Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, Dodanews.kz
Қазақстан тәуелсіздігін енді ғана жариялаған тоқсаныншы жылдардың басында елдің алдында тұрған ең үлкен сынның бірі – экономика емес, ұлтаралық тұрақтылық еді. Кеңес Одағы ыдырап, Кавказ отқа оранып, Балқан қанға бөгіп жатқан шақта Қазақстанда жүзден астам этнос өмір сүрді. Сол кезеңде Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ол кезде бұл идеяның өз уақыты үшін маңызы болды. Көпшілік оны Қазақстандағы шағын Біріккен Ұлттар Ұйымына теңеді. Әлемге үлгі болатын ерекше модель ретінде көрсетті. Халықаралық мінберлерде мақталды. Ішкі саясаттың басты жетістігі ретінде насихатталды.
Бірақ уақыт өте келе кез келген институтқа бір ғана сұрақ қойылады. Ол өзіне жүктелген міндетті орындады ма?
Меніңше, Қазақстан халқы Ассамблеясының ең үлкен трагедиясы – өзінің миссиясын өзі жоққа шығарғанында.
Өйткені бұл ұйым мерекелерде ғана бар болып шықты.
Сахнада болды.
Концертте болды.
Форумдарда болды.
Сессияларда болды.
Ал қоғамға шын мәнінде қажет болған сәттерде көзге көрінбеді.
Қазақстан тарихында қазақтар мен түрлі этностар арасында бірнеше ауыр жанжал болды. Қазақ пен күрд арасында болды. Қазақ пен шешен арасында болды. Қазақ пен ұйғыр арасында болды. Қазақ пен дүнген арасында болды. Әр жолы қоғам бір сұрақ қойды: «Ассамблея қайда?»
Егер ұлтаралық татулық үшін құрылған ұйым дәл сондай қиын сәтте үнсіз қалатын болса, онда оның негізгі міндетін кім атқаруы керек еді?
Жүздеген этномәдени орталықтарды біріктірген, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылған, Президенттің тікелей қамқорлығындағы құрылым дәл сондай кезде халықтың арасына шығуы керек емес пе еді? Қарсы отырған екі тараппен сөйлесуі керек емес пе еді? Ашық үндеу жасауы керек емес пе еді? Қоғамға сенім беруі керек емес пе еді?
Өкінішке қарай, Ассамблея көбіне ресми мәлімдемелердің көлеңкесінде қалып қойды.
Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе бар.
Ассамблеяны халық азаматтық институт ретінде емес, биліктің бір тетігі ретінде қабылдай бастады.
Өйткені оған ерекше өкілеттіктер берілді. Ассамблея атынан Президент Сенатқа депутаттар тағайындады. Мемлекеттік деңгейде айрықша мәртебе қалыптасты. Бірақ соған сай қоғамдық жауапкершілік байқалмады.
Сенатқа депутат жіберу құқығы болды.
Ал халықтың арасына барып, қоғамдық жанжалды тоқтатудағы ықпалы қайда болды?
Міне, қоғамның көңілінде қалған басты сұрақ осы.
Көптеген адамдар Ассамблеяны мәдени орталықтардың үйлестірушісі ретінде ғана көрді. Наурыз мерекесі, ұлттық тағамдар фестивалі, концерттер, форумдар… Мұның бәрі керек шығар. Бірақ ұлтаралық келісім концертпен өлшенбейді. Ол адамдардың бір-біріне деген сенімімен өлшенеді. Ал сенім сын сағатында қалыптасады.
Қазақстанда болған әрбір этносаралық жанжалдан кейін тағы бір шындық ашылды. Қоғам мәселесін ақсақалдар, жергілікті белсенділер, құқық қорғау органдары немесе әкімдіктер шешуге тырысты. Ал осы жұмыстың дәл ортасында жүруі тиіс Ассамблея көбіне сырттай бақылаушының рөлінде қалып қойды.
Сонда заңды сұрақ туады.
Егер сондай ауыр кезеңдерде бұл ұйымсыз-ақ мәселе шешілсе, онда Ассамблея нақты не үшін керек болды?
Бұл сұрақты бүгін ғана қойып отырған жоқпыз. Соңғы он шақты жылда әлеуметтік желілерде де, сарапшылар арасында да осы мәселе қайта-қайта көтерілді. «Ассамблея халықтан алыстап кетті», «ол тек протоколдық органға айналды», «қоғамдық ықпалы жоқ» деген пікірлер жиілей берді. Әрине, оның жұмысын қолдаған азаматтар да болды. Олар бұл құрылымның көзге көрінбейтін деңгейде келісімді сақтауға үлес қосқанын айтады. Бірақ кез келген мемлекеттік институттың ең басты капиталы – халықтың сенімі. Ал сенім әлсіреген кезде кез келген құрылымның болашағы да бұлыңғырланады.
Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалар барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының бұрынғы моделінен бас тартып, оның орнына Қазақстан Халық Кеңесін құруы кездейсоқ шешім емес сияқты. Бұл қоғамның өзгерген сұранысына берілген жауап деуге болады. Ендігі жерде жаңа құрылым тек этномәдени бірлестіктердің емес, бүкіл азаматтық қоғамның пікірін тыңдайтын алаңға айналады деген үміт бар.
Бірақ атауды ауыстыру жеткіліксіз.
Егер жаңа Кеңес те бұрынғы Ассамблеяның сүрлеуімен кетсе, онда бірнеше жылдан кейін дәл осы әңгімені тағы қайталаймыз.
Өйткені мәселе атауда емес.
Мәселе адамдарда.
Мәселе жауапкершілікте.
Мәселе халықтың арасына шыға алатын батылдықта.
Қазақстанға ұлтаралық келісіммен айналысатын институт, сөзсіз, қажет. Бірақ оған ешкімнің дауы жоқ болғанымен, ол мекеме кабинеттен емес, қоғамның ортасынан табылуы тиіс. Ол ресми жиындардың безендірілуі үшін емес, қиын күндері халықтың жанынан көрінуі үшін құрылуы керек.
Ассамблеяның тарихы – Қазақстан тарихының бір кезеңі. Оның алғашқы жылдардағы рөлін жоққа шығаруға болмайды. Алайда кез келген институттың бағасын өткендегі атағы емес, бүгінгі нәтижесі анықтайды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы тарихқа айналды. Енді оның қызметіне бағаны саясаткерлер емес, уақыт береді. Тарих ешбір институтты өткізген форумдарының санымен бағаламайды. Ол қоғамға қиын сәтте қаншалықты қажет болғанымен өлшейді. Егер бір ұйым ең ауыр кезеңдерде халықтың жанынан табылмаса, оның мәртебесі де, қаржысы да, салтанатты жиындары да тарих алдында дәлел бола алмайды. Сондықтан бүгінгі басты сұрақ – Ассамблеяның жабылғаны емес. Басты сұрақ – неге ол өзіне сеніп тапсырылған тарихи миссияны толық атқара алмады?
Қысқасы, Институттардың ғұмыры заңмен емес, қоғамның сенімімен өлшенеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы осы ақиқатты тағы бір мәрте дәлелдеп берді.

































