Home Жаңалықтар БАҒАЛАЙ БІЛМЕГЕНГЕ БАҚ ҚОНБАЙДЫ, ҚУАНА БІЛМЕГЕНГЕ ҚҰТ ҚОНБАЙДЫ!

БАҒАЛАЙ БІЛМЕГЕНГЕ БАҚ ҚОНБАЙДЫ, ҚУАНА БІЛМЕГЕНГЕ ҚҰТ ҚОНБАЙДЫ!

80

Бүгінгі күні  еліміздің  саясатында,  экономикасында  және  әлеумет  пен руханиятында, белгілі бір  деңгейде өзгерістер жасалып  жатыр. «Өзгерістер»  дегенде,  тек  жақсы  жағын айтып  отырмын. Бұл  ашықтыққа, әділдікке деген  қадамдар.

«Азған елдің баласы бірін-бірі жамандар, қақпан құрып алдына құлатуға амалдар»  дегендей,  біз азған елдің емес, мәңгілік ел  болуға  тырысқан  жұрттың  баласы  ретінде, қазіргі  күні қоғамда  болып  жатқан  игі  тірліктерді көре  және  қуана   һәм  қолдай  білуміз  қажет. Қазақтың   абыз  жазушысы Әбіш аға  Кекілбаев: «Бағалай  білмегенге  бақ  қонбайды, қуана  білмегенге құт  қонбайды»  деген  қанатты  сөзі  бар, осы  тұрғыдан келгенде,   сіз бен біз қоғамда бүгінге  дейін  қордаланып  қалған  мәселелердің, билік  тарапынан  түсіністік  тауып, оның  жолдарын шешуге қадам жасалып жатқанын   бағалай білгеніміз жөн-ау  деп ойлаймын.

Мәселен кеше ғана  өтекен  Ұлттық  қоғамдық сенім кеңесінің президент  қатысқан екінші  отырысында  бүгінге  дейін сеңдей  сірескен біраз  мәселенің  көбесі  сөгілді. Президент  Қасым – Жомарт Тоқаев қоғамның тамырын дөп басты. Алдағы уақытта ел үшін,  мемлкет  үшін  жасалатын біраз  мәселені айтты. Бәрін  тізбелеп  жатудың  қажеті  болмас,  дегенмен өзіме ерекше  әсер  еткен бір-екі  мәселе  туралы  айта кеткенді  жөн  көріп  отырмын.

Бірінші,  ол  қаржы  саласы.  Соның  ішінде кәсіпкерлерді  қолдауға  жасалған   игі  қадам. Президент   микро және шағын бизнес табыс салығынан 3 жылға дейін босатылатынын,  сондай-ақ оларды тексеруге дәл осындай мерзімге мораторий жарияланатынын  жеткізді. Президенттің  бұл айтқанын кәсіпкер  ретінде қолдаймын. Демек алдағы уақытта шағын  және орта  бизнес  өкілдері өз  тірліктерін  емін – еркін өркендете алмақ.

Екінші,  бұл-саяси  партия  құру  мәселесі. Бұл  жағдаймен өзімде  тікелей  келген  кезім болды. Өйткені экологиялық  Жасылдар  партиясын  құрмақ  болған   едім. Бірақ сан  түрлі  кедергілерге  кездестім.  Соның  бірі  40 мың  мүше жинау. Президенттің  айтуы  бойынша алдағы  уақытта  бұл мәселе  оңды шешімін  тауып екі есеге  қысқармақ.  Яғни   40  мыңның  орнына,  20  мың  болмақ. Бұл  енді  ақылға  қонымды  қадам. Сондай-ақ  Қасым – Жомарт  Тоқаев партияларға  және сайлауға қатысты  заңдарға бірте-бірте  өзгерту  енгізу керектігін  ескертті. Бұлда  жұрттың  көкейінде сартап  боп  жатқан  түйткіл  еді.  Қолдау керек!

Үшінші, президент парламенттік оппозиция институты қажет  екенін, «Параламент  туралы»  заңға  толықтырулар керек екенін тілге  тиек етті. Демек  көп  ұзамай  парламентте біраз  сілкіністер болмақ. Енді, депутаттар  жеке  басының  емес, ұлттың,  мемлекеттің  мүддесі  үшін, тірлік жасайтын  кез  келмек.

Төртінші,   бұл  мәселені бізде,  өзгелерде  талай көтерген  еді. Ол  бейбіт митинглерді  өткізу,  ұйымдастыру. Тоқаев Конститутция аясында өтетін митинглерге  рұқсат беретін  заң  бекітілетінін айтты.  Шындығы  керек, біздің  қоғамдық  санаға митинг  мәденитетін  сіңіретін кез, пісіп  жетілді. Өркениетті елдерден үлгі алуға  тиіспіз.

Әрине  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің  екінші  отырысында президент  Тоқаев  бұданда   өзге  мәселелер   жөнінде прогрессивті бастамалар  көтерді,  әңгіме  қозғады. Талқыға  салды. Бірақ  мен  жоғарыда келтірген  төрт  саланы, еліміздегі  саяси-экономикалық  реформаларды  жүргізу  үшін   басты мәселе деп танимын. Осы  мәселелер  жүзеге  асу  үшін, қал-қадірім  жеткенше күресемін.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ»  экологиялық  альянсының  төрағасы,  Ұлттық  қоғамдық  сенім кеңесінің  мүшесі.

Алдыңғы жазбаЕлбасы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысына қатысты
Келесі жазбаҚазақстанда 25 судьяны жұмыстан босату ұсынылды