Home Басты жазба Скляр, Нәлібаев, Дәдебай: Ақордадағы үлкен комбинация

Скляр, Нәлібаев, Дәдебай: Ақордадағы үлкен комбинация

15

Қазақстан саясатында кадрлық ауыс-түйіс ешқашан жай ғана кадрлық ауыс-түйіс болмайды. Әсіресе, Тоқаев дәуірінде. Соңғы апталардағы өзгерістерге қарасақ, Ақорда жаңа саяси циклге дайындалып жатқандай әсер қалдырады. Роман Склярдың Президент Әкімшілігінің басшысы болып келуі, Нұрлыбек Нәлібаевтың бірінші вице-премьер атануы, ал Айбек Дәдебайдың аяқ астынан жаңа “Әділет” партиясының төрағасы болып шығуы — мұның бәрі бір-бірімен байланыссыз процесс емес. Бұл — биліктің жаңа архитектурасы құрылып жатқанын аңғартатын белгілер.

Тоқаевтың саяси стилін түсіну үшін бір нәрсені ескеру керек: ол ешқашан эмоциямен жүрмейді. Оның барлық қадамы — аппараттық есеп. Назарбаев дәуірінде саяси тепе-теңдік көбіне кланаралық консенсуспен ұсталып тұрса, Тоқаев вертикальды басқаруды күшейтіп келеді. Ол үшін ең маңызды нәрсе — толық бақылау мен басқарылатын элита.

Склярдың Президент Әкімшілігіне келуі — соның айқын дәлелі. Роман Скляр — классикалық аппарат адамы. Эмоциясыз, жария саясаттан алыс, бірақ жүйені жақсы білетін технократ. Тоқаев оны кездейсоқ таңдаған жоқ. Президент Әкімшілігі — Қазақстандағы ең ықпалды орган. Көп адам министрлер кабинеті елді басқарады деп ойлайды. Шын мәнінде, негізгі шешімдердің көбі дәл осы Ақорда дәліздерінде қабылданады. Склярдың сол жерге келуі — экономикалық блок пен әкімшілік аппараттың бір қолға шоғырлана бастағанын көрсетеді.

Ал Нәлібаевтың үкіметке көтерілуі — мүлде басқа сигнал. Ол таза аймақтық элитаның өкілі. Қызылордада әкім болып жүріп, орталықпен конфликтке бармайтын, бірақ өңірдегі вертикальды қатты ұстайтын менеджер ретінде танылды. Тоқаев соңғы кезде дәл осындай “тәртіпшіл” кадрларды көтеріп жатыр. Өйткені билік үшін қазір басты қауіп — оппозиция емес, жүйенің ішкі босаңсуы. Экономикадағы тоқырау, әлеуметтік шаршау, аймақтардағы үнсіз наразылық — бұлардың бәрі орталыққа жетіп отыр. Сондықтан Ақордаға “саясаткерден” гөрі “әкімші” керек. Нәлібаевтың көтерілуі осы логикаға толық сай келеді.

Ең қызығы — Дәдебайдың “Әділет” партиясына кетуі. Бұл жерде көп адам қателеседі. Кейбіреулер оны “саяси шеттету” деп қабылдауы мүмкін. Бірақ Қазақстанда Президент Әкімшілігінің бұрынғы басшысын жай партияға жібере салмайды. Керісінше, бұл — жаңа саяси жобаның басталғанын білдіреді. “Әділет” партиясы кездейсоқ құрылған жоқ. Оның атауының өзі Тоқаевтың негізгі идеологиялық бренді — “Әділетті Қазақстанмен” тікелей үндес.

Меніңше, Ақорда ескі “Аманат” моделінен шаршай бастады. Бір партияға сүйенген жүйе қоғамдағы көңіл-күйді толық ұстай алмайды. Сондықтан билік “басқарылатын көппартиялылықтың” жаңа кезеңіне өтпек. “Әділет” — дәл сондай жоба болуы мүмкін. Яғни, сырттай жаңа, реформашыл, урбанистік, технократиялық партия. Бірақ ішкі бақылауы толық Ақордада болады. Дәдебайдың сонда жіберілуі — партияны нөлден құрып, парламентке дайындау операциясына ұқсайды.

Сондықтан алдағы Құрылтайға дайындық жүріп жатыр деуге толық негіз бар. Бұл жерде мәселе тек сайлауда емес. Билік қоғамға жаңа саяси декорация ұсынғысы келеді. Өйткені ескі конструкция шаршады. Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев бір нәрсені анық түсінді: қоғам бұрынғыдай үнсіз емес. Халық саясатқа араласқысы келеді. Бірақ Ақорда шынайы бәсекелі саясаттан қорқады. Сондықтан “жартылай жаңарған”, бірақ толық бақылаудағы жүйе құруға тырысып жатыр десек  қателеспейміз.

Тағы бір маңызды мәселе — вице-президент институты туралы әңгімелер. Соңғы айларда бұл тақырып жиі айтыла бастады. Ресми түрде ештеңе жарияланған жоқ. Бірақ элита ішінде мұндай сценарий талқыланып жатқаны сезіледі. Себебі қазіргі геосаяси жағдайда билік транзиті мәселесі қайтадан өзекті болып барады. Ресейдегі жағдай, аймақтағы тұрақсыздық, ішкі элиталық топтардың қозғалысы — бәрі Ақордаға “сақтандыру механизмі” керек екенін аңғартады.

Егер Қазақстанда вице-президент қызметі енгізілсе, ол классикалық америкалық модель болмайды. Бұл — транзитті бақылау құралына айналады. Яғни, жүйе ішіндегі “мұрагерді” алдын ала дайындау механизмі.

Кім болуы мүмкін? Бірнеше фамилия аталады. Скляр — аппараттық салмақ жағынан мықты. Бірақ оның басты минусы — харизманың жоқтығы және қоғам алдында әлсіздігі. Нәлібаев — аймақтық менеджер ретінде өсіп келеді, бірақ әзірге ұлттық деңгейдегі фигура емес. Кейбіреулер Ерлан Қошанов, Мәулен  Әшімбаев немесе Әлихан Смайылов сияқты есімдерді де айтады. Бірақ меніңше, Ақорда әзір нақты мұрагер таңдаған жоқ. Тоқаев қазір бір адамды емес, бірнеше ықтимал сценарийді қатар ұстап отыр.

Жалпы, соңғы кадрлық өзгерістердің негізгі мәні — Тоқаев екінші кезеңге өтті. Бірінші кезеңде ол Назарбаев жүйесінен құтылды. Екінші кезеңде өзінің жеке саяси архитектурасын құрып жатыр. Қазір Қазақстанда “жаңа элита” жасақталуда. Бірақ мәселе мынада: жаңа адамдар келгенімен, ескі саяси мәдениет өзгерген жоқ. Билік әлі де қоғамға сенбейді. Ал, қоғам билікке сенімсіздік  танытуда. Демек, сенімсіздік үстемдік еткен жерде кез келген реформа жартылай ғана жұмыс істейді.

Сондықтан бүгінгі ауыс-түйістерді жай кадрлық ротация деп қарау қате. Бұл — үлкен саяси комбинацияның басы. Ақорда алдағы бірнеше жылға арналған жаңа конфигурацияны жинап жатыр. Бірақ оның қаншалықты тұрақты болатыны бір ғана нәрсеге байланысты: билік шынайы саяси бәсекеге бара ма, әлде тағы да бәрін имитациямен жаба ма? Тоқаев қай  жолды  таңдап  отыр? Сіз  қалай  ойлайсыз?

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

dodanews.kz

Алдыңғы жазбаДулат  ИСАБЕКОВ,  жазушы, Мемлекеттік  сыйлықтың  иегері: Бүгінгі өмірдің шындығын жазатын жазушы керек
Келесі жазбаАнкара–Астана осі: Ердоған сапары нені өзгертеді?