Home Басты жазба Құрылтай: партиялардың додасы ма, әлде халықтың таңдауы ма?

Құрылтай: партиялардың додасы ма, әлде халықтың таңдауы ма?

21

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ, dodanews.kz

23 тамызда Қазақстан саяси жүйесінің жаңа кезеңі басталмақ. Бұрынғы екі палаталы Парламент тарих қойнауына кетіп, оның орнына 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай келеді. Ең басты ерекшелік – депутаттар енді тек партиялық тізім арқылы сайланады. Бұл өзгеріс демократияны күшейте ме, әлде керісінше, пікір алуандығын шектей ме?

Дәл қазір қоғамды толғандырып отырған басты сауал – осы. Партиялық жүйенің өз артықшылықтары бар екені рас. Партия жауапкершілігі артады, бағдарламалық саясат қалыптасады, әркім өз бетінше емес, ортақ мақсатпен жұмыс істеуге тиіс. Теориясы әдемі. Ал практика ше? Партиялық тәртіптің күшеюі депутаттың жеке ұстанымын әлсіретіп жібермей ме? Ертең халықтың мүддесіне қатысты мәселе көтерілгенде депутат өзінің емес, партиясының позициясын қорғауға мәжбүр болмай ма? Егер әр бастама партия сүзгісінен өтетін болса, онда Құрылтайда шынайы пікірталас бола ма, әлде дайындалған ұстанымдардың ғана жарысын көре ме?

Бүгінгі сайлаудың басты интригасы – қай партия қанша мандат алады деген сұрақ қана емес. Нағыз мәселе – жаңа жүйе жаңа сапа бере ала ма? Сайлау қарсаңында партиялардың өзі де едәуір өзгерді. Бірқатар саяси ұйымдар төрағаларын ауыстырды. Кейбір партиялардың съездері қызу пікірталаспен, тіпті айқай-шумен өтті. Кандидаттарды іріктеу кезінде де түрлі көзқарастардың қақтығысқаны байқалды. Бұл бір жағынан партия ішінде бәсекенің барын көрсетсе, екінші жағынан ішкі демократияның қаншалықты қалыптасқанын да аңғартады.

Әлеуметтік желілерге қарасаңыз, халықтың көңіл күйі де әртүрлі. Бірі жаңа Құрылтайдан нақты өзгеріс күтеді. Енді бірі «атауы өзгергенімен, мазмұны өзгермесе не пайда?» дейді.

Тағы бір топ азамат партиялық тізім қарапайым адамдардың саясатқа келу мүмкіндігін азайтады деп есептейді. Бұл пікірлердің барлығы қоғамдағы сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

Бұл жолғы сайлауға жеті партия қатысады. Заң бойынша олардың әрқайсысы өз бағдарламасымен, өз командасымен халықтың сеніміне ие болуға тырысады. Бірақ сайлау нәтижесін анықтайтын тек әдемі ұран емес. Ел азаматтары енді нақты жауап күтеді. Экономика қалай дамиды? Баға қалай тұрақтанады? Жұмыс орындары көбейе ме? Аймақтардың мәселесі шешіле ме? Жемқорлықпен күресте нақты нәтиже бола ма? Қарапайым халық үшін осы сұрақтардың жауабы маңыздырақ.

Құрылтайдың бір палаталы болуы заң шығару процесін жеделдетуі мүмкін. Бірақ жылдам қабылданған заң әрқашан сапалы болады деген сөз емес. Екінші сүзгінің болмауы депутаттардың жауапкершілігін бұрынғыдан да арттыра түседі. Жаңа Құрылтайдың тағдырын анықтайтын нәрсе – оның атауы емес, құрамының сапасы. Егер депутаттар партиялық тәртіптің көлеңкесінде қалып қоймай, халықтың үнін жеткізе алса, онда бұл реформаның жемісі болады. Ал егер депутаттың басты міндеті тек партия шешіміне қол көтерумен шектелсе, онда жаңа жүйенің ескі жүйеден айырмашылығы шамалы болып қалуы мүмкін. 23 тамыздағы сайлау – жай ғана мандаттарды бөлу емес. Бұл – жаңа саяси модельдің алғашқы емтиханы. Емтиханның  қортындысы  қандай  болмақ?  Оны  уақыт көрсете  жатар.

Ең бастысы – Құрылтайдың ғимараты емес, оның ішіндегі ой еркіндігі мықты болса екен.  Өйткені халыққа қол көтеретін депутат емес, сөз көтеретін депутат керек.

Алдыңғы жазбаРесей ыдырай ма, әлде өзгере ме?