Home Қоғам Өскен шек, азайған мүмкіндік

Өскен шек, азайған мүмкіндік

25

Қазақта «артық қылам деп тыртық қылды» деген сөз бар. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеткілікті шектің кезекті рет өсуіне қарап отырып, осы мақал еріксіз еске түседі. Мемлекет бұл қадамды азаматтардың болашақтағы қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасап отырғанын айтады. Алайда сол қамқорлықтың салдарынан мыңдаған қазақстандық өз жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігінен айырылып отыр. Сондықтан қоғамда туындаған сұрақ заңды: бұл шешім халықтың мүддесіне қаншалықты сай келеді? Ресми түсіндірмеге сүйенсек, жаңа әдістеме бұрынғыдан әлдеқайда күрделі. Енді азаматтың қазіргі жасы ғана емес, зейнетке шығуына дейінгі мерзім, болашақ жарналар, инвестициялық табыс, өмір сүру ұзақтығы сияқты факторлар ескеріледі. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет ертеңгі күні зейнеткердің қалтасы жұқа болмауы үшін оның шотында бүгін көбірек қаржы қалдыруды көздейді.                                           Бір қарағанда, бұл қисынды ұстаным. Өйткені зейнетақы қорының басты міндеті – азаматты қартайған шағында табыссыз қалдырмау. Әсіресе мұнайдан түсетін кіріс азайып, әлеуметтік шығындарға түсетін жүктеме артып жатқан кезеңде жинақтаушы жүйенің маңызы бұрынғыдан да күшейіп келеді.  Алайда экономикалық теория мен өмір шындығы әрдайым қабыса бермейді. Қазақстандағы қарапайым азаматтың еңбек жолы оқулықтағы мінсіз формулаға ұқсамайды. Бірі жұмыссыз қалады, бірі декреттік демалысқа шығады, бірі тұрақсыз табыспен күнелтеді, енді бірі бейресми еңбек нарығында жұмыс істейді. Сондықтан қағаз жүзінде дұрыс көрінетін есептеулер өмірде көпшілік үшін қолжетімсіз болуы мүмкін. Мәселен, 30 жастағы азаматтың жинағы «артық сома» санатына енуі үшін оның шотында шамамен 9,75 миллион теңге болуы керек. Сарапшылардың есебіне сүйенсек, мұндай межеге жету үшін 18 жастан бастап ай сайын 630-650 мың теңге көлемінде тұрақты ресми табыс қажет. Ал 20 жастағы азамат үшін белгіленген 6,67 миллион теңгелік шек тіпті қиялға жақын көрінеді. Мұнда мәселе адамның еңбекқорлығында емес, елдегі нақты экономикалық жағдайда. Сондықтан халықтың бір бөлігі жаңа талаптарды өмірден алшақ шешім ретінде қабылдап отыр. Өйткені «ертеңгі күннің қамын жеймін деп, бүгінгі күнді ұмытпа» деген де сөз бар. Көптеген отбасы үшін тұрғын үй мәселесі немесе денсаулыққа қатысты шығындар қырық жылдан кейін емес, дәл қазір маңызды. Сонымен бірге жеткілікті шектің өсуін сынаған пікірлердің бәрін біржақты дұрыс деуге болмайды. Соңғы жылдары зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану тұрғын үй нарығына орасан зор қаржы ағынын әкелді. Бір жағынан, бұл мыңдаған адамның баспана мәселесін шешуге көмектесті. Екінші жағынан, тұрғын үй бағасының шарықтауына әсер етіп, нарықтағы тепе-теңдікті бұзды. Яғни зейнетақы ақшасы әлеуметтік құралдан гөрі экономиканың жекелеген секторларын қолдау тетігіне айналып кеткен сәттер де болды. Алайда бұл жерде мемлекеттің алаңдауына негіз жоқ емес. Бүгін қолындағы жинағын тұрғын үйге немесе өзге қажеттілігіне жұмсаған адам ертең зейнетке шыққанда сол шешімінің салдарын толық мойнына ала ма? Бар  мәселе  осында.  Өйткені адам табиғаты сондай: бүгінгі қажеттілік ертеңгі қауіптен әрдайым басым көрінеді. Бірақ уақыт өткен сайын сол еркін шешімнің жауапкершілігі де ұмытылады. Ал әлеуметтік мемлекет үшін қартайған азаматтың мәселесіне көз жұму ешқашан оңай болмайды.

Шын мәнінде бұл жерде екі түрлі мүдде қақтығысып тұр. Біріншісі – азаматтың бүгінгі қажеттілігі. Екіншісі – оның ертеңгі қауіпсіздігі. Мемлекет болашақ кедейліктің алдын алғысы келеді. Ал азамат қазіргі өмір сапасын жақсартуға ұмтылады. Екі тараптың да уәжі негізсіз емес. Сондықтан жеткілікті шектің өсуін біржақты жақсы немесе жаман шешім деп бағалау қиын. Ұзақ мерзімде бұл болашақ зейнеткерлердің қаржылық тұрақтылығын күшейтуі мүмкін. Бірақ қысқа мерзімде миллиондаған азамат үшін өз жинағына қол жеткізуді күрделендіріп отыр. Оның үстіне жаңа талаптар табысы жоғары әрі тұрақты азаматтарға тиімді болғанымен, орташа табысы бар адамдар үшін қолжетпес межеге айналып барады.                                                                                                              Мәселенің түйіні жеткілікті шектің қанша миллион теңге болғанында емес. Негізгі сұрақ – қазақстандықтардың сол шекке жететіндей табыс табуға мүмкіндігі бар ма? Егер азаматтардың жалақысы мен экономикалық мүмкіндігі өспесе, кез келген жаңа меже қағаз жүзіндегі көрсеткіш болып қала береді. Сондықтан мемлекет тек шекті көтерумен шектелмеуі керек. Зейнетақы активтерінің табыстылығын арттыру, инвестициялық саясаттың ашықтығын қамтамасыз ету, ресми жұмыспен қамтуды көбейту және халық табысын өсіру мәселесі қатар жүруі тиіс. Әйтпесе бүгінгі даудың түп-төркіні шешілмейді.  Бүгінгі пікірталастың өзегі де осы: мемлекет халықты болашақ кедейліктен қорғағысы келеді, ал халық бүгінгі қиындықтан құтылғысы келеді. Екі мақсаттың да жөні бар. Бірақ әзірге осы екеуінің ортасынан «арба сынбай, өгіз өлмейтін» жол табылған жоқ. Өкінішті.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ,  «Байтақ»  жасылдар  партиясының төрағасы

Алдыңғы жазбаБЖЗҚ 2026 жылға арналған жаңа жеткілікті шекті жариялады