Home Жаңалықтар Жастардың кәсіпкерлік қабілетін арттырсақ, болашағымыз да қамсыз болар еді

Жастардың кәсіпкерлік қабілетін арттырсақ, болашағымыз да қамсыз болар еді

63

Қазір қоғамда «Байтақ-Болашақ»  экологиялық альянсының президенті Азаматхан Әміртайдың жастарға жер мен пайызсыз қаражат бөліп беру ұсынысы қызу талқыға түсіп жатқан кез.

Азаматхан Әміртай  биылғы жастар жылын пайдаланып, кәмілетке толған жастарға осындай мүмкіндік беру керектігін айтып отыр. Әрине, ол үшін Азаматхан мырза айтып отырғандай, болашақта мынадай үш бағытқа басымдық беру керек:

А) Біріншіден, жер бөліп беру нақты бизнес үлгімен дайындалу керек. Мысалы, қияр, қызылша немесе тауық өсіру деген сияқты тағыда басқа нақты жобамен байланысты болуы қажет.
Ә) Екіншіден, сол істі бастап кету үшін пайызсыз 5-10 жылға қарызға қаражат беру қажет.
Б) Үшіншіден, өндірілген өнімді өз құнынан 20-30%-ға жоғары бағамен мемлекет сатып алуды мойнына алып, иә болмаса, жас кәсіпкерлерге одан да жоғары бағаға сатуға мүмкіндіктерді қамтамасыз етуі керек.

Міне, жастарды қолдайтын бағдарламаның негізгі ұстанған бағыты осы. Аталмыш ұсынысты қоғам талқысына тастап отырған «Байтақ-Болашақ» алянсының президенті Азаматхан Әміртай «Біз осы бағдарламаны тез арада іске асырсақ, 10 жылдың ішінде 1 миллионға жуық жаңа белсенді кәсіпкерлер дайындап шығамыз. Ал олар өз кезегінде нақты бизнесі бар, салық төлейтін мемлекеттің капиталына айналады. Қазақстанда шағын-орта кәсіпкерліктің үлесін 50%-ға жеткіземіз. 5-10 жылдың ішінде мемлекет өз ақшасын қайтарыпта алады. Кемінде 300 миллиардтай жаңа салық көзі пайда болады. Аймақтарда, үлкен қалада 3-4 миллион адам жұмыспен қамтамасыз етіледі. Жастар біздің болашағымыз. Байыған олигарxтарға жерді, ақшаны бере бергенше жастарымыздың да болашағына инвестиция құяйық. Біз жастарға кәсіпкерлікті үйретуді өз мойнымызға алуға дайынбыз.
Бізді қолдаңыздар»,-деді.

Бағдарламада айтылған ойлар бізді де елең еткізбей қоймады. Жалпы, 10 жылдың ішінде 1 миллионға жуық кәсіпкер дайындап шығару; 5-10 жылда шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға жеткізу; 300 млрд жаңа салық көзінің пайда болуы; бағдарлама аясында 3-4 млн адамды жұмыспен қамту расымен де мүмкін бе?!

Осыған орай біз арнайы мамандармен тілдесіп те көрдік. Экономика саласын зерттеп жүрген мамандардың пайымдауынша, бұл бағдарлама нақты жүзеге асатын болса, елдегі жастарға үлкен мүмкіндіктер ашылғалы тұр. Мәселен, экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, 2018 жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыз жастардың деңгейі 4,1 пайызды  құрады.  Өткен жылы бұл көрсеткіш 3,9 пайыз болған. Әсіресе Алматыда ең көп жұмыссыз жастар (16,2 мың жас) орналасқан.  Қазақстандағы жастардың саны жалпы саны 4 млн 239 мың десек, соның  19,3 пайызы жұмыссыз жүр.

«2019 жылды «Жастар жылы» деп жарияладық. Енді осы сәтті жастар ұтымды пайдаланып қалуы керек. Елімізде 4 млн 239 мың жастар бар. Олардың 19,3 пайызы жұмыссыз жүр. Бұл статистика бойынша тіркелгендері. Ал ол жастардың арасында тіркелмей жүргендері де бар. Сондықтан шындап келгенде көрсеткіш бұдан да жоғары болуы да мүмкін. Экономикалық, теориялық тұрғыда «Байтақ-Болашақ» жастарының ұсынып отырған бағытын қолдаймын. Себебі қазір жастарды жер теліммен және қаржымен қамту мәселесі өзекті болып отырған тұс. Егер біз қолынан іс келетін жастарға бос жатқан жерлерді игеруге берсек, олар оны ауыл шаруашылығы мақсатында, болмаса кәсіпкерлікті арттыру тұрғысында кәдеге жарататын болса бұл ұтымды болар еді. Қытай Халық Республикасында жер жоқ. Бірақ олар егіншілікпен айналысқанды жөн көреді. Сондықтан Қытай тұрғындарының жердің жоқтығынан үйінің төбесіне бау-бақша егіп, содан өнім алып отырғанын мен өз көзіммен көрдім. Сондықтан бірінші кезекте жерді ұқсату мәселесі өте өзекті. Осы тарауды тереңдетіп нақты тәжірибеге қалай енгізу керектігін жіктеп алу керек. Жерді бөліп беру нақты бизнес үлгісінде дайындалып, расыменде жастарға жерді игеруді меңгертсе, мұның болашағы зор»,-деді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Экономист-ғалым Оңтүстік Қазақстан облысында, Алматы облысында, Алматы қаласында жастардың көп шоғырланғанын айта келе, әсіресе осы аймақтардың жастарына қолдаудың қажеттігін алға тартты.

Осы орайда біз жастардың көрсеткішіне қатысты деректерді арнайы сызбамен көрсетуді жөн көрдік. Сызбадан көрсетілгендей, жастардың 2 млннан астамы ауылды жерлерде тұрады. Осыған қарап қазірде ауыл жастарын қолдау да өзекті екенін аңғарамыз.

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, қай елде болмасын экономиканы көтеруге жастардың араласуы өте маңызды. Бұл ретте қаржыгер Арман Мусин Жапонияны мысал етіп отыр. Қаржыгердің айтуынша, Жапония елі әсіресе өндірістік салаға жастарды шоғырдандыру арқылы экономикасының қуаттылығын арттырып отыр.

«Жапонияда өндіріс+жастар деген арнайы бағдарлама бар. Ол елде 21 жасқа келген жас мамандарды өндіріс орындарына қызметке тартуға қызығушылық мол. Ал бізде қолына дипломын енді алған маманды «еңбек өтілің жоқ, тәжірибең жоқ, одан қала берді, білімің әлі жетілмеген» деген сылтаулармен жұмысқа бірден қабылдамайды. Ал мұндайда жастар не істейді?! Әрине нан табудың басқаша жолын қарастырады. Қара жұмысқа жегіледі. Экономиканың қуаттылығын арттыру үшін адам капиталының маңызы зор. Адам капиталының күшін арттыру, жастарды қолдау бұл дұрыс. Біз қазір «қазақ ғылымы қартайып барады» дейміз. Жастардың ғылымға қызығушылығы жоқ дейміз. Қызығушылық оларды қолдағанда пайда болады. Жастары қырыққа жетпеген жастардың ғылымға қызықпауы, ғылымда тек елуді еңсеріп, алпысты алқымдағандардың көбеюуі мемлекетке қауіп. Қай салада болсын бізге жастар керек. «Жас келсе іске» дегенді қазақ бекер айтпаған. Сондықтан «Байтақ-Болашақ» жастарының ұсынып отырған жобасын қолдау керек»,- дейді қаржыгер Арман Мусин.

Арман Мусиннің айтуынша, қазір 20 жастағы  жастарды кәсіпкерлікке тартсақ,  10 жылдан кейін олар пісіп жетіледі. Сол кезде расымен де елдегі шағын және орта бизнестің деңгейі 50 пайызға жетеді.

«Кез келген мемлекеттің экономикасын өсіретін шикі өнімді сыртқа сата беру емес. Экспорт, импорт қатынасынан бөлек елде шағын және орта бизнес дамыса бұл экономиканың қуатын арттырады. Бастысы өзімізде «шикізат+отандық» өнім формуласы жетіледі. Отандық бизнес жетіледі. Бұл дегеніңіз – экономиканың тәуекелділігі артады деген сөз. Отандық бизнес бәсекеге қабілетті болып өзімізде өндірілетін өнімдер көлемі артып, отандық өніммен өзімізді өзіміз қамту көрсеткіші 80-90 пайызға жеткенде біз болашағы мығым елге айналамыз. Сондықтан жастарды өндіріске, өнім өндіруге, жерді игеруге, бизнеске, руханиятқа, жаңалық ашуға араластыру керек. Жастардың келуі, олардың кәсіпкердікке араласуы болашағымызды қамсыз етеді»,-дейді Арман Мусин.

Осылайша маман алға тартып отырғандай, жастарды жермен қамту; арзан баспана ұсыну; кәсіпкерлік жолдарын оқыту, үйрету, арзан қаражат көзін бөлу жүйесі бізге керек. Сондай-ақ амандар жастардың мәселесін көтеретін ұйымдар мен альянстар болашақта мына жайттардың да өзекті екеніне назар аударса дейді:

  • Жастардың өзін-өзі басқару рөлін күшейту;
  • Мемлекеттік бюджет құралдары мен әлеуметтік бюджет есебінен жұмыссыз жастарды қолдау мақсатында арнайы жәрдемақы тағайындауына ықпал ету. Бұл әсіресе ауылды жердегі жұмыссыз жастарды қолдау үшін өте қажет.
    3) Индустриялық аймақтарда сонымен бірге шағын және орташа қалаларда, моноэкономикалық кенттерде жастардың жаппай жұмыссыз болуының жағымсыз салдарларын барынша азайту үшін расымен де жастарды кәсіпкерлікке үйренуге,  жерді игеруге тарут маңызды бола түспек.
    4) Жас қызметкерлердің жаппай жұмыстан шығарылуының алдын алу, жастар үшін экономикалық мақсатқа сай бар жұмыс орындарын сақтап қалуға күш салған жөн.
    5) Жұмысынан айрылған кезде жастарға тиімді колдауды қамтамасыз ету ісін ұйымдастырған жөн.
    6) Жастарды әлеуметтік қорғау және біліктілікті арттыруды қамтамасыз ету үшін қажетті инфрақұрылымдарды назарға алу керек.

Міне, «Байтақ-Болашақ» альянсы алдағы уақытта осы жаттайрға да назар аударса, жалпы альянстың ұстанған бағыты дұрыс. Мұндай бастаманы қолау керек» дейді мамандар.

Қарлығаш Сайлаубаева

Алдыңғы жазбаӨмір бойына бас бостандығынан айырылған Челахқа қатысты үкімді өзгерту сұралды – Ел жаңалықтары
Келесі жазбаАзаматхан ӘМІРТАЙ, экономист: Біздің елдегі бизнес осындай…