Алла амандығын бергенде Оралхан ағам, бүгін 81 жасын тойлап жатар еді-ау. Амал қанша, «жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, иісі қазақтың қабырғалы жазушысы «Мәңгілікке ұласатын ұлылық – жалған дүниені майша шылқыған жалпақ табанымен жалпағынан басу емес, тіпті ілініп-салынып алжығанша жасау да емес, артыңа өшпес із қалдырып, арғымаққа мінгендей асығыс зулап өте шығу, яғни өз өміріңді оқыс әрі әдемі аяқтау» деп өзі жазғандай, қазақ әдебиетінің көгінде жасындай жарқ етті де ағып түсті…
Бірақ артына өшпес мұра қалдырып кетті.
(Бұл жазба 2013 жылы жазылып, «Айқын» газетінде жарық көріп еді. Оқырманға қайта ұсынуды жөн көріп отырмын)
Оралхан Бөкей – қазақ оқырмандары үшін қастерлі де қасиетті және оқырманы ең көп жазушы. Оның әр бір шығармасын жұрт асыға күтті. Ал қолына қалам ұстаған жастардың арасында Оралханға еліктемегені аз шығар. Оралханша жазу – әр кімнің арманы еді. Оралхан Бөкеев Алтайдың мұзарт шыңдарынан бүкіл қазақ халқының заңғар көгіне самғап ұшқан темірқанат қыраны еді. Бірақ қазақ әдебиеті көгінде жарқырап қалай тез көрінсе, батуы да тез болды. Егер де Оралхан тірі болғанда, «Осы өтіп жатқан күндер қиыннан гөрі құйынға ұқсаңқырап бара ма, қалай? Алымды, жалынды деген жастардың өзін ұйытқытып ала жөнеледі де, ұйықтата салады. Көріп отырып көзің күйеді.Өмірімен де, өнерімен де жаңа сипатта танылған Оралхан секілді айбозым (олар көбейіп кетті) қаламгерлер қазасы төңірегінде ойлағанда тағдыр бізге артықша интелектіні көпсінетіндей көрінеді: осылар қазақ жұртына ең бір керек уақытта, кемелдене бере опат болғандай бұл құдайға не жаздық?! Оған жауап жоқ. Қолдан келетіні – көзіміз жасаурап баяғы сол халыққа қарай береміз, орны толмастың ізбасар жұбанышын жұртымыздан ғана күрсіне отырып күтеміз…» деп қазақтың тағы бір дарынды ұлы, үлкен ақыны Хамит Ерғалиев көзіне жас алып отырып, естелік айтпас еді ғой.
Қаламдастары оны Кербұғы дейтін. «Жүрісі де, тұрысы да кербез, жұмбақ, өр де астам, басынан сынық түймедей сөз асырмайтын түз тағысы – Кербұғы келіп қосылған…., лапылдап көп сөйлей де бермейтін, ал, айтыса кетсе, түйдек-түйдек ойларын бұлтартпайтын дерек-дәйектермен дәлелдеп, қарсыласының үнін өшіретін, жарты сағат сөйлесе, бір сөзін екінші қайталамайтын шешен…» десетін әріптестері. Марат Қабанбайша айтқанда, «Цензураның мың ширатылған қызыл жылан жіптерімен қол-аяғы мықтап байланған О. Бөкей кеңесті кемсітудің жолын дәл тапты; ол – қазақты биіктету, рухын ояту…
Қаламгер сондықтан да кітаптан кітапқа қазағын Алтайдың асқар шыңына өрлете берді. Ең аяғында, өзі де қасқа құлынын жетектеп, қар жамылған Мұзтаудың ұшар биігінде күнге қасқая қарап, Кербұғыдай қарысып тұрып қалды. Мәңгілікке!». Оралханның бергенінен берері көп еді-ау.
Сонау «Қамшыгер» жинағынан бастап, өз шабытына қамшы салған дарабоз дарын ең ақыры «Ұйқым келмейдіге» дейін қаншама дүр-дүниелерді өмірге әкелді. Амандығын бергенде биыл 70 жасқа толатын жазушы, өр Алтайдың төрінде мерейтойын атап өтіп жатар ма еді, әттең!..
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ «Айқын» газеті. 2013 жыл