Home Саясат Су — Орталық Азиядағы ең үлкен геосаяси қаруға айналып барады

Су — Орталық Азиядағы ең үлкен геосаяси қаруға айналып барады

15

Әлбетте, «судың да сұрауы бар» деп жатамыз. Рас, бұрын бұл сөз тұрмыстық ұғым сияқты естілетін. Бірақ қазір Орталық Азия үшін су — экономика, саясат, қауіпсіздік және геосаясаттың ең маңызды факторына айналды. Кезінде аймақ мұнай мен газ үшін таласса, енді XXI ғасырда мемлекеттердің болашағын су шешетін кезең келе жатыр. Өйткені Орталық Азияда су азайып барады, ал оған тәуелділік керісінше күшейіп келеді десек артық  айтпағамыз.

Аймақтағы басты мәселе — су ресурстарының тең бөлінбеуі. Орталық Азиядағы судың шамамен 80 пайызы Қырғызстан мен Тәжікстан аумағында қалыптасады. Ал Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан сол суға тәуелді. Сырдария негізінен Қырғызстандағы мұздықтардан бастау алса, Әмудария Тәжікстан мен Ауғанстанның тауларынан келеді. Бірақ осы өзендердің негізгі тұтынушылары — төменгі ағыста отырған мемлекеттер.

Мысалы, Қырғызстанда жыл сайын шамамен 50 млрд текше метр су қоры қалыптасады. Бірақ ел оның небәрі 10–12 млрд текше метрін ғана пайдаланады. Қалған су көрші елдерге ағып кетеді. Сондықтан Қырғыз президенті Садыр Жапаров суды пайдаланғаны үшін өтемақы төлеу мәселесін көтерді. Оның логикасы түсінікті: Қырғызстан мұздықтарды сақтайды, бөгеттер мен су қоймаларын ұстап отыр, гидротехникалық жүйелерді жөндейді, ал негізгі пайданы төменгі ағыстағы елдер көреді.

Бұл ұсыныс алғашында даулы көрінді. Бірақ шын мәнінде мәселенің астарында үлкен экономикалық әрі саяси шындық жатыр. Өйткені су инфрақұрылымын ұстап тұру арзан емес. Ал климат өзгерген сайын судың құны бұрынғыдан да артып барады. Кейінгі жылдары Орталық Азияда құрғақшылық жиілеп, су тапшылығы күшейіп келеді. Қазақстанның оңтүстігінде вегетациялық кезеңде каналдарда су жетіспеу мәселесі тұрақты проблемаға айналды. Өзбекстан мен Түркіменстанда жағдай одан да күрделі. Себебі олардың ауыл шаруашылығы түгелге жуық суармалы жүйеге тәуелді.

БҰҰ мен халықаралық климаттық ұйымдардың болжамы бойынша, ғасыр соңына қарай Орталық Азия мұздықтарының 30–50 пайызы жойылуы мүмкін. Кей сарапшылар Қырғызстан мұздықтарының 80 пайызына дейін еріп кетуі ықтимал екенін айтады. Бұл — жай экологиялық мәселе емес, болашақтағы үлкен экономикалық және гуманитарлық қауіп. Өйткені аймақтағы өзендердің негізгі қорегі — мұздықтар. Егер мұздықтар азайса, Сырдария мен Әмударияның суы да кемиді.

Бірақ проблема тек табиғатта емес. Аймақтағы судың үлкен бөлігі өте тиімсіз жұмсалады. Кеңес Одағы кезінде мақта өндірісін арттыру үшін бүкіл су саясаты егістікке бағытталды. Соның салдарынан әлемдегі ең ірі экологиялық апаттардың бірі — Арал трагедиясы пайда болды. 1960 жылдары Арал теңізінің аумағы шамамен 68 мың шаршы шақырым еді. Бүгінде оның басым бөлігі құрғап кеткен. Бұл — табиғаттың емес, қате су саясатының салдары.

Ең өкініштісі — аймақ сол қателіктен толық сабақ алған жоқ. Мысалы, 1 гектар мақта алқабына жылына 8–10 мың текше метрге дейін су кетеді. Бұл өте үлкен көлем. Соған қарамастан Орталық Азияда ескі ирригациялық жүйелер әлі де басым. Көптеген каналдарда су ысырабы 40–50 пайызға дейін жетеді. Яғни алынған әр екі литр судың бір литрі далаға кетіп жатыр деген сөз.

Бұл жағдайдың үстіне енді жаңа геосаяси фактор қосылды. Ауғанстан Әмудариядан су алатын Қош-Тепа каналын салып жатыр. Егер жоба толық іске қосылса, канал жылына шамамен 10 млрд текше метрге дейін су алуы мүмкін деген болжам бар. Бұл — өте үлкен көлем. Сарапшылардың пікірінше, соның салдарынан Өзбекстанға келетін су 15 пайызға дейін азаюы ықтимал. Түркіменстан да айтарлықтай шығынға ұшырауы мүмкін.

Мәселенің ең қауіпті тұсы — Ауғанстан қазіргі трансшекаралық су келісімдерінің ішінде жоқ. Яғни Орталық Азияда жаңа әрі бақылаусыз су факторы пайда болды. Бұл алдағы жылдары аймақтағы су саясатын мүлде өзгертіп жіберуі мүмкін.

Шын мәнінде, Орталық Азияда су мәселесі баяғыда-ақ геосаяси құралға айналып кеткен. Қырғызстан мен Тәжікстан су мен электр энергиясын бақыласа, Қазақстан мен Өзбекстанда газ, нарық және инвестициялық мүмкіндік көп. Сондықтан аймақта белгілі бір тепе-теңдік сақталып тұр. Бірақ су азайған сайын бұл тепе-теңдік те бұзыла бастайды. Өйткені су тапшылығы күшейген сайын оның саяси құны артады.

Қазірдің өзінде сарапшылар «болашақтағы соғыс мұнай үшін емес, су үшін болады» деген пікірді жиі айтады. Бұл әсіресе Орталық Азияға қатысты шындыққа жақындай түсуде. Себебі халық саны өсіп жатыр. 2050 жылға қарай аймақ халқы 100 млн адамға жуықтауы мүмкін. Демек суға сұраныс та бірнеше есе артады. Осы  тұста, Қырғыз президенті Садыр Жапаровтың суды пайдаланғандарың үшін өтемақы төлеңдер деуіде үлкен  талқыны  қажет етеді.

Сондықтан Орталық Азия елдері енді су мәселесіне ескі көзқараспен қарай алмайды. Аймаққа жаңа су саясаты қажет. Су есептеу жүйесін цифрландыру, каналдарды жаңарту, тамшылатып суару технологиясына көшу, трансшекаралық өзендер бойынша ортақ бақылау орнату — уақыт күттірмейтін мәселе.

Өйткені су — жай ресурс емес. Су — аймақтың болашағы. Олай  болса,  бірлесе шешетін  мәселе көп.

Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ»  Жасылдар  партиясының  төрағасы

Алдыңғы жазбаЗейнетақы жинақтарының жеткілікті шегі қайта есептеледі