Home Жаңалықтар Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: ...

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Шіркін, қазақ руым деп емес, қазағым деп өліп тұрса ғой

56

Қазір  жұрттан   «қандай  жазушыны  білесің?»  деп  сұрай  қалсаң,   өзіңізді  және Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин,  сондай-ақ  тағы да  төрт-бес    жазушының атын атайды.  Сіздерден  кейінгі толқындарды  қолына  қалам  ұстағандар  болмаса,  былайғы  жұрт біле  бермейді. «Өмір  бар  жерде  өлім  бар»  деген,  егер де сіздер  дүниеден  өткен соң, «жазушы»  деп  кімді  айтарымызды  да  білмей  қалатын  секілдіміз. Халық  неге баяғыдай  жазушы-ақындардың  кітабын  жата-жастана  оқудан  қалды? Неге танымайды? Әлде, сіздерден  кейінгі  толқындар елдің  есінде  қалатын  шоқтығы  биік  дүниелер жаза  алмағандықтан  ба,  я болмаса бүгінгі  қым-қуыт  тірлік оқырманды  әдебиет  әлемінен алыстатып  жіберді  ме?  Қоғамда  мұндай  жағдай   қалайша  қалыптасып  отыр?

Бізден  кейін «әдебиеттің  күні  қараң»  деп айта алмаймын. Әдебиет  болған,  бар,  бола да  береді. Рас,  кезінде  жұрт  кітап дүкендерін аралап  жүріп  керегін алатын.  Кітап  жинайтын. Оқырман  көп  еді. Ол  кездегі  байлық  кітап  жию  болды. Қазір  заман  өзгерді. Бүгінгі  жұрт  кітап емес,  өзге  дүние  жинайды. Бұл  бір.  Екіншіден, «отбасымды  қалай  асыраймын  деп  тыртыңдап  шауып  жүргендер, кітаптан  гөрі, бір  тілім  нанды  артық  көреді. Өмір  шындығы  осы. Үшіншіден,  қазір қалтасы  қалыңдар    тапсырыспен  ата-бабасы,  әулеті  жөнінде  кітап  шығаруды  «модыға»  айналдырды.  Ондай  шығармаларды  кім  оқиды?  Төртіншіден,   дарындысы  да,  дарынсызы  да    қаржы  тапса  болды,  барын  құрап, топырлатып  кітап  шығаруды әдетке  айналдырды. Көбіне  жұрттың  қолына түкке  тұрғысыз   кітапсымақтар  түседі. Оны  оқыған  халық «е,  жазушыларымыздың    жазғаны  осы  ма?»  деп  қолды  бір  сілтейді. Бесіншіден, кітаптың  таралымы  аз. Таза  әдебиет халыққа  жетпейді. Алтыншыдан,  кешегі  оқырман  бүгінгі  көрерменге  айналды.  Олар  кітап  оқығаннан  гөрі,  теледидардан  арзан  қол  шоуларды  тамашалуға  көшті. Баяғыда  кітап  арзан  еді.  Ең  мықты  деген кітаптың  өзі 1-2  сомнан аспайтын.  Қазір  кітап  бағасы  қымбат. Ал  табысы  шамалы    адам   кітап ала  ма, әлде қаржысын  бала-шағасын  асырауға  жұмсай  ма?  Осылайша  оқырман  азайып  кетті.  Кітап  оқымаған  жұрт  бүгінгі  қолына  қалам  ұстап,  әдебиет  майданында  жүргендерді  тани  бермейді.  

Дулат  аға, кешегі  әдебиет пен  бүгінгі  әдебиетті  салыстыруға  келе  ме?
Ел  тәуелссіздікке  қол  жеткізді. Енді  таңдаған  тақырыпқа  жазуға  болады  деп  ойладық. Бірақ  олай  болмай  шықты. Жазушы  біткен  дағдарып  қалды. «Не  жазамын,  қалай  жазамын»  деп  бас  қатырған  заман  келді. Басты  кейіпкер  кім,  ол  қандай  адам,  қоғамдағы  орны  қайсы? Жалпы,   өткенін  күннен  гөрі  бүгінгі  күнді  жазу  өте  қиын. Мәселен,  «Мың  бір   түнді»  оқып  көрелікші.  Онда  белгілі бір  сюжет  болатын.  Айдаладағы  бір  ақ  үйге  бәдәуи  кіреді,  соның  ішінде  бәрі  бар,  бірақ    бір  бөлменің  есігін  ашуға  болмайды.  Әлгі  адамның  өмір  бойы  арманы  сол  ашпа  деген  есікті  ашсам  деумен  өтеді  ғой. Сол  сияқты  мына  есікті  ашпа  десе,  сол  кезде  жазушылар    есіктің  ар  жағында  не  бары  жөнінде  жанталасып жазар  еді. «Қазір  еркіндік – жаза бер»  деген  кезде  жазушы біткен  не  жазарын  білмей,  тосылыңқырап қалғаны  рас. Әлгі  ашпа  дейтін есік те  жоқ, ынтық  болып сығалауға  тырысатын. Соғыс ойынын  бала  біткен  жақсы  көретіні  шындық. Осы  жөнінде  Маршактың  өлеңі  бар. Сонда  Маршак «сендер  неге  соғыс  ойынын  ойнай  бересіңдер»  дейді  ғой.   Сонда  балалар:  «онда  қандай  ойын  ойнайық?»  дейді.  «Бейбітшілік  ойынын  ойнаңдар»  дейді  Маршак.   Ертесінде  балалар  одан  «бейбітшілік  ойынын  қалай  ойнайды,  үйретіңізші»  деп  сұрайтын  көрінеді.  Осы  жағдай  қазіргі  жазушылардың  басында  бар. Болат  Окуджава  дүниеден  өтерінен  бір  апта  бұрын, ауруханда  жатып, «мен  бұл  заманың  адамы  емес екенмін»  депті. Ал  сол Окуджава өмір  бойы  кеңес  заманын  сынап  келген  адам  ғой.  Бірақ  сол  заманды  аңсаған.  Демек,  оның да  ішінде  талай  нәрселер  кетті. Мен де  сол  заманды  аңсаймын. Жиі   есіме аламын  сол  бір  кездерді. Қазір  әдебиет  әдебиет  болудан  кетті. Бүгінгі  әдебиет  халықты ұйытатын, соңынан  ертетін қалыптан айрылып  қалды.  Баяғыда  халық  бар  шындықты  әдиебиеттен  іздейтін.  Кеңес заманында  газет, телеарна,  радиолар  ешқандай  шындықты  айтпайтын.  Тек  жазушылар  ғана  өз  шығармаларында  қоғамның  келеңсіз  жақтарын, кемшіліктерін, астарлап  беретін. Мәселен,   сол  түста  бүкіл  Одақ  қызыға  оқыған Шыңғыс  Айтматовтың «Ақ  кемісін»  алайықшы.  Ол  кезде  кеңес  адамдары    бір-біріне  жолдас,  дос,  бауыр,  ешкімге  қиянат жасамайтын адал  жандар  ретінде   көрсетіліп,  айтылып  келді.  Сол қағиданы  «Ақ  кеме»  тасталқанын  шығарды. Сол  шығармада  Шыңғыс  Бұғы  Анасын  атып  алып,  басын  балталап  шауып  жатқан  жанды  суреттейді.   Жантүршігерлік  көрініс. Демек, қоғам біз  жырлағандай   жасампаз  емес,  онда  да  қатігездік, басбұзарлық  жеткілікті екенін  көрсете  білген.  Біз  қазір  бір  орынды  таптап,  шеңберден  шыға  алмай  қалған жанбыз. Бір  тақырыпта  бірнеше  шығармалар  жазыла  бастады.  Бір-біріне  ұқсас  дүниелер  туындай  бастады.  Айналып  келіп  тарихты   тарамдаймыз.  Баяғы  қалмақ,  баяғы  жоңғар  атысып-шабысып  жатқанымыз.  Жазылған  дүниелердегі  барлық  қазақ  батырлары  қалмақ – жоңғарлармен  жекпе-жекке  шығады  да  жеңе  береді. Қазақ  батырларына  қарсы  тұрар  жау  жоқ.   Сонда  олар  жеңіле  беретін  болса,  қалай  бізді  екі  жүз  елу  жыл  құлды
қта  ұстап  келді.  Соған  кейде  таң  қаламын. Өзімізді  зорайтып  көрсетеміз  деп,   тым  әсірелеп  кететін  жерлеріміз  көп.  Қажет  жерінде  ащы  да  болса
,   ақиқатын  жазған  жөн-ау.  Бауыржан  Момышұлының  бір  сөзі  есімде.  Студент  кезімізде  кездесу  болды,  сонда  батыр ағамыз «Мені  қорықпайды  дейді,  ол  өтірік. Қорықпайтын  адам  болмайды.  Ондай  жалаңтөс  адам жауға  тіке  шабады  да, құмалақтай  ғана   қорғасыннан  өледі  де  қалады. Жеңіс  үшін  тірі  сарбаз  керек.  Мен  соғыста  мың  рет  қорықтым. Өйткені  жеке  қарабасымды  ғана  емес,  қол астымдағы  жауынгерлерді  де  аман  алып  қалудың  жолдарын  ойладым.  Сол  үшін  жанымды  шүберекке  түйіп  жүрдім»  деп  еді. «Батырлық  деген  не?»  дегенді  ойлап-ойлап, Толстойдан  таптым. «Батырлық  деген   қорқатын  жерде  қорқа  білу,  шабатын  жерде  шаба  білу. Қорқа  білетін, қауіпті  сезіне  білетін адам ғана  батыр  болады»  дейді  Толстой. Дұрыс.  Бұған  қосыламын. Сондықтан,  «айналамда  өткенге  куә болған ешкім  жоқ»  деп  тарихи  оқиғаларды  оңды-солды  бұрып, көсілте  беруге  болмас. Тағы  қайталап айтамын,    ең  қиын  нәрсе – өткенді емес, бүгінді  жазу. Өйткені  бүгінгі  адамдар тип  болып  қалыптасқан  жоқ.  Баяғыда   идеология  белгілі  еді  ғой. Ақ  пен  қызылдың  жанжалы, ақ  пен  қараның   арасындағы  тартыс. Жағымды  образ,  жағымсыз  образ  дегендей. Ал  қазір,  жағдай  басқа. Мың ойланып,  жүз  толғануға  тура  келеді.  Мәселен,  кезінде  Сталин  неге  Булгаковты  аман  алып  қалды.  Кеңес  заманында нағыз  атылып,  не  болмаса асылып  кететін  сол  жазушы  еді. Сталин оның  «Ақ  гвардия»  деген  романын  оқып  шықты.  Риза  болды. Сосын  «Булгаковты  құрту  керек»  дегендерге  қарсы  уәж айтты. «Сендер үнемі  қызыл  әскерлердің толассыз жеңісін  жаздыңдар.  Барлық  жерде  шаруалар,  еңбекшілер  үнемі  большевиктерді, қызыл  әскерлерді  баяғыдан  күтіп жүргендей,  үнемі  құшақ   жая  қарсы  алып жүргендей    етіп  көрсеттіңдер. Бұл  шындық  па? Жоқ. Большевиктерді  иттің  етінен  жек  көретіндер  көп.  Мәселен,  Булгаков    ақ  гвардияшылардың  өмірін  жаза  отырып,   қызыл  гвардияшылардың   жеңіске  оңай  жетпегенін  ашып  берді.  Кітап  сонымен  құнды.  Қажет  жерінде  ақиқатты  айта  білу де  ерлік»  деді  жез  мұрт  көсем.  Сталиннің  осы  бір  ауыз  сөзінен  кейін Булгаков  репрессиядан аман  қалды. Міне,  бізге  сол  Булгаков  секілді  ащы  да  болса,  бүгінгі  өмірдің  шындығын  жазатын жазушы  керек. Осы  күнді  жазуға  келгенде  мен де   кібіртіктеп  жатырмын. Баяғыда  бастаған бір  романымды  әлі  күнге  бітіре алмай  жүрмін.
Кезінде   жұрт  іздеп  жүріп  оқыған «Қарғын»  секілді  роман  қаламыңыздан  қашан  туады?
Әй,  қайдам.  Ол  кезде  романтика  болатын.  Қазіргі  өмірде  романтика  жоқ,  бәрі  прагматика.  Күн  көріс,  таласу,  тармасу,  атысу, шабысу.  Міне,  осы. Бұл  біздің  қанымызға  сіңбеген.  Бәлкім,  келесі  ұрпақ  осы  жөнінде  жазар.
Рушылдық  дегенге  қалай  қарайсыз?
Талантты  адам ешуақытта  руға  бөлінбейді.  Бұл  дарынсыздардың  ісі. «Қазақ  ұлт  болып  қалыптасқан  жоқ»  деп, мен  қазақ  руға  бөлінген  соң  айттым. Мәселен,  кім  болса  да, қазақ  жалқау,  қазақ  қорқақ, қазақ  жасқаншақ  деп айтсаң,  «е»  дейді  де  қоя  салады.  Ал  сен  алдыңдағы     адамның  руын  сөйдеп айтып  көрші, атып  тұрып  жағаласа  кетеді, шыр-пыр  етіп  қорғайды.  Ренжиді. Міне  көрдің  бе,  біз  сол  тайпалық,  рулық,  тобырлық   деңгейден  алыс  кете  қойған  жоқпыз. Мен  телевиденеде  басшы  болдым.   Қол астымда  істейтін  үш  жарым  мың  адамның  кім  қайдан  екенін,  қай  рудан  екенін  сұрамаппын.  Ол  жер  меннен  кейін  бүлінді.  Одан кейін  «Жазушы»  баспасына  директор  болдым.  Қол  астымда  145  адам  болды. Руын  сұрамадым. Тек  дұрыс жұмыс  істесе  болды  деген  ойда  болдым. Өзінің  жүріс-тұрысына  байланысты  бір  адамды  жұмыстан  шығарып  жіберіп  едім,   екінші  біреулер  келіп «көке, оны  неге шығардыңыз.  Ол  сіздің  қыз алыспайтын  жақын ағайыныңыз  болып  келеді»  деп  дау  айтты.  «Жоқ.  Жұмысты  дұрыс  алып  жүре алмаса,  оны  мен  неге  ұстаймын.  Жақын екен  деп   тайраңдатып  қоя  алмаймын»  деп шығарған  бұйрықты  кері  алған  жоқпын.  Мен  руға,  жікке  бөлінбейтін адаммын. Кейде  біреулер  сенің  өзің  тұрмақ,   әйелің  қай  елдің  қызы  екенін  біліп  отырады.  Таң  қаламын.   Қажеті  қанша? Рас,  біздің  буында   рушыл  жігіттер  болды. Бір  жерге  бастық  болса, жерлестерін  тартуға  даяр  тұратын.  Меніңше  адамды  жеріне  емес,  қабілетін  қарап  бағалаған  жөн-ау.   Сондықтан  менің ара-тұра  «қазақ  толық  ұлт  болып  қалыптаспаған»  деп  айтып қалатын  сөздерім, осындай  жағдайларға    куә  болып  жүргендіктен,  қазағымның осындай кертартпа  әрекеттерін  көргендіктен.   Әйтпесе  өз  ұлтымды   мен  неге  жек  көруге  тиіспін. Шіркін,  қазақ  руым  деп  емес,  қазағым  деп  өліп  тұрса  ғой  деп  кейде  армандайсын.  Бір  қазақты  біреу  қорлап  жатса,  екіншісі  ара  түсе  алса,  кегін  өзгеге  жібермесе, бәлкім  сонда  біз  қазіргіден  де   күшті елге айналар ма едік.

– «Елдің қамын жеуге тиіс – ғылымдағы, өнердегі, мәдениет пен әдебиеттегі тарланбоздарың түгел ұлтсыздық дертіне шалдыққан». Өзінің  «Жармақ»  атты  керемет туындысында   қазақтың  бетке  ұстар  ірі  жазушысы Мұхтар  Мағауин  осылай  күйінеді…

   – Ұлтсыздық  дертіне  шалдыққандар  не  қазақ  емес,  не  орыс  я болмаса  еуропалық  емес,  екі  ортада дүбәрә  болып  қалған  ұрпақ. Мұндай адамдардың  негізгі  ұраны  жалпы  адамзаттық  болып  келеді.  Ондайлардан  қорыққан  жөн.  Өйткені  оларға  сенің  ұлтың,  тілің,  дінің    қажет  емес.  Мәселен  кино  саласын  алайық.  Жапон  үшін,  француз  үшін  таза  қазақы  қасиетті  көрсететін  кино   керек. Соны  олар  бағалайды.  Ал  сен  жалпы  адамзат  үшін түсірсең,   оларға  оның   көк  тиынға  қажеті  жоқ. Өкініштісі   бізде  кино  саласында  еліктеу-солықтау  басым.  Өзіміздің  ұлттық  нәрімізді,  барымызды   көрсете алмай  жатырмыз. Баяғы  «Қыз  жібек»,  «Менің  атым  Қожа», «Гауһартас»  қандай  фильмдер!  Міне  сол  киноларда  қазақы  болмыс  тұнып  тұр  ғой. Оны  жапондар  да,  француздар да қызыға қарайды. Өйткені  онда жалпылама  емес, ұлтТың  мінеЗ-құлқы, мәдениеті,  салт-дәстүрі,  бейнесі   жатыр.  Сонысымен  құнды. Рас,  өзгенің  өнерін  сыйла,  таң қал,  бірақ  табынба! Алдымен  өзіңді  сыйла,  сосын барып  өзгені. Өзге  ұлтты  қайдам,  біз  кеңес  заманында   интернациолдықтың   қазанында  көбірек  қайнап  кеткен  секілдіміз. Содан  болар,  өзімізді  кейінге  ысырып  қойып,  өзгеге  қол  соққанды  ұнатамыз. Қараңыз,  біздің  қыздарымыз қытайға    тұрмысқа шықса,  бес  жылдан  кейін  қытай  болып  кетеді.  Жігіттеріміз де  сол.  Біздің  арамызда  жүрген  көп ағаларымыз  кезінде  әйелді  татардан алды. Ал  олардың  әйелдері  өле-өлгенше татарша сөйледі. Өз  тілін  өлсе де  ұмытпады. Ал  біздің  ұлттың  адамдары  керісінше,   өзгелерге тізірек  сіңіп  кетуге  бейім  тұрады. Неге? Қанымыз  әлсіз  бе,  намыс    кем  бе?

  – «Бiз дәл қазiр өзiмiздiң құрдымға құлап бара жатқанымызды сезiп отырған жоқпыз. Күндердiң бiр күнi шыңыраудың түбiне жақындағанда ғана күнiмiздiң бiткенiн сезетiн шығармыз»дейді  батыс философы  Ницще.  Осы  біздің  ұлт  ақырзаман алдында  тұрған  жоқ па?

Ақырзаманды жеке адам  басына  да,  ұлт  тағдырына  да  байланысты айтуға  болады.  Баяғыда  Қалтай  Мұхамеджанов қайтыс  болғанда  «әй  ақырзаман  осы  шығар»  деп едім. Анам  қайтыс  боларда  жанында  болдым.   Жарық  дүниемен  қоштасарын  сезді  ме,  көзіне  жас  толып пеш  түбінде  үнсіз  жатты. Сүйтіп  отырғанда  көрші  кемпір  келді. Ол  кезде  ыдыс-аяқ  кем  кезі.  Базардан алып  келген әдемі  өрнектелген  сырлы  қасық  пен  тостақ  бар  еді.  Көрші  кемпір   келе  салып  соны   алып  табанына  салып  сындырды.  Шешемнің  аты  Күміскүл  еді.  «Күміскүл,  дүние  ойран,  ақырзаман,  ақырзаман»  деп     дауыс  шығарып  қояды. Басқасын да    сындыруға  болатын еді. Қазір  ойлаймын,  әлгі  кемпір    жаңа  ыдысты  бекер  шаққан  жоқ  -ау,  дүниеден  озып бара  жатқан  шешем  өзінен  кейін   дүниенің қараң  қалып,  ойрандалып  жатқанын  сезсін  деді  ме  екен. Ұлттың  жойылуы  өте  ұзаққа  созылатын  процес. Мана айттым  ғой,  егер де  біз    тобырлық  қалыпта  қалатын  болсақ  түбі   ақырзаманға  душар  болатынымыз  хақ. Әрине  бұл  жерде  дүние  қирап,  аяғы  көктен келеді  деген  мағына емес.  Біз  сол  сыртқы  келбетіміз  қазақ  болып  қалғанымызбен,  жан  дүниеміз  өзгеріп, тіліміз  өшіп, өзіміз өзге  ұлтқа  жұтылып  кетуін айтып  отырмын. Бірақ  мен  өз  ұлтым  ондай күйге  душар  болады  деп айта  алмаймын. Ең  бастысы – біз  өзіміз  кім екенімізді  ұмытпауымыз  керек. Бойда  намыс, жігер  болса  оңайшылықпен  ешнәрсеге  дес  бере  қоймаспыз деп  ойлаймын.

 

Әңгімелескен  Сейсен  Әмірбекұлы

 

 

Алдыңғы жазбаАсхат Айтмағамбетов білім және ғылым министрі болып тағайындалды
Келесі жазбаТоқаев Бішкекке кетті