Көлеңкелі экономиканың индикаторы – мемлекеттік тапсырыс, бюджеттік жобаларды қаржыландыру мәселесін айналып өтуге тырысатын тенденция байқалады.
Үкіметке өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырған топтың қандай санатқа жататынын және ІЖӨ мультипликативті әсерінің көлемін анықтап алатын кез енді келді.
Алматыдағы бизнестің 20- 30 пайызы көлеңкеде жұмыс істейді екен. Бұл туралы Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қанат Балтабеков айтты. Бірақ соған қарамай, 2018 жылы Алматы мемлекеттің доноры мәртебесін ешкімге берген жоқ. 2018 жылы Алматының мемлекеттік табыс департаменті 1 трлн 695 млрд теңге салық жиған. Оның 372 млрд теңгесі Алматының бюджетіне, өзгесі мемлекеттік бюджетке түскен.
Мемлекет, қала берді қала басшылары құзырлы орындар мен кәсіпкерлер арасындағы байланысты ізгілендіруге, басқаша айтқанда мәжбүрлі шара емес, түсіндіру, кездесу арқылы шешпек болған әрекеттері әзірге нәтиже берер емес.
Ресми емес мәлімет Алматыдағы бизнестің 50 пайызы көлеңкелі экономикаға жұмыс істейтіні осыған дейін де айтылған болатын. Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қанат Балтабековтың айтқанынан ұққанымыз, ол 30 пайызға төмендепті. Соның өзімен күресу Алматыға оңай болып жатқан жоқ.
« Көлеңкелі экономикаға жұмыс істейтін 20-30 пайыз бизнестің жұмысын заңдастыру оңай емес. 2018 жылы құны 1,6 млн теңге болатын 2 млн шөлмек арақ-шарап өнімдері тәркіленді. Арақ -шарап дайындайтын 14 жасырын цех жойылды », –дейді Қанат Балтабеков.
«Бизнес -Сервиз» кәсіпкерлерге қызмет көрсететін орталықтың өкілі Ерлан Владимиров «Алматының салық жинау жоспарын асыра орындайды» деген дерекке күмәнмен қарайтынын айтады. Дағдарыс кезінде «салық жоспарының асыра орындалуына не себеп болды? » деген сауалға Ерлан Владимиров былай жауап берді.
«Алматы экономикасының «көлеңкесін » арақ-шараппен шектеп қою аз. Салық жинаудың механикалық тәсілдерін шектен тыс асыра пайдаланды. Басқа жол жоқ. Қазақ үкіметі тарапынан көлеңкелі бизнестің үлесі 20-25 пайыз деген деректер жиі айтылады. Дамыған елдердің ішкі жалпы өніміндегі көлеңкелі экономиканың үлесі 23-28 пайызды, дамуды бастан кешіп жатқан елдердегі үлесі 40-44 пайызды құрайды екен. Ал біздің елдегі көлеңкелі экономиканың үлесі 19 пайыз бен 20 пайыздың арасында құбылып тұрады екен.
«Қөлеңкелі экономиканың үлесі 20-30 пайыз деген деректер енді айтыла бастады. 20-25 пайыздық үлес экономиканың құлдырап кетуіне ықпал ете алмайтын фактор. Бұл дерек рас болса, үкімет ауылдағылардың сүт сатып тапқан табысына көзін сүзбейтін еді. Біздегі жағдайды тыңғылықты зерттеу керек. Бұрын көлеңкелі экономика тек ішкі нарықта еді, енді оған сыртқы фактор қосылды.Соңғы кездері ҚХР немесе Қырғыз елі сауда айналымында қосарланған көрсеткіштер айтыла бастады. Мұны да назарға алуы керек. Алматының көлеңкелі экономикидағы үлесі Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қанат Балтабеков айтып отырғанындай, 20-30 пайыз болса, Алматының әлеуметтік сипаты, салық түсімі де басқаша болар еді », – дейді Ерлан Владимиров.
Ерлан Владимиров еліміздегі сауда, құрылыс және қоғамдық тамақтандыру, қонақ үй бизнесі, қоғамдық көлік саласындағы әрбір екінші -үшінші нүктенің көлеңкелі экономикаға жұмыс істеп жатқанын айтады. Құрылыс, азық-түлік өнімдерін шығарып, қара базардағы көше саудасы арқылы саудалау, маусымдық жұмыстарды ұйымдастырудағы бейресми экономикалық қызмет түрлерінің бәрі -көлеңкелі экономиканың басты факторлары.
«Қолма -қол ақша жүрген кезде көлеңкелі экономика қатар дамып отырады », – дейді Ерлан Владимиров.
Бірақ осыған қарамай, үкіметтің назары өзін -өзі жұмыспен етіп отырған формальды емес секторға ауып отыр.
Маманның пайымдауынша, көлеңкелі экономиканың экономикалық себептері – жұмысын дұрыс үйлестіре алмай отырған қаржы ұйымдары, бизнесті заңды жұмыс істеуге кедергі келтіріп отырған әкімшілік кедергілердің көптігі және экспорттық-импорттық қаржылық операция кезіндегі жалған құжаттар.
«Үкіметке өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырған топтың қандай санатқа жататынын және ІЖӨ мультипликативті әсерінің көлемін анықтап алатын кез енді келді. Олардың экономикалық емес, әлеуметтік сипаты басым. Қорасындағы тауығы мен сиырының сүтін сатып, бала -шағасын асырап отырғандар – қылмыстық топ емес, өлместің күнін көріп отырған, әлеуметтік жағынан аз қорғалған топ», –дейді Ерлан Владимиров.
Ерлан Владимировтың пайымдауынша, өлместің күнін көріп отырған формальды емес сектормен күрес, ішкі нарықтағы жаңадан пайда болған кәсіп көзінің тынысын жауып, ірі ойыншыларға жағдай жасауды көздейтін тәсіл.
« Көлеңкелі экономиканың индикаторы – мемлекеттік тапсырыс, бюджеттік жобаларды қаржыландыру мәселесін айналып өтуге тырысатын тенденция байқалады. Бұл қауіптің басы. Тым болмаса орта мерзімдік кезеңге арнайы бағдарлама қабылданып, көлеңкеге кетуге бейім тұратын салаларды анықтап алуымыз керек», – деген Ерлан Владимиров Қазақстандағы бизнес -элита шоғырланған Алматының көлеңкелі экономика секторы Үкіметтің ерекше бақылауына алынуы тиіс екенін айтады.
«Алматы экономикасын көлеңкеден шығару – мемлекеттің бизнес саясатына ықпал етеді. Ауылдағы көлеңкелі экономикада жүрген шағын бизнес Алматы мен Астанадағы жағдайға қарап әрекет етіп, бизнестерін заңдастырып, жариялы жағдайға көшеді », –дейді Ерлан Владимиров
Саясаткер Досым Сәтпаев та «көлеңкелі экономиканың үлесі 30 пайыздан асып кеткен» деген пікірді айтады. Үкімет, көлеңкемен күрес мәселесін қолға алғанына біраз болса да нәтиже аз. Үкіметтік деңгейде қабылданған құжаттар орындалған жоқ. 2012 жылы Ұлттық экономика министрлігі көлеңкелі экономикамен күресте 2 жылға арналған Кешенді жоспар қабылдаған болатын. Бас -аяғы 9 бөлім, 82 беттен тұратын кешенді жоспарда жүзеге асырылады деген 10 міндеттің 100 – 2013 жылға дейін, қалғаны – 2013-2018 жылдар арасында орындалуы тиіс еді. «Көлеңке экономиканың» ықпалын әлсіретеді деп үміттенген сол 82 беттік құжат 6 жылдан бері Үкімет дәлізінен бері жылжыған жоқ.
«Ел экономикасының 30 пайызы көлеңкелі экономикаға тәуелді болса, ол біреулерге керек, оны біреулер қолдап отыр деген сөз. Оны жарыққа шығарамыз деп базарларды жауып тастау немесе ауылда сиырынын сүтін сатып күн көріп отырғандарға салық сау мәселені күрделендіріп жібереді», –дейді Досым Сәтпаев.
Досым Сәтпаев базарларды өртеу дүкендері мен асханаларын жабумен мәселе шешілмейтінін айтады. Үкімет тіркеліп, салығын төлеп, жұмыс істеп жатқан ШОБ-ке көлеңкелі экономика секторына бәсеке болатындай жағдай қалыптастыру керек.
Сарапшының пайымдауынша «көлеңкелі экономиканың институциональды себептері көп. Бюджет қаржысын бөлу кезіндегі тәуекелдерді бағалау жүйесінің дұрыс үйлестірілмеуі мен инвестициялық жобалардың шығындарын жоспарлау кезіндегі бақылаудың аздығы да «көлеңкелі экономиканың » көрігін қыздырады екен.
«Кәсіпкерге біреулерден тығылмай, мемлекетті алдамай кәсібін жүргізуге болатынын нақты шешімдермен дәлелдеу керек. Жұмыссыз қалған адамдарды екінші мамандыққа бейімдеу есеп беру үшін емес, мемлекеттің ішкі нарықтықтағы қажеттілігі үшін жүргізілуі тиіс. Мұның бәрі көлеңкелі экономиканың ықпалын әлсірететін факторлар », – дейді Досым Сәтпаев.
Рауан Ілиясов