек» дегенді айтты. Өйткені қарсыласының соққы бергенін күтіп тұрғаннан гөрі, сол қарсыластың соққы беруі мүмкін әскери нүктелерін жою керектігін ескерді. Демек, бірінші болып шабуыл жасау мәселесі тұрды. Алайда АҚШ-тың ядролық стратегиялық жобасы билікке Ричард Никсон келген соң тағы да өзгеріске ұшырады. Егер де КСРО тарапынан АҚШ-қа қарсы ядролық қимыл сезілетін болса Вашингтон бірінші болып 3018 атом бомбасы мен ядролық зымырандарын Кеңес елінің төбесінен жаңбырша төгуге дайын еді. Мұндай соққыдан КСРО-ның 40 пайызы күйреп, 80 миллион адам шейіт болуы ықтимал-ды.
Бұл кезде КСРО-да қарап жатпағаны белгілі еді. Кеңес елі жанталаса жаппай қарулану, ядролық күшті ұлғайту мақсатында болды. 1971 жылы екі елдің ядролық арсеналы бірдей деңгейге жетті. Дегенмен кім ядролық қаруға көбірек ие болса һәм діттеген жеріне тез жетсе, сол басымдылыққа ие болатынын ертерек түсінген Ақ үй Кремльден бұрын құрылықаралық баллистикалық зымырандарды шығаруды жедел жолға қойды. Осыдан болар, АҚШ-тың ядролық арсеналы бес жыл ішінде 5100-ден 8500-ге өсті. Сол 1971 жылы Никсонның уақытында жаңа ядролық бағдарлама даярланып, онда Кеңес одағы, Варшава шартына кіретін елдер және Қытай Халық республикасының территориясындағы 16 мың нысанға соққы беріліп, жер бетінен мүлдем жойып жіберу мақсаты тұрды. Бір ғана Мәскеуге 11 ядролық зымыран тасталып, 9 миллион адам қаза табатыны да бүге-шегесіне дейін есептелді. Пентагон тек Ресейді ғана есепке алған жоқ, оның ішінде Қазақстанның да бірқатар ірі өндірісті қалалары енгені анық. Әрине, мұның бәрі ядролық қақтығыстың бізге белгілі болған жағы ғана. Ал осы күнге дейін және қазіргі кездің өзінде де мұндай ядролық қақтығыстар жайлы түрлі жобалардың жасалып жатқаны анық. Алайда ол бізге құпия. Тек кейбір деректерге сүйенсек, Пентагон жыл сайын 70-ке жуық құжат әзірлейді екен. Оның 49-ы әскерилердің кез келген жағдайда ұшқыр қимылдауына арналған жедел жобаға жатады. Бұл құжаттардың әрқайсысы АҚШ мемлекетіне қауіп төндіретін белгілі елдерге арналады. Соның ішінде Солтүстік Корея мен Иран жағынан болуы мүмкін қауіпке және сол елдерге қарсы ядролық соққылардың жоспары да бар. Ресейге келетін болсақ, қазір Кремльдің ядролық арсеналы 21 мың дана деп саналады.
Сейсен ӘМІРБЕК