Сингапурлық экономист Дэнни Куаның «Экономика геосаясатты жұтып тынады» деген сөзі бар еді.
Расында, Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысы саяси принциптен гөрі, экономиканың алдыға шығатынын тағы бір дәлелдеген сияқты.
Оған мынадай аргумент келтіруге болады:
1. «Tit for Tat» деп аталатын тариф саясатынан АҚШ-тың Қытайдан сатып алатын тауар көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы 24 пайызға төмендеді;
2. Екі елдің тариф саясатындағы өзгерістің нәтижесінде Қытай АҚШ үшін негізгі серіктес деген статусынан айырылды. Мысалы, 2015-2018 жылдар аралығында Қытай АҚШ-тың сауда серіктестері арасында бірінші орында болса, қазір Мексика мен Канададан кейін үшін орында тұр;
3. Экономиканың тілімен айтқанда қазір Қытай дефляциямен күресіп жатыр. Өйткені, жаһандық нарықта сұраныс пен қатар баға да төмендеді. Экономиканың негізгі тірегі – экспорттың өсімі соңғы жылдары өзгеріссіз қалып отыр. Былтыр Қытайдың сыртқа сатып отырған тауарының табысы 8,1%-ға төмендеді. Сарапшылар салдарынан Қытай әлемдік өндірістен 3 трлн доллар жоғалтуы мүмкін екенін айтады.
4. Қытай үкіметі жариялаған есеп бойынша экономикалық өсудің қозғаушы күші саналатын жылжымайтын мүлік секторы күрт құлдырады. Бұрын бұл сала елдегі ЖІӨ-нің кем дегенде 50%-на тең еді. Тұрғын үй секторындағы қытайлық компаниялардың табысы қарызын қайтара алмайтын деңгейге жеткен. Бұған қоса, елдегі муниципалды органның триллиондаған долларлық қарызы бар. Бұл қарыз Қытайдың ЖІӨ-нің 280 пайызын құрайды.
5. The Center for Strategic and International Studies (CSIS) хабарлауынша, былтырдан бері Қытайдағы жұмыссыздық мәселесі елдегі ең өзекті тақырыпқа айналған. Тіпті, былтырғы маусым айында Қытайдағы қалалық жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі рекордтық көрсеткішке, яғни 21,3 пайызға жетті.
6. Қытайдың мемлекеттік валюта басқармасы жариялаған мәліметтерге сәйкес, Қытайға бағытталған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы 87 пайызға төмендеген.
7. GEP жаһандық жеткізілім индексі көрсеткендей, 2020 жылдың маусымынан бері Қытай тауарларын жеткізу тізбегі тоқтап қалған. CNBC сауалнамасына қатысқан логистикалық компаниялар жүк жөнелтілімі кем дегенде 2024 жылдың ортасына дейін тұралайтынын айтыпты.
Алдағы жылдары екі елдің экономикалық жағдайы тұрақтала ма деген сауалға келер болсақ, АҚШ сауда министрі Джина Раймондо бір сұхбатында: «Біз ұлттық қауіпсіздігімізді қорғау мақсатында ешқашан келісімге келмейтін болсақ та, АҚШ Қытай экономикасын ажыратуға немесе тежеуге ұмтылмайды»,-деген болатын.
Яғни, инновацияға, өндіріске және саудаға негізделген АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық қатынастар әлі де нашарлай береді деген сөз.
Қытайдың қазіргі шатқалақтап тұрған экономикасын негізге алған АҚШ «сауда соғысы» деген саясатты «тәуекелдерді азайту» деген стратегиямен алмастырды. Яғни, Байденнің әрекеті де Трамптікімен ұқсас болып отыр.
Жылдам өсіп келе жатқан держава (Қытай) мен орасан зор билеуші держава (АҚШ) арасындағы текетіреске алдағы уақытта да куәгер болатын сияқтымыз.
Ерке Жұматай (ФБ парақшасынан)