Home Жаңалықтар Ахат Жақсыбаев, жазушы: Әр он ...

Ахат Жақсыбаев, жазушы: Әр он жыл сайын Әуезовтар туа бермейді

111
  • Жиырма бірінші  ғасырдағы  қазақ  әдебиетінің  деңгейі  қандай?  Бұлай  дейтінім  кейде  «қазақ  әдебитенің «алтын  ғасыры»,  өткен  ғасырдың   алпысыншы- жетпісінші  жылдары   өтіп  кетті.   Қазір айтақыр  кезеңі»  дейтіндер  көп. Бұған  қандай уәж айтасыз?
  • Әдебиет экономика  я болмаса  саясат емес,  әдебиетті  жасайтындар  – жеке  адамдар.  Сондықтан  өткен  ғасырда  қазақ  әдебиетінің  алтын  ғасыры  өтіп кетті  деп  аһ  ұруға  болмас. Әдебиет  қазірде  бар,  ертең де  болады. Тағы  қайталап айтайын  қашан да  әдебиетті  жасайтын  жеке  тұлғалар.  Мәселен  бір  Әуезовтің  өзі   әдебиеттің  көркемдік  деңгейін  қандай  биікке  көтерді. Қазақты  әлемге  танытты.  Ұлы  ақынымыз  Абайды айтайық, сонау  Шыңғыстауда  туып-өсіп,   ақыл-ойдың  дүниежүзілік  алыптарымен  теңесті.  Қазір  Абайсыз  сөз айтпаймыз.   Міне  жеке адамдардың  тындырған  ісі.   Кезінде  Ғабиден   Мұстафин айтып  отырушы  еді,  «таразының  бір  шетіне  Абайды, екінші  шетіне  қазақтың  өзге  жазушы-ақындарын  қойсақ,  Абай  тұрған  жақ  басып  кетеді»  деп.   Ащы  шындық  осы.   Қазір  неге  ондай  ірі  тума  таланттар  жоқ  дейтін  болсақ,   жауабы  оңай. Демек  ондай сом  таланттар  әлі  туған  жоқ. Шындығына  келсек,  әр  он  жыл  сайын  Әуезовтар  туа  бермейді. Кезінде  сол  Әуезов   Исаға    қаратып,  «Иса жүз  жылда  бір  рет  дүниеге келетін тұлға»  деген. Рас,  қазір  суырып  салма, айтыс  ақындары  толып  жатыр.  Бірақ   иісі  қазақ  үшін  Исаның  орны  бөлек. Сондықтан  әдебиет  деген  ешқандай  жоспарға,  міндеттеуге   бағынбайтын  дүние.   Жетпісінші   жылдары  қазақ  әдебиетіне ірі  дарындар  келді. Әбіш  Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Қалихан  Ысқақов, Қабдеш  Жұмаділов,  Оралхан  Бөкей, Дулат  Исабеков,  Бексұлтан   Нүржекеев  Әнес  Сараев  және  тағыда  басқалар. Бұлардың  бәрі  қазақ  әдебиетін  үлкен  деңгейге  көтерді.   Бұлардың  қай-қайсысы  да   әлемге аты  кеткен  ұлы тұлғалармен  теңесе алады.  Олардан  кем    түспейтін,  классиктер.
  • Бұл айтқаныңызға  сөзсіз  қосыламын,  өйткені, кейде  кітапты  қолға ала  қалған  оқырман,  бүгінгі емес,  кешегі   алпысыншы,  жетіпісінші,  тіпті  сексенінші  жылдары  әдебиетке  келген  буындардың  шығармаларын   оқуға  тырысады. Ал бүгінгі  жастардікі   неге екені  қайдам, әлжуаз,   көркемдігі кем,   көбіне шетел  жазушыларына еліктеу-солықтаудан аса алмаған, түсініксіздеу туындылар. Ал  ондай  шығармалар оқуға  да ауыр һәм  ешқандай  ләззатта ала алмайсың  деседі…
  • Мүмкін. Бірақ, кітап оқылмайды  деп   айта  алмаймын.  Бізде кітап  саудасы  жоқ. Тираж өте  төмен. Өкініштісі  қазір  мемлекет  кітап  шығаруға,  таратуға,  тиаржына  еш  көңіл  бөлмейді.   Қысқасы  кітап  саудасы  құрыды. Бұл  үлкен  идеология. Қазақстанда  10 миллион  қазақ  бар  дейміз. Бірақ  шығаратын кітабымыздың  тиаржы,  2000 дана.  Ол  неге  жетеді. Тіпті республикалық кітапханалардың  өзіне  жетпей  жатады. Дүкенге  түспейді  де. Басты  мәселе  бұл  жерде  кітаптың  таралуында,  халыққа  жетуінде  жатыр. Кезінде  мен істеп  жүргенде  «Жұлдыз»  журналының  тиаржы 222  мың  болатын.   Қазір  не  бәрі  4  мың  дана.   Міне  көрдіңіз  бе? Оқырман  бар,  бірақ  соған  жол  таба  алмай  жатырмыз. Ал  жастардың  шығармасы  көп  оқыла  бермейді  дейсің,   бәлкім  олар  жаңа  стиль, жаңа жол  іздейтін  шығар.    Бәлки  содан  олардың  жазғандары, ауырлау, түсініксіздеу  келер.   Жалпы  патша  көңілді  оқырман   өзі  таңдау  жасайды  ғой  кімді  оқығысы  келсе  де. Сондықтан  мынаны   оқы,  оны  оқы  ма дей  алмайсың. Жастар арасында  дарындар  жоқ  емес. Бар.  Көрініп  жүр.  Әлі де  танылады.  Пушкин     жиырма  жасында керемет  өлеңдер  жазды.  Саттар Еурбаев  23  жасында  «Менің  құрдастарымды»  дүниеге әкелді. Осылардай  дарынды  ұл-қыздар  ортамызда   жоқ  деге аузым  бармайды. Жиырмасыншы  ғасырда Абайдай  дана,  ғұлама ақынды, Әуезовтай    кемеңгер  ұлы  жазушыны   берген   ұлтымыз,  жиырма  бірінші  ғасырда  да  жаңа  Абайды, Мұхтарды  бере алады деп  бек  сенемін.
  • Әдебиет  ардың  ісі  деп  жатады,  осы  бір киелі  сөзді   қаншалықты  бағамдай алып  жүрміз.
  • Біреуді арлы,  біреуді  арсыз  деп  бөлуге  болмас.  Әдебиетке  әркім  әр  түрлі  жолмен келеді.  Қал-қадірінше  еңбек етеді,  талантының  мүмкіндігіне  қарай   жазады. Әдебиет  ардың  ісі  деген,  меніңше  әдебиетке  деген адалдық.  Яғни  өз  ісіңе деген адалдық. Барыңды   сығып  беру. Қойылар  талап  біреу  ол- жассың  ба,  кәрісің  бе,  қай  заманда  өмір  сүр,  бәрібір  ең  бастысы  сол  өмір  сүріп  отырған  заманыңның  шындығын  бүркелемей   беру,  көркем  жазу,  шыншыл  жазу. Осыларды  адал атқарсаң,  сол арыңның  үдесінен  шыққаның  болып  табылады.
  • Бұл енді  барлық  жазушыға  қойылатын ортақ  талап  қой.   Ал  ақ  парақтың  алдында  өзіңізге  қандай  талап  қоясыз…
  • Әдебиетіміздің классигі  Ғабиден  Мұстафин ақсақалмен  кезінде  көп араластым  дедім  ғой.  Сол кісі  айтатын,  «ақ  қағаздың  алдында  дүниені   шыр айналдырасың.  Өйткені  өзің  би,  өзің  қожасың, патшасың, қаламың  қолында  сен кейіпкерлерді  қалай  көрсетем  десең  еркіңде. Ал  жазғаның шыққан  соң,  сен сондай  именшек,  жасқаншақ  боласың. Өйткені жазғаныңды  жұрт қалай  қабылдайды, қалай бағалайды.  Соны  ойлайсың. Жақсы  бағаласа  мәртебең  өседі,  сынға  іліксең тауың   шағылады» дейтін.  Шындығы  осы.  Рас,  кейде  көрікті  ой  қағазға  түскенде  қожырап кетеді.   Ақ  қағаз алдында не  жазамын,  қалай  жазамын,    не айтамын  деп  арпалысқа  түсесің.  Жазу  айтарға  оңай  болғанмен,  аса қиын,   азапты  іс. Жұрттың  бәрі  Толстой  не  болмаса Әуезов  емес. Бойыңдағы  барыңды  сығып,  оқырманға тек    шырынын  ғана  ұсынуға  тырысасың. Жазу  үстеліне  отырғанда,  не  жазсам да түсінікті,  көркем  жазсам,  уақыттың    тынысын  дөп  баса алсам  деген  ой  тұрады.
  • Жалпы жазушыда   жазудан  алған  ләззат    па  әлде  қиыналыс  басым  бола  ма?
  • Қиналыс басым  болатын  шығар. Олай  дейтінім, бір  шығармаңды  жазу  үшін,  қанша ма  толғанасың, кейіпкерлерді  іштей  сомдайсың, зерттейсің, ізденесің.  Мұның  бәрі  ұзақ  үрдіс. Отыра  қалып  төпеп,  жаза  салам деуге  болмайды.  Кейде  бір  әңгімені   бір ай  жазуға  тура келеді. Ал  қомақты  дүниелер   бір  жыл  бәлки  он  жыл  жазылуы  мүмкін. Қара  сөз  асыққанды  қаламайды. Қашанда  қапсыз   ойланған  дүниеден  жақсы  шығарма  туады. Сәтті  шыққан  дүниеңнің  соңғы  нүктесін  қойған  кезде, бар  шаршағаныңды  ұмытасың.  Жеңілдейсің. Ләззат алу  деген  осы  шығар.
  • Қазіргі жастар,  өткен  ғасырдың  жазушыларын көбіне  менсіне бермейді. «Социализм  жыршылары»  дейді.   Бұған  не  дейсіз?
  • Өткен заманды,  сол кезде  жасалған  әдебиетті  жоққа  шығаруға  болмайды. Әр  замманың  өзіне  тән  әдебиеті,  өзіне  сай  образдары, уақытқа  сай  айтылар  ойлары  болмақ.   Мейлі  кейіпкерің   парторг па, зоттехник  пе,  құрылысшы  ма,  қойшы  ма,  бәрібір. Мәселе  соларды  қалай  бере  білуде,   олар  нені  ойлайтынында,  қоғамға  деген  көзқарасында,  ұстанымында.  Менде  ол  заманның  өкілімін. «Егес», «Бөгет», «Қорған»    сынды  негізгі  романдарым  сол  кезде  жазылды.  Бірақ  мен  ол  шығармаларымнан  бас  тартпаймын,  қайта  мақтаныш етемін. Ол  менің  еңбегім.  Онда  менің  қоғамға  деген  көзқарасым,    өмірілік  ұстанымым, сенімім  бар. Бар қажыр-қайратымды  жұмсап, шама –шарқымша  жазғам  шығармам. Мен    кеңес  заманындағы  жұмысшы  жандардың  тірлігін  қолымнан  келгенше  боямасыз  беруге   тырыстым. Ондағы  кейіпкерлер  қарапайым  жұмысшы  болғанымен,  олардың  өмірге  деген,  қоғамға  деген  өзіндік  көзқарасы,  пікірі  бар  жандар.  Өзінше  еңбек етті,  өздерінше  әделетсіздікпен  күресе білді.

 

 

  • «Қазір отаншылдық  сезім  жоқ. Отанды  сүю  кем»  деген   сөз  жиі  естиміз. Сіз  бұған  не  айтасыз?
  • Отаншылдық  сезім  тәрбиеге  тіреледі.  Жапондықтардың   үлгі   боларлық  қасиеті-  бір ауыздылығы, отаншылдықтары.  Кезкелген  жапон  азаматы «Жапонияның   қожасы-менмін»  деп  ойлайды  және  соған  сенеді.    Ал  өзіміздің  Сұлтанмахмұт  Торайғыров  «Айтыс»  поэмасында:

«Мен-қазақ,   қазақпын  деп  мақтанамын,

Ұранға  «алаш»  деген  атты аламын.

Сүйгенім  қазақ  өмірі,   өзім  қазақ

Мен  неге қазақтықтан  сақтанамын»  деген екен.   Міне,  нағыз  отаншылдық, ұлттық  мақтаныш  деген  осы.   Француздар «Франция  жасасын!  Бәрі  де  Франция  үшін» деп, асқақ  сезіммен айтады.   Американдықтар   қай  жерде  жүрсе  де  «Біз  американдықпыз»   дегенді  мақтан  тұтып, өздерін  биік  санауға   дағдыланған.  Ататүрік айтқан екен: «Мен-түрікпін  деген  қандай  бақыт. Түрік  болып  туғаныңа  мақтан»  деп  ұран  тастапты. Бізде  осы  жетіспейді.

tazael.kz

 

Алдыңғы жазбаАтом – шоқпар ма әлде қорған ба?
Келесі жазбаТоқаев 2020 жылы өтетін форумды экология мәселелеріне арнауды ұсынды