Home Басты жазба Реформа – елді емес, елдің ертеңін өзгертсе ғана құнды

Реформа – елді емес, елдің ертеңін өзгертсе ғана құнды

6

Елімізде соңғы бір жылда болған өзгерістерді жай ғана кезекті саяси науқан деп қабылдауға  болмайды. Конституция жаңарды, екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай келді, жаңа саяси лауазым – Вице-президент пайда болды, Үкімет қайта жасақталды, Халық кеңесін құруға дайындық жүріп жатыр. Қауіпсіздік кеңесінің құрылымында да өзгерістер басталды. Бір қарағанда, мұның бәрі мемлекеттік аппараттың ішкі мәселесі сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде мәселе әлдеқайда тереңде. Қазақстан өзінің саяси жүйесін қайта құрып жатыр десек артық айтпағанымыз.

15 наурыздағы референдумда жаңа Конституция қабылданды. Ол 1 шілдеден бастап күшіне енді. Бұл – жай ғана жекелеген баптарға өзгеріс енгізу емес, мемлекеттік институттардың өзара қарым-қатынасын қайта қараған үлкен қадам.

Бірақ кез келген Конституцияның құндылығы оның мәтінінде емес, өмірде қалай жұмыс істейтінінде. Сондықтан бүгін Қазақстан үшін «қандай бап өзгерді?» деген сұрақтан гөрі «сол өзгеріс қарапайым азаматтың өміріне не береді?» деген сұрақ маңыздырақ.

Ең үлкен жаңалықтың бірі – Парламенттің бір палаталы Құрылтайға айналуы. Бұл өзгерістің артықшылығы – заң шығару жүйесін ықшамдау. Бұрын Мәжіліс пен Сенат арасында жүретін заңнамалық процестің орнына енді бір орталық заң шығарушы орган жұмыс істейді. Теориялық тұрғыдан бұл шешім заң қабылдауды жеделдетіп, депутаттардың жауапкершілігін күшейтуі мүмкін. Бірақ мұнда бір үлкен шарт бар: Құрылтай тек заңдарды тез қабылдайтын органға айналмай, Үкіметті сынай алатын, қоғамның талабын жеткізетін және сапасыз шешімдерге тоқтау қоя алатын саяси институт болуы керек.

Жаңа Конституциядағы тағы бір маңызды өзгеріс – Вице-президент лауазымының пайда болуы. 31 тамызда Ерлан Қарин Қазақстанның тұңғыш Вице-президенті болып тағайындалды. Құрылтай депутаттарының 141-і оның кандидатурасын қолдап, төртеуі қалыс қалды. Сол күні Олжас Бектенов Премьер-министр қызметіне қайта тағайындалды.

Вице-президент институтының пайда болуы бір жағынан билік жүйесіндегі сабақтастық пен басқару тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналған механизм ретінде қарастырылуы мүмкін. Екінші жағынан, бұл лауазымның нақты салмағы оның атауымен емес, іс жүзіндегі өкілеттігімен анықталады. Яғни Вице-президент жай ғана «Президенттен кейінгі екінші адам» болып қалмай, нақты жауапкершілігі бар мемлекеттік институтқа айналуы керек.

Үкімет мәселесінде де қызық жағдай қалыптасты. Саяси жүйе өзгергенімен, Премьер-министр қызметіне Олжас Бектенов қайта келді. Бұл жерде бір нәрсе анық көрінеді: саяси реформа міндетті түрде барлық кадрды ауыстыру деген сөз емес. Кейде жүйені өзгерту – адамдарды түгел алмастыру емес, сол адамдардың жауапкершілігін арттыратын жаңа институционалдық орта қалыптастыру.

Енді жаңа Құрылтай Үкіметті қаншалықты бақылай алады? Себебі саяси реформаның ең маңызды өлшемі – институттардың саны емес, олардың бір-бірін тежеп, бір-бірінен есеп талап ете алу қабілеті.

Халық кеңесі де осы жүйедегі қызық жаңалықтардың бірі болмақ. Оның мақсаты – бұрынғы Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының кейбір функцияларын біріктіріп, азаматтық қоғам, мәслихаттар, этномәдени бірлестіктер және басқа да қоғамдық топтардың қатысуына мүмкіндік беретін кеңірек диалог алаңын қалыптастыру. Президенттің мәлімдеуінше, Халық кеңесін қыркүйектің екінші жартысында жасақтау жоспарланған.

Егер бұл институт шын мәнінде жұмыс істесе, оның пайдасы зор болуы мүмкін. Өйткені қоғамның барлық мәселесін депутатқа немесе әкімге жеткізу жеткіліксіз. Мемлекет пен қоғам арасында тұрақты диалог қажет. Халық кеңесі дәл сондай көпірге айналса, ол саяси тұрақтылықты күшейтеді. Ал егер ол тек жиын өткізіп, ұсыныс айтатын кезекті формалды органға айналса, қоғамның оған деген сенімі тез төмендейд

Қауіпсіздік кеңесінде де қайта құру процесі жүріп жатыр. 31 тамызда Ғизат Нұрдәулетов Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметінен босатылды. Ақорданың қазіргі құрылымында Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары және бірнеше орынбасары көрсетілген. Бұл салада кадрлық және институционалдық өзгерістердің жүріп жатқанын көрсетеді, бірақ оның толық жаңа моделі қалай жұмыс істейтінін уақыт көрсетеді.

Меніңше, осының бәріне бір ғана өлшеммен қарау дұрыс емес. «Қазақстан демократияға бет алды» немесе «бәрі бұрынғыдай қалды» деген екі шектің бірін таңдау тым қарабайыр болар еді. Қазақстандағы қазіргі өзгеріс – ең алдымен саяси институттарды қайта жинақтау кезеңі.

Бірақ институтты өзгерту мен саяси мәдениетті өзгерту – екі бөлек нәрсе.

Жаңа Конституция қабылдауға болады. Құрылтай құруға болады. Вице-президент тағайындауға болады. Халық кеңесін жасауға болады. Үкіметті жаңартуға болады. Бірақ депутат халықтың мәселесін көтермесе, министр өз шешіміне жауап бермесе, мемлекеттік қызметкер қоғамның талабын естімесе, ал азамат өз құқығын талап етпесе, жаңа институттардың сыртқы формасы ғана өзгереді.

Сондықтан алдағы бес жыл Қазақстан үшін өте маңызды кезең болмақ.

Біріншіден, билік тармақтарының арасында нақты жауапкершілік қалыптасуы керек. Екіншіден, Құрылтайда пікір алуандығы мен кәсіби талас болуы қажет. Үшіншіден, жаңа келген жастардың саяси тәжірибесі қалыптасуы тиіс. Төртіншіден, Халық кеңесі қоғамның шынайы дауысына айналуы керек. Бесіншіден, Үкімет халыққа экономикалық нәтиже көрсетуі қажет. Өйткені саяси реформа халықтың қалтасына, жұмысына, білім алуына, денсаулығына және қауіпсіздігіне әсер етпесе, оның қоғам алдындағы құндылығы төмендей береді.

Ең бастысы, жаңа саяси жүйе жаңа жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруы тиіс.

Мен қазіргі өзгерістерден ең алдымен осы мүмкіндікті көріп отырмын. Қазақстанда біртіндеп «билік айтты – халық тыңдады» деген ескі модельден «билік шешім қабылдады – қоғам сұрақ қойды – депутат талқылады – Үкімет жауап берді» деген модельге өтуге мүмкіндік пайда болды.

Бұл әлі толық қалыптасқан жүйе емес. Бұл – басталған процесс.

Сондықтан бүгінгі саяси реформаларға баға беруге асықпау керек. Оның нәтижесін жаңа Конституцияның мәтіні емес, алдағы жылдардағы нақты саяси тәжірибе көрсетеді. Құрылтай қаншалықты дербес болады? Жастар қаншалықты белсенділік танытады? Халық кеңесі қаншалықты ықпалды болады? Үкімет экономиканы көтере ала ма? Вице-президент институты қандай рөл атқарады? Қауіпсіздік жүйесіндегі жаңа құрылымдар қалай жұмыс істейді?

Осы сұрақтардың жауабы Қазақстанның саяси болашағын анықтайды.

Бір нәрсе анық: Қазақстан саясатына жаңа кезең келді. Енді мәселе жаңа атаулар мен жаңа лауазымдарда емес. Ең үлкен өзгеріс – сол институттардың ішінде жаңа ойлайтын, қоғаммен сөйлесе алатын, кәсіби білімі бар және халық алдында жауап беруге дайын адамдардың көбейе түсуінде.

Саяси реформаның түпкі нәтижесі де осыдан көрінеді.

Өйткені мемлекетті жаңа Конституция ғана өзгертпейді. Мемлекетті сол Конституцияны күнделікті өмірде іске асыратын адамдар өзгертеді.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ,  «Байтақ»  Жасылдар  партиясының   төрағасы

Алдыңғы жазба«ШЫҰ қызметі қандай да бір мемлекетке қарсы бағытталмаған»