– Өзіңіз ұзақ жылдардан бері бизнеспен айналысып келесіз. Талай қиындықты бастан өткердіңіздер. Қандай ой түйдіңіз?
– Кәсіппен айналысып жүргеніме 28 жыл болды. 13 жасымнан бастап базарда сауда істедім. ІТ, телекоммуникация, тасымалдау бизнесімен айналыстым. Осы жылдар ішінде 4 рет дағдарысты бастан өткердік. Басында бизнесіміз шағын болғандықтан дағдарысты сезген жоқпыз. 2008 жылы болған әлемдік дағдарыс біздің бизнесімізге қатты әсерін берді. Теңге бір жарым есеге құлдырап кетті. Көп қаражаттан айырылып, кейбір бизнесімізді жабуға тура келді. 2015 жылы тағы да дағдарыс болып, теңгеміз доллар курсына шаққан кезде 180-нен 360-қа бір-ақ көтерілді. Пайда түгілі қарызға баттық. Он миллиондаған доллар қарыз болдық. Сол жылы Мәскеудің Скольково университетіне оқуға түскен болатынмын. Бірақ, біз нарықтық бизнес құрдық. Міне, енді алдымызда тағы дағдарыс тұр. Ол Американың Ресейге салған санкциясы мен мұнай бағасының түсуі. Бұдан шығатын бір ғана жол – шағын және орта бизнесті мемлекет барынша қолдау керек. Экономиканы диверсификация жасау қажет. Диверсификация туралы айтылып келе жатқанына 20 жылдан асты. Статистикалық мәліметтерді алатын болсақ, шағын және орта бизнестің көлемі әлі 20 пайыздан аспай отыр. Керісінше 1999-2000 жылдары шағын бизнестің саны көбірек болған екен. Сонда соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамытуға байланысты құрылған түрлі инновациялық құрылымдардың пайдасы жоқ болғаны ғой. Біздің кәсіпкерлігіміз негізінен олигархтардың бизнесі болып кетті. Кім басқарса да, Қазақстанның болашағы мықты экономикада. Нақты экономикаға көңіл бөлу қажет. Шағын және орта бизнестің негізі — дарынды адамдар. Оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, нақты қолдау қажет. Мемлекеттен қолдау сезінген кәсіпкер нағыз патриот болады. Түркияда бұл жүйе жақсы жолға қойылған. Сіз кәсіп ашқыңыз келе ме, барлық жағынан қолдау жасайды. Барлық жол ашық. Аяғынан тұрып алғанша салық төлемейді. Мемлекет шын ниетімен қолдау көрсеткеннен кейін олар мемлекетін жақсы көреді. Шетелден офис ашамын, тауарымды экспортқа шығарамын десе де, барынша қолдау көрсетеді. Қазір Ресей де осы жолға түсуде. Скольковода оқып жүрген кезде биліктің ресейлік кәсіпкерлердің тауарын Қытайға шығуына қолдау көрсетіп жатқанын көрдім. Офисіне дейін алып берді. Сондай қолдаудан кейін Қазақстанда қаншама ресейлік компаниялар ашылды. Біздің шенеуніктер мұны түсінбейді. Олар өз пайдасын ойлап тұрады. Сізге бір қызық айтайын, қазір экономикалық өсу Өзбекстанда өте жақсы қарқын алып келеді. Туризм өте жақсы дамыған. Осы саладан бюджетке көп қаржы түсуде. Оларда нақты экономикада шынайы өсім бар. Ал, бізде мұнайдың ақшасымен көбіктеніп, белгілі бір дәрежені көрсетіп тұрған сияқты. Нақты экономика үшін біз мынандай 4 ұсыныс жасадық. Ең алдымен шағын және орта бизнеске толық еркіндік беру. Ол үшін сот жүйесін тәуелсіз ету. Өйткені, кез-келген кәсіпкер сотқа жүгінеді. Еркіндік болуы үшін елдегі кримоногендік жағдайды дұрыстау қажет. Бизнес жасап, дүние тапқанымен, байлығын біреу тартып алса, не болады? Тағы бір мәселе кәсіпкерлердің рейтингісін анықтау. Екінші ұсынысымыз, бизнесті қаржыландыру жүйесін дұрыстау. Түркиядағыдай жүйені табу қажет. Үшіншіден, ішкі өндірісті көтеруіміз қажет. Ол үшін сырттан келетін тауарларға салық көтеру керек. Оның түрлі жолдары бар. Экологиялық мәселені де себеп қылып, салық салуға болады. Америка Қытай тауарларына сондай талап қойды ғой. Сосын арнайы дотациялық бағдарламалар керек. Тауар өндірушілерден мемлекет қаржыны аямауы тиіс. Төртіншіден, біздің елдегі білім беру жүйесін өзгерту қажет. Өз алдымызға тәуелсіз ел болдық, демократиялық жолмен келе жатырмыз. Бірақ, біздің мектепке дейінгі де, кейінгі де оқыту жүйеміз кеңестік кезеңнен қалған. Ал, кеңестік заманда демократия, нарықтық экономика болған жоқ. Тек қана орындаушыларды дайындады. Мектеп бітірген бала тапсырманы мықты орындаушы болуы керек. Лидерлік қасиеті жоқ. Сондықтан білім жүйесін өзгертіп, іскер адамдарды дайындайтын жаңа жүйе қажет. Мектеп бітірген баланың кәсіппен айналысуға дайын болуы керек. Бұл іске асса, он жылда экономикамызды мықты көтеріп аламыз.
Дереккөз: Жас Алаш