Home Қоғам Марапат – мерей емес, жаңа  белес!

Марапат – мерей емес, жаңа  белес!

29

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан маған бірнеше мәрте марапат табыс етілуі – тек жеке жетістік емес, үлкен жауапкершілік пен алдағы міндеттерді еске салатын оқиға болды десем, артық  айтпағаным.

Алдымен азаматтық белсенділік пен қайырымдылық қызметі үшін берілген «Шапағат» медалі Мемлекет хатшысының қолынан табыс етілді. Содан кейін еліміздің басты құндылығы – Конституцияның 30 жылдығына орай мерекелік медальмен марапатталдым. Биылғы ең ерекше сәт – Қызылордадағы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының қолынан «Құрмет» орденін алу еді.                                                                                                                                                         Рас, әр марапаттың артында жылдар бойғы еңбек, табандылық және қоғам алдындағы жауапкершілік жатыр. Менің өмір жолымның басты бағыты – экология. Елдің табиғатын қорғау жолында ең алдымен экологиялық «Жасылдар» қозғалысын құрдық. Уақыт өте келе бұл бастама «Байтақ» жасылдар партиясына ұласты. Қазір партиямыз – қоғам өміріне белсене араласып, елді біріктіретін саяси күштердің бірі. Нақтылап айта кететін  болсам, біз тек экологияны қорғаумен шектелмейміз. Қоғамдағы түрлі әлеуметтік мәселелерге де үн қатып, ел бірлігі мен ынтымағының сақталуына үлес қосып келеміз. Халықаралық деңгейде де байланыстар орнатып, шетелдік жасылдар партияларының тәжірибесін меңгердік. Әлбетте, мұның  барлығы – еліміздің экологиялық жағдайын жақсарту, табиғат пен адамның үйлесімін қалпына келтіру мақсатында.                                                          Бұл марапаттар менің жеке еңбегімнің ғана емес, мыңдаған партияластарымның еңбегі мен сенімінің жемісі. «Құрмет» ордені – сол ортақ жолдың, ортақ еңбектің бағасы. Алда атқарар іс әлі де көп. Экологияны жақсарту, қоғамның дамуына үлес қосу – бір күндік немесе бір жылдық жұмыс емес, ұрпақ алдындағы міндет. Марапат – мәреге жеткеннің белгісі емес. Ол – жаңа белеске бастайтын аманат. Сол аманатты орындау – біздің парызымыз дегім келеді.

Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ»  жасылдар  партиясының  төрағасы

Алдыңғы жазбаҚарин жұмыс тобының конституциялық реформаға қатысты ұсынған жаңашылдықтарын атады