Home Басты жазба 1 шілдеден кейінгі саяси күз: жаңа Конституция нені өзгертеді?

1 шілдеден кейінгі саяси күз: жаңа Конституция нені өзгертеді?

23

15 наурыздағы референдум — күн тәртібіндегі кезекті саяси науқан емес. Егер жоба қабылданса, 2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстан формалды түрде жаңа конституциялық кеңістікке өтеді. Сол күні қазіргі Парламенттің өкілеттігі тоқтайды. Сол күні саяси жүйенің құқықтық негізі өзгереді. Бірақ негізгі сұрақ өзгерістің формасында емес, мазмұнында.

Жобада басқару нысаны өзгермейтіні анық жазылған. Демек, президенттік модель сақталады. Алайда «сақтау» мен «нығайту» ұғымдарының арасы алшақ емес. Құжаттағы бірқатар нормалар президент институтын билік тармақтарының үстіндегі үйлестіруші ғана емес, олардың саяси өзегіне айналдыратын конструкцияға ұқсайды. Бұл классикалық президенттік жүйеден гөрі орталықтандырылған модельге жақын.

Билікті бөлу қағидаты жарияланғанымен, оны іске асыру тетіктері асимметриялы. Президенттің парламентті тарату мүмкіндігінің кеңеюі, заң күші бар актілер шығару ықтималдығы, жауапкершілік институтының күрделілігі — мұның бәрі билік балансының формалды емес, нақты сипатта өзгеретінін көрсетеді. Теорияда тежемелік және тепе-теңдік жүйесі бар, практикада вертикаль айқын көрінеді.

Парламенттік модельдің бір палаталы, толық пропорционалды партиялық тізімге негізделуі де стратегиялық шешім. Бұл партиялық жүйені институционализациялауға бағытталғандай көрінеді. Бірақ ол тәуелсіз кандидаттардың қатысуын шектейді. Яғни саяси бәсеке партиялық сүзгіден өтеді. Мұндай жүйе тұрақтылық береді, алайда плюрализмді шектеуі мүмкін.

Адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты декларативті нормалар бар. Бірақ сол құқықтарды шектеуге мүмкіндік беретін бұлдыр формулалар да кездеседі. «Абсолютті» деп сипатталған құқықтардың заңмен шектелуі мүмкін екені көрсетіледі. Бұл құқықтық логикада ішкі коллизия туғызады. Ертең саяси жағдай өзгерсе, дәл осы нормалар әртүрлі түсіндірілуі ықтимал.

Халықаралық құқық мәселесі де назар аудартады. Қазақстан ратификациялаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт секілді құжаттар әдетте ұлттық заңнамадан жоғары тұрады. Егер олардың қолданылу тәртібі ішкі заңмен айқындалады делінсе, бұл халықаралық міндеттемелердің ішкі саяси интерпретацияға тәуелді болуына жол ашады. Бұл норма бүгін емес, ертең маңызды болуы мүмкін.

Тағы бір стратегиялық элемент — қосымша саяси институттардың рөлі. Қазірдің өзінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Құрылтайы бар. Егер жаңа конституциялық модельде ұқсас құрылымдарға заң шығару бастамасы немесе референдум бастамасын көтеру құқығы берілсе, онда өкілдік табиғаты күрделене түседі. Тікелей сайланған орган мен саяси жолмен қалыптасқан органның ара салмағы — болашақтағы негізгі институционалдық шиеленіс нүктесі.

Енді күнтізбелік логикаға көшейік. 2026 жылғы 1 шілдеде қазіргі Парламент тарайды. Бұл — нөлдік нүкте. Ел ұзақ уақыт заң шығару органынсыз қала алмайды. Сондықтан жаңа сайлау жедел өткізіледі. Ең ықтимал сценарий — шілде айында науқан басталып, тамыздың соңы немесе қыркүйекте дауыс беру өтіп, жаңа депутаттар күзде жұмысқа кіріседі. Бұл мемлекетке бюджет циклін тұрақты режимде бастауға мүмкіндік береді.

Алайда бұл сайлау кезекті электоралдық рәсім болмайды. Бұл — жаңа конституциялық конструкцияның алғашқы сынағы. Егер президенттік өкілеттіктер кеңейіп, парламентті тарату мен заң шығару процесіне ықпал ету тетіктері күшейсе, онда жаңа Парламент формалды түрде жаңарғанымен, жүйелік дербестігі шектеулі болуы мүмкін. Ал егер партиялық алаң шынымен ашылып, бәсеке күшейсе, онда 2026 жылғы күз саяси трансформация кезеңіне айналуы ықтимал.

Қоғамда бұл реформа ұзақмерзімді транзитке дайындық деген пікір бар. Яғни жаңа конституциялық модель болашақ саяси кезеңнің инфрақұрылымын алдын ала құрып қояды. Егер солай болса, онда 15 наурыз — тактикалық емес, стратегиялық таңдау күні.

Бұл құжатты біржақты бағалау қиын. Онда демократиялық риторика да бар, билікті орталықтандыру мүмкіндігі де бар. Мәселе мәтінде емес, оның қалай қолданылатынында. Конституция — қағаздағы ереже ғана емес, саяси мәдениеттің айнасы.

2026 жылдың күзі осы айнаға бірінші рет толық қарау сәті болады. Сол кезде ғана біз жаңа Конституция шынайы теңгерім орната алды ма, әлде жаңартылған президенттік вертикальді бекітті ме — соны анық көретін боламыз.

і.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Dodanews.kz

Алдыңғы жазба60 – қа КЕЛГЕН АПАЙДАН АҚЫЛ СҰРАМА