24 сәуір кешкісін мен Астанадан Мәскеуге ұштым. Мақсат – 26 сәуірде өтетін экологиялық партиялардың съезіне қатысу. Барлығы жоспар бойынша басталған. Бірақ сапар басталмай жатып-ақ келеңсіз жағдайға тап болдым. Алғашында «Аэрофлотпен» ұшуға тиіс едім. Барлық тексерістен өтіп, ұшаққа мінгелі тұрғанымда телефон шалды. «Сіздің фамилияңыз бір тізімде тұр, бортқа жіберілмейсіз» деді. Қандай тізім, не қылған тізім? Неге? Ешкім түсіндірмеді. Жауап жоқ!
Ресейдегі әріптестерім – «Жасылдар» партиясы – бұл жағдайды анықтап көруге уәде берді. Көп ұзамай «ешқандай проблема жоқ, келесі рейспен ұша беріңіз» деген жауап келді. Күттірмейін деп, ең жақын рейске отырдым. Бұл жолы – қазақстандық SCAT. Бірақ мұнда да түсініксіз жағдай болды.
Ұшу кезінде бізге алдымен Санкт-Петербургке қонамыз деді. Кейін Мәскеу, Шереметьево деп өзгертті. Қонған соң екі сағаттай ұшақтан шығармай ұстады. Одан кейін аяқ астынан: «Внуковоға ұшамыз» деген хабар шықты. Ақыры түнгі үште ғана Внуковоға жеттік.
Сол жерде мәселенің негізгі бөлігі басталды. Паспорт бақылауына алғашқылардың бірі болып өттім. Бірақ маған бірден: «Қосымша тексеру» деді. Себебін сұрадым – жауап жоқ. Таңғы үштен тоғызға дейін күту аймағында отырдым. Бақандай алты сағат. Ешқандай түсініктеме берілген жоқ. Сыртта мені қарсы алған Ресейдің «Жасылдар» партиясының өкілдері де жауап ала алмады. Олар түрлі органдарға жүгінді. Өкініштісі нақты шешім болмады. Таңғы тоғыз шамасында шекара қызметкері келіп, құжат ұсынды: «Қол қойыңыз. Сіз Қазақстанға қайтарыласыз». «Неге?» деп сұрадым. Жауап қысқа болды: «Білмейміз». Осы жерде мынаны айтқым келеді; мен – «БАЙТАҚ» жасылдар партиясының төрағасымын. Мәскеуге ресми шақыртумен бардым. Заң бұзған жоқпын. Қауіп төндірмеймін. Сонда да мені еш түсіндірмесіз кері қайтарды. Неге? Мен Мәскеуге барғандағы себеп, экология мәселесі. Ал,экология – бәрімізге ортақ мәселе. Оның шекарасы жоқ. Бірақ сол мәселені талқылауға келген адамдар үшін шекара жабық па? Бүгін бұл жағдай менің басымнан өтті. Ертең кез келген адамның басына түсуі мүмкін. Сондықтан мұндай тосқауыл – әсіресе себепсіз тосқауыл – қабылдауға болмайтын құбылыс. Ол міндетті түрде ресми түсініктеме талап етеді.
«Көпір салған – елге пайда, қабырға салған – елге сына» дейді дана халық. Біз қабырға емес, көпір салуымыз керек. Негізі, осыны жазайын ба, жазбайын ба деп ойландым. Бірақ үнсіз қалу – келісу деген сөз. Сондықтан басымнан өткен осы жайды жазуға тура келді. Ақиқатын айтар болсам, халықтар арасындағы достық, партиялар мен азаматтық қоғамдар арасындағы ынтымақтастық ешқашан тосқауылға ұшырамауы тиіс. Менің ойым, тұжырымым осы!
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» Жасылджар партиясының төрағасы

































