Ресей мен Украина арасындағы соғыс бүгін-ертең тоқтай қоймайтын сынды. Міне, екі ел арасындағы қақтығысқа енді он күннен кейін төрт жыл толмақ. Майдан шебіндегі жағдай салыстырмалы түрде тұрақталғанымен, әскери-саяси тұрғыдан алғанда соғыс әлі де жоғары қарқыннан түскен жоқ. Қақтығыстың ұзаққа созылуы Украинаға сыртқы қолдаудың сақталуына, ал Ресейдің әскери-экономикалық ресурстарды бейімдеу қабілетіне тікелей байланысты болып отыр.
Батыстың әскери қолдауы: басымдық – әуе қорғанысы мен тұрақтылық
Украинаны қолдау мәселесінде Батыс елдерінің ұстанымы түбегейлі өзгерген жоқ. АҚШ пен НАТО-дағы одақтастары Киевке әскери көмекті соғыс аяқталғанға дейін жалғастыру ниетін бірнеше рет мәлімдеді. АҚШ-тың НАТО жанындағы тұрақты өкілінің айтуынша, негізгі басымдық әуе және зымыранға қарсы қорғаныс жүйелеріне берілуде. Сонымен қатар, Украина Қарулы күштерінің жауынгерлік қабілетін сақтау үшін шабуылдаушы қару-жарақ жеткізілімдері де тоқтатылмайтыны айтылуда.
Қалыптасқан механизм бойынша, Украинаға әскери көмекті қаржыландырудың едәуір бөлігін Еуропадағы НАТО елдері өз мойнына алады, ал АҚШ нақты қару-жарақ пен технологиялық қолдау көрсетеді. Пентагон мен Мемлекеттік департамент шеңберінде қосалқы бөлшектер, жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге қатысты келісімдер мақұлдануда. Бұл, әсіресе, НАТО елдерінен жеткізілген америкалық F-16 жойғыштарын ұстау мен пайдалану тұрғысынан маңызды.
Сонымен қатар, Пентагонда бұрын жасалған келісімшарттарды қайта қарау жүріп жатқаны хабарлануда. Бұл Украинаға арналған оқ-дәрі жеткізілімдерін икемді жоспарлауға және қажетті бағыттарға қайта бөлуге мүмкіндік беруі мүмкін.
Украина армиясындағы құрылымдық өзгерістер
Соғыс барысындағы маңызды факторлардың бірі – Украина Қарулы күштерінің ішкі трансформациясы. Бас қолбасшы Александр Сырскийдің мәліметінше, армияда корпус деңгейіндегі ірі бірлестіктерді қалыптастыру процесі жүріп жатыр. НАТО стандарттарына сәйкес, бір армиялық корпус 30–40 мыңға дейін әскери қызметкерді қамтуы мүмкін. Жоспар бойынша, мұндай корпустар оңтүстік, шығыс және солтүстік бағыттарда орналастырылады.
Артиллерия да жаңа құрылымға бейімделіп жатыр. Корпустар құрамында артиллериялық бригадалар құрылып, олар заманауи, оның ішінде 155 мм калибрлі M777 гаубицаларымен және өзге де өздігінен жүретін жүйелермен жабдықталуда. Цифрлық атыс басқару жүйелері мен спутниктік байланыс құралдарын қолдану артиллерияның дәлдігі мен жеделдігін арттырып отыр.
Дрондар соғысы: шешуші факторға айналу
Қазіргі соғыстың басты ерекшеліктерінің бірі – ұшқышсыз жүйелердің рөлінің күрт артуы. Украинада дербес Ұшқышсыз жүйелер күштері (СБС) қалыптастырылып, олардың құрылымдары кеңейтілуде. Жекелеген батальондар полктерге айналдырылып, тіпті жаяу әскер бөлімшелерінің штаттық құрылымына дрон операторлары енгізілуде.
Украина әскери басшылығының дерегінше, соңғы бір жарым жылда дрондардың тиімділігі бірнеше есе өскен. Қазіргі таңда майдандағы огневой әсердің шамамен 60 пайызы дрондар үлесіне тиесілі, ал артиллерияның үлесі – 40 пайыз. Бұл классикалық соғыс тәсілдерінің өзгеріп, технологиялық артықшылықтың шешуші мәнге ие бола бастағанын көрсетеді.
Қазіргі майдан ахуалы: стратегиялық тығырық
Майдан шебінде түбегейлі бетбұрыс байқалмайды. Екі тарап та ірі ауқымды шабуыл операцияларын жүргізуге сақтықпен қарап отыр. Ресей біртіндеп тактикалық алға жылжуға ұмтылса, Украина қорғанысты нығайтып, қарсы соққылар мен алыстан әсер ету құралдарына (артиллерия, дрондар, зымырандар) сүйенуде.
Сарапшылардың көпшілігі қақтығыс белгілі бір деңгейде «ресурстар соғысына» айналғанын айтады: кімнің өндірістік, қаржылық және мобилизациялық мүмкіндігі ұзаққа шыдаса, сол тараптың позициясы күшейеді.
Келіссөздер перспективасы: жақын арада серпіліс күтіле ме?
Дипломатиялық арна толық жабылған жоқ, алайда нақты нәтижеге алып келетін келіссөздер әзірге көрінбейді. Тараптардың бастапқы талаптары бір-бірінен тым алшақ. Украина аумақтық тұтастық мәселесін басты шарт ретінде қойса, Ресей қауіпсіздік пен геосаяси талаптарын алға тартып отыр.
Сараптамалық ортада соғыстың қысқа мерзімде аяқталу ықтималдығы төмен деп бағаланады. Ықтимал сценарийлердің бірі – 2026–2027 жылдарға дейін созылатын төмен қарқынды, бірақ тұрақты қақтығыс. Екінші сценарий – тараптардың бірінде ішкі саяси немесе экономикалық қысым күшейіп, келіссөзге мәжбүр болуы. Алайда қазіргі жағдайда мұндай алғышарттар айқын байқалмайды.
Қорытынды
Ресей–Украина соғысы әскери ғана емес, саяси, экономикалық және технологиялық өлшемдері бар күрделі қақтығысқа айналды. Батыстың қолдауы Украинаға қорғанысты сақтауға мүмкіндік беріп отыр, ал армияның құрылымдық реформалары соғыстың ұзаққа созылуына бейімделу екенін көрсетеді. Алдағы кезеңде соғыстың тағдыры майдандағы емес, көбіне экономикалық төзімділік пен халықаралық саяси шешімдерге байланысты болмақ.
Бұл соғыстың Қазақстан үшін салдары
Ресей–Украина соғысы Қазақстан үшін тікелей әскери қауіп төндірмегенімен, оның жанама саяси, экономикалық және геосаяси салдары айқын сезілуде. Қазақстан қақтығыс басталғалы бері бейтарап ұстанымды сақтап, халықаралық құқық пен аумақтық тұтастық қағидаттарын қолдайтынын бірнеше рет мәлімдеді. Бұл позиция елдің көпвекторлы сыртқы саясатының логикалық жалғасы болып табылады.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, соғыс пен оған байланысты санкциялар Қазақстан үшін бірқатар тәуекелдер мен мүмкіндіктер қатар алып келді. Ресей арқылы өтетін көлік-логистикалық бағыттардың маңызы артты, бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтті. Сонымен бірге, санкциялық қысым салдарынан ресейлік нарықтағы өзгерістер қазақстандық экспорттаушылар мен импорттаушылар үшін қосымша қиындықтар туғызды. Кейбір салаларда жеткізу тізбектері қайта құрылып, балама нарықтарға шығу қажеттілігі өсті.
Энергетика саласында да жанама әсерлер байқалады. Мұнай мен газ нарығындағы құбылмалылық, бағалардың тұрақсыздығы Қазақстан экономикасына тікелей ықпал етті. Әсіресе, Каспий құбыр консорциумы сияқты инфрақұрылымдардың геосаяси тәуекел аймағында қалуы Астананы экспорт бағыттарын әртараптандыру мәселесіне қайта оралтуда.
Саяси тұрғыда Қазақстан үшін ең маңызды салдардың бірі – ірі державалар арасындағы текетірестің күшеюі. Ресей мен Батыс арасындағы қақтығыс жағдайында Қазақстан теңгерімді дипломатия жүргізуге мәжбүр. Бұл елдің сыртқы саяси маневр жасау кеңістігін тарылтпай, керісінше, халықаралық алаңдарда делдалдық және диалогты қолдаушы рөлін күшейтуге итермелеп отыр.
Қауіпсіздік өлшемінде соғыс аймақтағы әскери-саяси ахуалдың күрделенуіне алып келді. Бұл Қазақстан үшін қорғаныс қабілетін нығайту, армияны жаңғырту және киберқауіпсіздік пен ақпараттық тұрақтылыққа көбірек назар аудару қажеттігін көрсетіп отыр.
Жалпы алғанда, Ресей–Украина соғысы Қазақстан үшін сыртқы ортадағы белгісіздікті арттырды. Бұл жағдай елден икемді экономикалық саясатты, сақ дипломатияны және ұлттық мүдделерге негізделген прагматикалық шешімдерді талап етеді. Соғыс қанша уақытқа созылса да, оның салдары Қазақстан үшін ұзақ мерзімді стратегиялық есептеулердің бір бөлігіне айналып отыр.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
Dodanews.kz/

































