Home Руханият КҮЛТЕГІН

КҮЛТЕГІН

12

 

роман

(жалғасы)

 

ҚАН КЕШУ

(екінші бөлім)

 

Ес біліп, етек жиғалы бері қолыма семсер ұстап, елімнің амандығын ғана ойладым. Сол жолда қол бастап елдің алдында, желдің өтінде жүруге тура келді. Бүкіл күш-қуатымды жұмсадым… 

 КҮЛТЕГІН                                                                                                              

 

Ымырт үйірілген шақ. Қарауытқан аспан төріне біртіндеп жұлдыздар шыға бастады. Суырлы таудан суырыла аққан өзеннің көз жетер жерге дейінгі екі жағы толған қалың әскер. Қар кетіп, тебіндей бастаған далаға күрке-қостарын тігіп тастаған. Әр-әр жерде от жағылып, қазан көтеріліп, жұрт кешкі ас-судың қамына кірісіп кеткен. Сарбаздардың әңгіме айтқан дауыстары жарқын-жарқын шығады. Біразға созылған қанды айқаста түркештер тізе бүгіп, қайтадан көк түріктердің дәргейіне өткен-ді. Содан болар, самсай жанған оттарды айнала қоршап отырған аламандардың рухы көтеріңкі. Ерте көктемнің қытымыр суығы да бөгет емес. Кешкі аспан астын сазға бөлеп, алыстан ән естіледі…

Қыранның қанаты бар самғай-тұғын,

Тұлпардың тұяғы бар  талмай-тұғын.

Ал менде бір ғана үміт тек өзіңмен,

Мәңгілік арамызды жалғай-тұғын.

Әй-әй арман,

Дүние жалған.

Жеткізбей бәрі өтер күн,

Алыста қалған.

Сағынышым болған,

Сүйгеніме қашан  жетермін?… ә-ә-ә-й-й-й-й ө-ө-ө-й-й-й…

– Жорықтан аман-есен оралған кезде, жан жарың алдынан шығып, аттан түсіріп, еркелеп келіп мойныңа асылып жатса, ең үлкен бақыт сол болар-ау? – маздай жанған отқа құрғақ бұтақ тастап, күрсінген қыз Күлтегінге көзінің астымен бір қарап қойды. Жұлдыздар шүпірлей бастаған аспанға көз тастап, әннің әуеніне ыңылдай қосылып отырған Күлтегін, отқа қарап ойланып қалған Ақшарқатқа қарап:                                       – Сондай бір асыл жан мені де күтіп алса ғой, –деді ақырын.                                       – Сіздей аты шыққан батырдың алдын тосып, түтінін түтетсем деп жүргендер көп болар-ау…                                                                                                                       – Ес біліп, етек жиғалы бері қолыма семсер ұстап, елімнің амандығын ғана ойладым. Өзгеге көңіл бөлмеппін, – Күлтегін шындықты айтты, – есіл-дертім елімнің амандығы болды. Сол жолда жар құшып көсіліп жатуды емес, қол бастап елдің алдында, желдің өтінде жүруге тура келді… Бүкіл күш-қуатымды жұмсадым…                                                                                                                Ақшарқат отқа тағы да құрғақ бұтақтар тастап, қағыстырып қойды.                                   – Ер жігіттің жорықта көк найзасы серігі болғанымен, қара лашығына келген кезде, қойнын жылытатын, қан кешіп жүріп  беріш болып қатып қалған жүрегін жылы сөзімен ерітетін бір адам керек-ақ. Сонда ғана қайраты еселене түспек, қайраулы қылыштай жарқылдамақ, – деді қыз.

– Сол көк семсер үнемі қайраулы тұруы үшін  тас қайрақ керек қой. Сол қайрақ жанымда отыр деп ойлаймын, – Күлтегін Ақшарқатқа көз тікті. Қыз батырдың бетіне тіке қарауға қысылды. Бірдеңе айтқысы келді, бірақ жанған оттың қызуынан ба, әлде Күлтегіннің айтқан сөзінен бе жүзі алаулап үнсіз отырып қалды.

–  Мені алғаш рет ажалдан арашалап алып қалған Берен қыз еді. Ол жөнінде өткенде жол үстінде айтып беріп едім ғой. Берен менің амандығым үшін өзін құрбан етті. Оны ешуақытта ұмытпаспын. Тәңірімнің маған арнап берген сыйы еді, ол қыз. Кездейсоқ айырылып қалдым. Тәңірім екінші рет сый жасап отыр. Ол – сенсің. Сені көзімнің қарашығындай сақтап, аялап өтермін бұл жалғаннан! Екеуіңде  бір ұқсастық бар, сыртқы кескін-пішіндерің, өр мінездерің. Ең бастысы, екеуің де мені жазым болудан аман сақтап қалдыңдар. Иә, Берен бір рет, ал сен екі мәрте. Сендей өр мінезді қыз жаугершілік кезде жаныма серік, бейбіт уақытта шаңырағыма көрік болар деп ойлаймын, – осыны айтқан Күлтегін отқа қарап ойланып отырып қалған қызды өзіне тартып, маңдайынан иіскеді. Ақшарқат сәл қисайыңқырап отырып, батырдың иығына басын қойды. Екеуі де үнсіз. Тек жүректер сөйлеп жатқандай…                          Оттың алауы көкке шапшып, айналаны жарық қылып тұр. Аспанда жұлдыздар жымыңдайды. Мұрынға көктемнің, тебіндей бастаған көктің, сәл күн қызса дүр ете қалатын жауқазынның жұпар иісі келетіндей. Күлтегін «екі мәрте ажалдан аман алып қалдың» деп бекер айтқан жоқ-ты. Біріншісі – бұдан біраз жыл бұрын, табғаштарға жорық жасап қайтар жолда болса, екіншісі – кеше ғана болған оқиға еді…

 

***

Ордосты шауып қайтқан соңғы төрт-бес жылда Қапаған қағанаттың қанатын кеңейтті. Төрт құбыласы мұнымен санасатын, айбынынан ай жасқанатын құдіретті қағандық құра алды. Шығысы сонау Сары теңіз, батысы кешегі күні Естеміс қаған атын суғарған Көк теңіз, Темір қақпа, теріскейі Байкөл, түстігі Ұлы шөлге дейінгі орасан зор аймаққа әмір жүрігізетін құдіретті қағанға айналды. Сахарада өмір сүрген көшпелі жұрт көк түріктер құрған қағанаттың қанатының астына кірді. Дәргейін қабылдады. Қапаған ағасы Құтылықтай көзсіз ер еді, әсіресе соғыс амал-тәсіліне жетіктігі оны осындай жетістіктерге алып келген. Қапағанның бір ерекшелігі, өзге қағандардай әскерді алдына салып қойып, өзі бір төбенің басында қарап тұрған жоқ. Қандай ұрыс болмасын, жұмыр басына қорғасын құйылған, қайың сабы сүйекпен қапталған шоқпарын ұршықша иіріп, әскердің алдында жүрді. Күндей күркіреп келіп ол тигенде жаудың шебі сөгіліп жүре беретін. Күндіз отырмай, түнде ұйықтамай аш бөрідей жортқанының арқасында түрік қағанатын барынша құдіретті етті. Көк сүңгінің ұшымен, алмас қылыштың күшімен құрылған әскери қағанаттың күші еселеп өсті. Ұран шақырып, дабыл қағылған бір аптада қағанатқа қарасты көшпелі тайпалар жүз елу мыңдай қол шығарып бере алатын.                                                                      Қысқа ғана уақыттың ішінде терістікте өздерімен тайталаса алатын түріктердің жаңа бір қуатты мемелекеті құрылғанына табғаштар да сескене қарады… Көк темір құрсанып, сәйгүлік мініп жүйткіген көк  түріктерді кісендеудің амалын қарастыруға кірісті…

 

*****

Соңғы кездері, Қапағанды қағанаттың болашағы, жеке өмірі, ат жалын тартып мінген ұлдарының алдағы күндері жиі мазалайтын болды. Жасы болса біразға келді, ұлдар өсіп қалды. Бір күні қисая қалса, Орданың жағдайы не болмақ? Тізгін кімнің қолына көшпек? Қай ұлы бұдан қалған таққа қонжиып отырмақ? Әлде әрқайсысы көрпені өзіне тартып, қырық пышақ бола ма? Бөгі мен Күлтегін қайтпек? Ішін тырмалап жанын жай таптырмаған осындай ойдан кейде бүк түсіп отырып қалатыны бар. Бірде есіне Өгілей бақсы түсті. Рас, бұдан да бұрын өткен қағандар сияқты Қапаған да ара-тұра ордаға жауырыншы, жұлдызшыларды шақырып, алдағы жасайтын жорықтары жөнінде кеңес алып отыратындығы бар. Ал  Өгілейдің орны бөлек. «Тәңірдің жердегі көлеңкесі» деп атап кеткен, бұл бақсы өзгелердей сәуегейлікке салынып, жөнсіз дүниені айта бермейтін, айтқаны ақиқатқа айналып айна-қатесіз, дәл келетін. Аузы дуалы. Тәуіптігі өз алдына, сондықтан атақ-даңқы алысқа кеткен. Жұрттың алқауына бөленген бақсы. Қолы жеткендер ат жіберіп алыстан болса да алдырып, емін алып, болашағын болжатып жатады. Ағасы Құтылық та тығырыққа тірелген кездерінде, Өгілейдің болжамына қарай әрекет қылушы еді. «Несі бар, шақырайын. Тылсым дүниемен тілдесіп, аруақтармен сырласып жүрген жан ғой. Болашағымның қалай өрілетінін біле жүрейін. Бәлкім, соған сай қам жасармын» деп ойлады. Ат шаптырып, Алтын таудың бір қойнауында жүрген Өгілейді алдырған. Үлкен ұлы Енел мен азын-аулақ күзетшілерін ертіп оңаша кеткен Қапаған, кеш бата қалың тоғайдың ортасындағы алаңқайға келіп тоқтаған. Тері бөстекті көк шалғынға төсеп жіберіп, малдас құрып отырды. Жанына ұлы Енел тізе бүкіті. Күзетшілер сәл ары барып, алаңды қоршай тұрды. Алба-жұлба сары ала шапан жамылған, денесінде бір қырым ет жоқ, бойы бір тұтам, иегі қылтанақсыз көсе Өгілей жасы біразға келсе де ширақ. Қағанды алғаш көргендей, тарғыл көздерімен тесірейе қарап біраз тұрды да, бақсылық рәсімдерін жасауға көшті. Лаулата от жағып, көкке қарап алақан жайған ол, әлденені күбірлеп ұзақ отырды. Сәлден соң орнынан атып тұрып, жанған отты айнала жүгіріп  жын-ойнағын бастады. Ет пісірім уақыт аузынан көбік ағып, от шайнап, шоқ түкірген бақсы бір сәт қағанның алдына келіп сылық етіп отыра кетті.                                                                                                                   –  Әміршім, Ұлы қағандар ұлы тірлігіңізге ырза, – деді аузынан көбік аға сөйлеп, – ағаң Елтеріс Құтылық қаған Көк тәңірі сен жақта екенін жеткізді. Қағанаттың айбынын асқақтата берсін, көк түріктің көк туын жықпасын деді…                                           Қаған бақсының әрбір айтқан сөзін ден қоя тыңдады. Ұлы рухтардың айтқанына дән риза болды. Жаны жадырап сала берді.                                                                          – Тағы, тағы нені көрдің көріпкелім,  айта түсі, – деді көңілі тасыған Қапаған.                                                                                                                   – Көрген көзде, естіген құлақта жазық жоқ, әміршім. Жындарым айтып жатыр, мен қайталаушымын…көк дөнен мінген көк жыным, көп ұзамай, мұқым сахара сіздің табаныңыздың астында жататынын хабарлады. Ал қарагер мінген қара жыным бір сұмдық жағдайды құлағыма сыбырлады… – Өгілей қағанға сыналай қарады.                     – Табғаштың алтын сарайын көріп тұрмын…                                                      Қапаған бақсының жұмбақтай сөйлегеніне шыдай алмады.                                               –  Мен сол алтын сарайда, алтын тақта отырған болармын, –деген көңілі тасып. Адамның өңменінен өтетін аласы мол, оқты көзінде бір сәт жылылық пайда болды.Түксиген жүзіне нұр жүгіргендей еді. Кылыштың жүзі тиген жырық бетінде, жылы жымиыс білінді. Табғаш жұртын табанына салып илеп, әмірімді жүргізсем деген арманы ғайыптан орындала қалғандай көрінді. Бақсының аузынан  тағы бір жақсы сөз шыға ма деп тыпыршыды.                                                                                          –  Алтын басыңыз алтын тақта отырған адамның алдында жатыр… Қапағанның бетіне біреу суық су шашып жібергендей болды. Әлгіндегі жадыраңқы түрі түтігіп, түксие қалды. Өгілейді жеп қоя жаздап:                                                                                                                               –  Не деп тұрсың! – деп гүр етті. Дауысы ышқына шықты. Бақсы тағы қайталады.                                                                                                                           –  Алтын басыңыз кесіліп, тақтың алдында жатыр…                                                    – Ұлдарым … ұлдарым ше? – жүзі әлем-тапырық болып кеткен қағанның үні бұл жолы тұншыға шықты.                                                                                                    – Сізден қалған тақта Құтылықтың қос бөрісі отыр. Ұлдарыңыз көрінбейді…                      –  Өз басыңа көрінсін!                                                                                               Орнынан ышқына көтерілген қаған, алдында жүрелеп отырған бақсыны қылышпен бір тартты. Денесінен бөлінген бас домалап түсіп, бақсының ақиған көзі жабылмай, көкке қарап, тасырайып қатты да қалды. Бассыз қалған дене тыпыршып барып сылқ еткен.  – Мынаның өлексесін адам көрмес жерге апарып тастаңдар! – деп күзетшілеріне бұйрық берді де атына қарай адымдап жүріп кетті. Соңынан ерген ұлына да қарамады.                                                                                                    Жүзі әлемтапырық болған қаған бір аптадай киіз үйден шықпай жатып алды. Үстіне ешкімді кіргізбеді.                                                                                                    «Апыр-ай деген іштей күйініп.  Менің басымды кесіп, табғашқа алып барған кім болды екен? Неге, несіне асықтым? Бейшара Өгілейдің басын кеспес бұрын, кімнің қолынан өлетінімді сұрап алмадым? Білгенде, бәлки басқаша қимылдауға болар ма еді? Құтылықтың арланға айнала бастаған қос ұлының тірлігі ме?                                     Жо-жоқ, олар түптен келгенде өз қаным. Құтылықтың ұлдары менімен жауығып, табғаштың алдына барып, тізе бүкпесі хақ. Олардың терісін сыпырсаң да тектілігін сыпыра алмайсың! Нағыз арландар! Әкесіне тартып туғандар. Қағанның тағы емес, көк түріктің қамын жеп жүргендер. Олардан маған қауіп болмас. Сонда кім?»                                                                                                                                              Капағанның жанын тыншытпаған, жегідей жеген, ұйқысын бұзған,  жегенін желім, ішкенін ірің еткен осы ой еді. Дегенмен Өгілей бақсының «Құтылықтың қос ұлы төрде отыр» деген сөзі құлағынан  жаңғырып кетер емес. Торға түскен торғайдай тыпыршып, киіз үйдің ішінде жатты да қойды. Неше күн, неше түн маза бермеген ойдың ұшығына ақыры жеткендей болған…                                                                  Арада апта өткен соң, Қапаған қаған пәрмен беріп, ру-тайпа басыларын жинап кеңес өткізді. Онда ежелден келе жатқан еншілік-таспиықтық жүйені бұза отырып, өз ұлы Енелді «кіші хан» етіп тағайындайтынын жеткізді. Шын мәнісінде, «кіші хан» деген тәж-тақтың мұрагері еді. Еншілік-таспиықтық жарғы бойынша, аға тақтан кеткенде оның орнын іні басып қалатын. Бұл бұрнағы заманнан бұзылмай келе жатқан түріктердің заңы-тұғын. Егер де сол жүйе бойынша жүрсе, Қапағаннан кейін Құтылықтың үлкен ұлы, яғни немере інісі Бөгі тақтың иесі болмақ.                                        Бір апта аунақшыған қаған тақ мұрагерінің тағдырын өзінің ыңғайына қарай шешкен-ді. Өзінен кейін тәж-тақ Бөгіге бұйырса, Күлтегін екеуі бұның ұлдарын бөріше талайтынын түйсінген ол,  амалсыз қалыптасқан жүйені тізеге баса отырып, бұзды. Бөгіні тардуштер шады деп тағайындады. Бұл енді тақ мұрагері бола алмайды деген сөз. Бар-жоғы батыс түрік қағанатының әскер басылық қызметі еді. Тоныкөк орнынан қозғалақтап, бірдеңе айтпақшы болып еді, Бөгі алдын алды. Оқты көзін Қапағанға қадап, қылышының сабын ұстаған Күлтегіннің тізесін мытыған күйі:

–  Мұрагерлік жүйені өзгерту қандай қажеттіліктен туды, хан ием? Әлде мені қомсынып отырсың ба? Бәлкім, қағанаттың емес, ұлдарыңыздың қамы ма, ойлағаныңыз? Бірақ сол ұлдарыңыз көк түріктің көсегесін көгерте ала ма? Еңсесін енді көтерген  қағанаттың, есесін өзгелерге иіп беріп  жүрмей  ме? Оны ойладыңыз ба?– деді.

Отырғандар қыбыр етпей қатып қалған. Көпшілік іштей мұрагерлікке Енелді емес, Бөгіні лайық көрсе де, төрде обадай болып сазарып отырған қағанға қарсы сөйлеуге дәті жетпей, қибыжықтап қалды. Бір сәт киіз үйдің ішінде шыбынның ұшқан дауысы естілетіндей өлі тыныштық орнады.

–  Қаған мұрагерлік мәселесін солай шешсе, қарсы емеспін. Елімнің береке-бірлігі бәрінен қымбат. Сондықтан қандай қызмет болса да даярмын! Қайда жүрсем де, елім қорғанса қалқан, сілтесе сойылы боламын! – осыны айтқан Бөгі орынан тұрды да киіз үйден шығып жүре берді. Соңынан Күлтегін ере кетті. Ешкім оларға «тоқта, отырыңдар» дегенді айта алмады. Құтылықтың қос ұлының ел алдында қыр көрсетіп, бұның шығарған заңына наразы екенін білдіріп кеткені қағанның қанын одан әрі қарайта түскен.                                                                                                «Тоқтай тұр, бәлем. Сендермен де есеп айырысар күн туар. Бұл қылықтарыңды өмірі ұмытпаспын»  деп іштей жосыған Қапаған, Бөгі мен Күлтегінді ордадан алыстау ұстау қамына кірісті. Өгілейдің өлімі де елеусіз қалмады. Қағанның қаһарына ілініп қаза болғанын жұрт сезді, әсіресе Өгілей шыққан түркеш тайпасы қатты дүрлікті. Қағанның сұрқия тірлігіне Өгілейдің ұлы Гүйлекей қол жинап, атқа қонбақшы да болды. Аты жер жарған бақсының өлімінен кейін, біраз ру-тайпалар Қапағаннан іргесін бөлек сала бастаған. Тек Тоныкөк дананың мәмілегерлікте жүруі ғана жұртты тыныштыққа шақырғандай болды. Дегенмен Қапағанның ойланбай істеген ожар тірлігі жұртты өзінен үркітіп алғаны рас-ты, әсіресе  өзге тайпалардың түріктермен арадағы дүрдараздығын пайдаланған қырғыздар, жыл сайын жорыққа деп беретін мың қаралы жылқыны бермей, тіпті Қапағанның дәргейінен бас тартатынын жолдапты. Бұл хан ордасына жай түскендей әсер етті.

«Тоқтай тұр, Қылышбек, астамсыған басыңды идірермін, әлі» деп кіжінген Қапаған дабыл ұрмақ болды.                                                                                        Бірақ күн күрт бұзылып, күздің суық қара жаңбыры басталды. Қаңғайдың сай-саласына алғашқы қар да жауып үлгерді. Қолайсыз ауа райы жорыққа қол байлау екенін Қапаған біледі, сондықтан ала тайдай бүлінген қырғызға қарсы майдан ашуды келер көктемге қалдырған.                                                                                                               Дәл сол кезде Аздар руынан шапқыншы келді. Келген адам, Қапаған қағанды емес, өзіне Күлтегінмен кездесу керектігін сұраған. «Аздар руының адамы сізбен кездесуді өтініп тұр» дегенде, Күлтегіннің есіне бірден Ақшарқат түскен еді.

– Келсін, – деді ол, – айтары болса айтсын! – бірақ жүрегі лүпілдап кеткен-ді. Толассыз жорықта, қан кешіп жүрсе де, аздардың көркем қызының бейнесі көңілінін өшпеген. Керісінше, уақыт өткен сайын сағынышына айналып, ақ дидарын бір көру арман болып қалған. «Аздардан шапқыншы келді» дегенде, Ақшарқаттың өзі келгендей күй кешкені рас-ты.

– Мен – аздар руының елбасысы Арсыланбектің қызы Ақшарқаттың шапқыншысымын. Ханшайымның айтуы бойынша,  алдағы көктемде табғаштармен бірлескен түркеш және қырғыз елі сіздерге қарсы соғыс ашпақ. Осыны жеткізу үшін суыт келдім, –деді шапқыншы.                                                                                                                      – Оны аздар қайдан біледі? – Күлтегін шапқыншының бетіне зер сала қарап. – Неге сүйеніп айтты?                                                                                                          – Аздар түркештердің дәргейіндегі ру. Жорыққа шықса жасақ пен мініс аттарын беріп келеміз. Түркеш қағаны Ежел Арсыланбекке ат шаптырып, бұл жолы да жорыққа көмек беруін өтінген екен. Қазір Арсыланбек ел басқаратын жағдайда емес, сырқат. Бар билік ұлы мен қызының қолында. Аздар бұл жорыққа араласқысы жоқ. Ханшайымның айтқаны осы, –деді шапқыншы.

–  Ханшайымға менен сәлем айта бар. Бұл жақсылығы ескерусіз қалмайды, – деді Күлтегін Ақшарқатқа деген ырзашылығын жасыра алмай.

–  Ханшайымның сізге тапсыр деген заттары бар еді, – шапқыншы аламан қосар атқа өңгерілген қоржынды және көк мауытқа оралған   киіз құндақты таяқша секілді затты Күлтегінге берді. Қоржынды ашқанда алты сайлы түлкі тымақ, қасқыр ішік шықты. Ал көк мауытқа оралған зат, көк құрыштан құйылып, қынабы күміспен көмкеріліп, балдағы алтынмен безендірілген наркескен екен. Қыздың бұл тарту-таралғысы Күлтегіннің оған деген сағынышын үрлей түскендей болды. Қасқыр ішікті жамылып, түлкі тымақты киіп, қылпылдаған наркескенді қолына ұстап, әрі-сәрі күйде тұрып қалған. Алыстан келген хабаршыны асқа шақырмақ болып сыртқа шыққан Елбілге қатұн ұлының үстіндегі киімге қарап, таң-тамаша болды.

– Анашым, – деді Күлтегін, – есіңізде ме, табғашты шауып қайтып келе жатып, аздар руының адамдарымен кездестім деп едім ғой.

– Иә, ұмытқан жоқпын, –деген Елбілге қатұн, – ұлымды бір ажалдан аман алып қалған оларға алғыстан басқа айтарым жоқ!

– Сол Ақшарқат суыт хабар айтқан екен. Онымен қоймай, мына бір сый-сияпатын да беріп жіберіпті.

Ұлының үстіндегі киім мен жүзі күнмен шағылысқан наркескенге көз тіккен Елбілге қатұн:                                                                                                                –  Бас киім жолдағаны, басыңды ешкімге име, тік ұста дегені болар. Қасқыр ішігі, қасқырдай текті, қасқырдай ұяластарыңа адал бол дегені шығар. Қағандар мен хандар ғана ұстайтын, қасиетті қару наркескенді сыйға тартқаны, алдағы уақытта ел тізгіні сенің қолыңа өтсін деген ақ ниетінен туғаны. Бұл қыз тегін адам болмай тұр ғой, ұлым…                                                                                                                                           Көк зеңгірге көз жүгірткен Күлтегін алашабырланып көшіп жатқан бұлттардан Ақшарқаттың бейнесін іздегендей болды. Көңілі алағызып алыстағы, тым-тым алыстағы сонау көгілдер таулардың ар жағындағы қызды сағынды. Қанатын қомдап құстай ұшқысы да келді, бірақ… ел шетіне сүңгісін кезеп жау жақындап қалғанын ойлап, амалсыз жорыққа шығудың қамына кірісті.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

(жалғасы  бар)

Алдыңғы жазбаҚырғызстанда дүрбелең: Тәшиев ІІМ-ге жеткізілді