«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы екі топ-менеджердің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанын хабарлады. Бұл оқиға компанияның бірқатар қызметкерінің ұсталғаны туралы қауесеттер аясында болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшіс
Ұлттық компания баспасөз қызметінің мәліметінше, директорлар кеңесінің 2026 жылғы 24 қарашадағы шешімімен «Қазатомөнеркәсіп» басқарма мүшелерінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды: коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байғожин және өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбеков.
«Жоғарыда аталған басшылардың функционалдық міндеттері міндеттер мен өкілеттіктерді бөлудің ішкі процедураларына сәйкес компания басшылығының ішінде қайта бөлінді. Компания өндірістік және коммерциялық персоналдың толық құрамда жұмысын жалғастырып жатқанын, ал ағымдағы шаруашылық қызмет штаттық режимде жүзеге асырылып жатқанын мәлімдейді», — делінген таратылған хабарламада.
Сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіптегілер» компанияның бизнес-процестері жоғары деңгейдегі кемелдік пен дербестікке ие екенін, ал бизнестің тұрақтылығы мен үздіксіздігі барлық деңгейдегі жүйелі процестер мен мықты командалар арқылы қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.
«Компания акционерлеріміздің күткеніне сәйкес стратегиялық міндеттерді іске асыруды жалғастырады және жоғарыда аталған өзгерістер өндірістік және коммерциялық қызметке әсер етпейтінін растайды. Біздің өндірістік және қаржылық болжамды көрсеткіштеріміз, сондай-ақ клиенттер алдындағы міндеттемелеріміз толық көлемде сақталады», — деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 2023 жылғы қазан айынан бастап «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының басқарма төрағасы қызметін Мейіржан Юсупов атқарады.
«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ-дағы ұстаулар
11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевті және басқа да адамдарды сыбайлас жемқорлық қылмысына күдікпен ұстады. 18 қарашада тергеу соты оларды қамауға алуды санкциялады. Ведомство істің егжей-тегжейін ашпады.
Ұстаулардан кейін Жоғары аудиторлық палата «Самұрық-Қазына» тобы мен ҚТЖ компанияларына жүргізілген тексерулердің нәтижелерін хабарлады. Қордың 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы аудитінің қорытындылары таратылуы шектеулі ақпаратқа жатқызылды. ЖАП жауабында тексерудің 18 ұйымды, оның ішінде «Қазатомөнеркәсіпті» қамтығанын көрсеткен.
Аудиторлар 351,8 миллион теңгеге қаржылық бұзушылықтарды, 122,2 миллиард теңгеге қаражатты тиімсіз жоспарлау мен пайдалануды, сондай-ақ 119 жүйелі кемшілікті анықтады. Жекелеген фактілер бойынша материалдар құқық қорғау органдарына берілді.
ҚТЖ тобының аудиті 2020-2023 жылдар аралығын қамтыды. ЖАП 1,05 миллиард теңгеге қаржылық бұзушылықтарды, 21,2 миллиард теңгеге қаражатты тиімсіз жоспарлау мен пайдалануды, сондай-ақ 80,6 миллиард теңге көлеміндегі шығындар мен жіберіп алған пайданы көрсетті. Мәселелердің қатарында дизель отынын орташа есеппен 29 пайыздық үстемеақымен делдалдар арқылы сатып алу, борыштық жүктеменің артуы және қаржылық есептілікті жасау кезіндегі бұзушылықтар да аталды.
24 қарашада бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымын атқарған Ерсайын Нағаспаев ҚТЖ басқарма төрағасы болып тағайындалды.

































