Home Жаңалықтар «Алаш туы астында» деректі фильмі Түркияда көрсетілді

«Алаш туы астында» деректі фильмі Түркияда көрсетілді

28

Түркия астанасы Анкара қаласында «Көкту» қазақ мәдениеті қоғамы, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі қолдауымен «Алаш туы астында» деректі фильмінің тұсаукесері өтті.

Көрсетілім барысында сөз алған Қазақстан Елшісі Абзал Сапарбекұлы желтоқсан айының қазақ ұлты үшін ерекше маңызы бар екенін атап өтті. Алаш қозғалысы жөнінде түсірілген ең ауқымды фильмді дайындап, Түркияда көрсеткен Көкту қоғамына алғысын жеткізді. «Ұлт азаттық күрес» жолында Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» деген болса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» үндеулері арқылы «Оян, түркі әлемі!» деп шақырады» деген Елші енді түркі халықтарының тарихы терең түркі мәдениеті мен өркениетін жандандыру керектігін баса айтты.

«Алаш ұлттық қозғалысын бастаған зиялылар тек қазақ даласын ойлап қана қойған жоқ, олар бүкіл Орталық Азияның болашағын ойлады. Тәуелсіз мемлекет құра алмаса да, тәуелсіз мемлекетте болуы қажет барлық шешімдерді қабылдады», деді ол.

Проф. Др. Хулия Касапоглу Ченгел болса қазақ ұлт азаттық күресі өкілдері мен түріктің ұлт азаттық күресін жүргізген тұлғалар арасында өте жақын ұқсастық бар екенін атап көрсетті.

«Олар – бірдей рух, бірдей тебіреністің тұлғалары. Қазіргі күні Сталин өз туған жерінде ұмытылған кезде, Алаш зиялыларын бүкіл түркі елдері әспеттеп еске алады», деді ол.

Бұл деректі фильмнің көрсетілімі Алашорданың 100 жылдығына орай арнайы ұйымдастырылған.

Фильмді түсіру тобы Алаш қайраткерлерініңізімен Семейдің Алаш қаласы аталған аумағында, Мәскеудегі Кремль, Санкт-Петербургтегі Дума отырыстары өткен Таврия сарайында, Смольныйда, Санкт-Петербург, Қазан университетінде, Уфадағы мемлекеттік мәжіліс өткен бұрынғы «Сібір» қонақүйінде түсіру жұмыстарын жүргізді.

Тұсаукесерге Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Кітапханалар және басылымдар бас директорының орынбасары Яхия Өзен, Проф. Др. Хулия Касапоглу Ченгел, Проф. Др. Әбдуақап Қара, Доц. Др. Джемиле Кынаджы, Түріксойдағы Қазақстан өкілі Асқар Тұрғанбаев, түрік зиялылары, қазақстандық студенттер қатысты.

Алдыңғы жазбаАлматыдағы «Жолақ» камераларының қалай жұмыс істейтіні белгілі болды
Келесі жазбаTITAN FC 51 турнирінде Қазыбек Әшімов жеңіліс тапты