Атом қаруының атасы – Альберт Эйнштейн. Ақиқаты сол, атомның қуаты сұмдық екені жөнінде 1905 жылы-ақ ғұламаның көзі жеткен. Содан бергі кезеңде яғни Екінші дүние жүзілік соғысқа дейін Германия, Англия, АҚШ, Жапония физиктері ғаламат қару жасау жолында қаншама тер төкті.
Бірақ уранның жетіспеуі оларға бөгет болды. Дегенмен АҚШ 1940 жылы атом қаруын жасау үшін көп мөлшерде қажетті кенді Бельгиядан сатып алды да, өзгелерге қарамастан іске кірісіп кетті. Соғыс алдында Альберт Эйнштейн АҚШ президенті Франклин Рузвельтке «Германия уранды байыта отырып, атом қаруын жасау алдында тұрғанын» айтып (Шындығында Германия атом қаруын жасауға ұмтылғанымен, жүріп жатқан соғыс бөгет болғаны белгілі) хат жазды. Бұл АҚШ-тың қатерлі қару жасауды тездетуге мұрындық болды.
Жоба «Манхэттен жобасы» деп аталды. Бұған 1939-45 жылдар аралығында 2 миллион доллар қаражат жұмсалды. Теннеси штатында уранды байытатын зауыт салынды. Сондай-ақ Нью-Мексика шататының көзден тыс шөлді айтақырында 1942 жылы ядролық орталық құрылды. Ол жерде Нобель сыйлығының 12 лауреатымен қатар, өте үлкен ұжым күні-түні тоқтаусыз жұмыс істеді. 1945 жылдың 16 шілдесінде таңғы 5:29:45-те алғашқы сынақ жасалды. Саңырау құлаққа ұқсас болып радиоактивті шаң-тозаң көкте ұзақ тұрып барып сейілді. Осылайша атом дәуірі басталды…
АҚШ егер де осы қаруды жедел әрі көптеп шығаратын болса, әлемнің бірден-бір қожасы атанып шыға келетінін түсінді. 1944 жылдың күзіне қарай атом бомбасын жасау аяқталды. Осы кезде осы қарумен қажетті нысанаға соққы беретін стратегиялық 509-шы ұшақ полкі жасақталды. Ал 1945 жылдың тамызында «Бөбек» және «Семіз» деп аталтын екі атом бомба Жапонияның Хиросима және Нагасаки қаласына тасталды. Осылайша АҚШ президенті Г.Трумэн атом қаруын қолдану жөнінде алғаш жарлық берген саяси басшы ретінде тарихта қалды.
1945 жылы 6 тамызда Хиросимаға тасталған «Бөбек» жер бетінен 600 метр биіктікте жарылды. Оның қуатынан бірден 300 мың адам құрбан болып, 200 мың адам түрлі жарақат алды. Қаладағы 90 мың құрылыстың 62 мыңы қирап қалды. Жапонияға тасталған бомбалар әлемді дүр сілкіндірді. АҚШ осылайша өте ғаламат қаруға ие екендіктерін көрсетті. Іле-шала осындай қару жасау жөнінде бәсеке басталып кетті. Неге десең, атом қаруына ие ел қашан да өзін қорғай алатын һәм өзгеге үстемдік ете алатын мемлекетке айналатыны аян еді.
1945 жылы Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасын тастаған соң, АҚШ әлемнің жалғыз қожасы атануға тырысып баққан. Ол үшін жаһандағы ең басты қарсыласы КСРО-ны жоқ қылу немесе «айтқанына көніп, айдауына жүретіндей» етіп, алдына тізерлету керек болды. Осы мақсатта 1945 жылы америкалық атом бобасының жетекшісі, генерал Л.Гровса «Манжурия мен Ресейдің өнеркәсіптік аудандарының стратегиялық картасы» деген ат иеленген құпия құжат әзірледі. Құжатқа КСРО-ның 15 қаласы – Мәскеу, Баку, Новосибирск, Горький, Свердловск, Челябинск, Омск, Куйбышев, Казань, Саратов, Молотов (Пермь), Магнитогорск, Грозный, Сталино (Донецк), Нижний Тагил енді.
КСРО-ның экономикасы екпінді дамуына үлкен серпін беріп отырған осы қалалар АҚШ атом бомбасының алғашқы құрбандары болуы тиіс еді. Тіпті қай қалаға қанша атом бомбасын тастау керектігі де есепке алынды. Мәселен Мәскеу мен Ленинградқа (Санкт-Петербург) алты бомбадан тасталып, күлін көкке ұшырмақ болды. 1946 жылы АҚШ алдын ала соққы беру тұжырымын жасады. Бұл АҚШ-тың Еуропадағы одақтастарынның қарулы күштерінен Қызыл Армияның саны екі есеге көбейіп, әлдеқандай жағдай болса, кәрі құрылықты санаулы аптада басып алу қауіпінен туындаған еді.
Ал 1948 жылы Пентагон КСРО-ға ядролық соққы берудің жаңа жобасын жасап шықты. Жоба «Чариотир» деп аталды. Онда бір айдың ішінде 133 атом бомбасымен Кеңес елінің 70 қаласын жермен-жексен ету көзделген. Алайда АҚШ әскерилері есептей келе, КСРО-ны толық күйрету үшін әлі де ядролық қару жеткіліксіз деп шешті һәм оны көбейту үшін бар қаржыны осы салаға салды. 1949 жылы АҚШ та «Дропшот» жобасы әзірленді. Ол жоба бойынша КСРО-ның 200 қаласына атом бомбасы тасталуы тиіс еді және соған сай бомбалармен оны жеткізетін стратегиялық ұшақтар да даяр тұрды. Әрине, бұдан кейін де америкалық генералдар бірнеше мәрте жобаның мәтінін өзгертті. Ал 1960 жылы Штаб басшылары комитеті (ШБК) ұтымды деп тапқан құжатты бекітті. Мұнда соққы берілетін нысан ретінде Варшава шартына кіретін елдердегі стратегиялық мекендер, КСРО-ның одақтастары және Қытайдың бірнеше маңызды өндіріс нүктелері қарастырылды. Дегенмен негізгі орын ретінде КСРО алынғаны белгілі. Америкалық сарапшылардың есебіне қарағанда, соққы берілген аймақтарда шамамен 360-525 миллионға жуық адам бір мезгілде қаза табуға тиіс екен. Дегенмен бұл жоба да өміршең болмады. Дәл сол кезеңде АҚШ президентінің орынтағына отырған Джон Кеннеди «жобаны жарамсыз, ақылға сыйымсыз» деп тауып, әскерилерге кері қайырды.
Содан кейін Қорғаныс министрі болған Роберт Макнамареге жаңа жоба жасауға тапсырма берді. Соғыс ісіне жетік Макнамаре «ядролық қақтығыстың түрлі жолдарын қарастыра келе, алдын ала соққы беру керек» дегенді айтты. Өйткені қарсыласының соққы бергенін күтіп тұрғаннан гөрі, сол қарсыластың соққы беруі мүмкін әскери нүктелерін жою керектігін ескерді. Демек, бірінші болып шабуыл жасау мәселесі тұрды. Алайда АҚШ-тың ядролық стратегиялық жобасы билікке Ричард Никсон келген соң тағы да өзгеріске ұшырады. Егер де КСРО тарапынан АҚШ-қа қарсы ядролық қимыл сезілетін болса, Вашингтон бірінші болып 3018 атом бомбасы мен ядролық зымырандарын Кеңес елінің төбесінен жаңбырша төгуге дайын еді. Мұндай соққыдан КСРО-ның 40 пайызы күйреп, 80 миллион адам шейіт болуы ықтимал-ды.
Әрине бұл тұста КСРО да қарап жатпағаны белгілі. 1945 жылы АҚШ жапондардың үстіне бомба тастасымен КСРО жанталаса алапат қаруды жасаудың соңына түсіп кеткен. АҚШ атомшыларының арасында неміс коммунисі Клаус Фуксте жұмыс істеген еді. КСРО соның арқасында төрт жылдан кейін әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші атом қаруы бар мемлекет атанды. Клаус Фукс 1945-1947 жылдар арасында КСРО-ға АҚШ-тың атом қару жасау туралы төрт рет құпия деректер берген. Әрине оның ішінде қаруды қалай жасау керектігі, құрылысы бәрі-бәрі айтылған еді. КСРО 1949 жылға дейін үш атом бомбасын жасап шығаруға міндеттеліп еді. Бірақ бір ғана атом бомбасын жасап үлгерді. Оны сол 1949 жылы 29 тамызда Семей полигонында жарып, сынақтан өткізді.
Сол жылы КСРО жылына 20 атом бомбасын жасайтын зауыттың құрылысын бастады. Содан бастап-ақ екі ел арасында жаппай қаруланудан және атом бомбысының көптігі жағынан бәсеке, жарыс басталып кетті. Бірақ атом бомбасы кез келген зауытта жасай беретін, жай атыс қаруы емес, күрделі. Оған уақытта керек болды. Тек 1975 жылы ғана КСРО 2530 зымыран және оған 4 мың оқтұмсық жасап шықты. Осылайша Вашингтонға қыр көрсетті. Ал АҚШ та бұл тұста 2040 зымыран және оның 8700 оқтұмсығы болды. Дегенмен оқтұмсық жағынан американдықтар басым болғанымен, арадағы 4-5 жылда КСРО оны қуып жетті.
Осылайша екі ел 1991 жылы КСРО күйреп түскенше қаруланудан жарысқа түсіп келді. Тек түбі болмай қалуы мүмкін ядролық соғыстан КСРО-ның тас-талқан болуы құтқарып қалған еді. Қазір де ядролық елдер тарапынан қандай құпия құжаттар әзірлеп, қай қарсыласына, қалай соққы беру мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Ол жағын бір құдай білер. Дегенмен қазір басы ашық бір дүние, ядролық қаруы өте көп екі ел (АҚШ, Ресей) енді қолда бар дүниені қысқартуға көшті. Бәлкім бұл да бір жақсылықтың бастамасы болар-ау. Өйткені өркениеттің жойылмауына қай-қайсы болса да мүдделі екені анық. Алдағы уақытта Ресейде 2200-1700, АҚШ-та барлығын қосқанда 6 мыңға таяу ядролық заряд қалмақ. Бұл әрине Ресейдің бұған дейін уысына ұстап келген 21 мың, АҚШ-тың да осыған тарта ядролық заряды болғанын ескерсек, осыған да шүкіршілік етуге болады.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ