Home Басты жазба 10 желтоқсан: Қазақ елінің тарихи есін түгендеген күн

10 желтоқсан: Қазақ елінің тарихи есін түгендеген күн

66

1991 жылдың 10 желтоқсаны – қазақ тарихындағы ерекше белес. Бұл күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауы ресми түрде Қазақстан Республикасы болып өзгерді. Бір қарағанда жай ғана атау түзету сияқты көрінуі мүмкін. Алайда дәл сол сәтте басталған саяси өзгерістер, ұлттық санадағы серпіліс, кеңестік биліктен арылуға деген ұмтылыс бұл шешімге мүлде басқа мағына жүктеді. Бұл күн – болашақ тәуелсіздіктің символдық түрде жарияланған уақыты.  Қазақ елінің жаңа атауы – Қазақстан Республикасы – халықаралық саясаттағы дербестікті, геосаяси жауапкершілікті, өз мемлекеттілігін қалыптастыруға дайын екенін білдірді. Бұл – кеңестік жүйенің көлеңкесінен шығып, әлемдік қауымдастыққа жаңа есіммен қадам басу болатын.  

  Алайда 1991 жылғы өзгерістің арғы жағында әлдеқайда терең тарихи күрес бар. ХХ ғасырдың басына дейін қазақ халқы ресми құжаттарда «қырғыз» деп бұрмаланып жазылып келді. Бұл – отарлық саясаттың ұлттық болмысты көмескілеу тәсілдерінің бірі болатын. Дегенмен, Сәкен Сейфуллин бастаған қазақ зиялылары осы қателікті түзету үшін ерекше табандылық танытты. Сәкеннің «қазақ» атауын ресми бекітуге қол жеткізуі – тек лингвистикалық түзету емес, ұлттық есімізді қайта ояту болатын. Бұл – тарихи атауды қайтару арқылы халықтың рухын тіктеген үлкен ерлік. Сейфуллиннің сол еңбегі 1991 жылдағы өзгерістермен үндесіп, бір ғасырлық күрестің жалғасқанын көрсетеді. Қазіргі қоғамда «Қазақстан Республикасынан»  гөрі мемлекет атауы «Қазақ елі» болса жарасады» деген пікірлер жиі айтылады. Бұл пікірдің тамырында ұлттық тарихпен, этностық болмыспен, мәдени тамырмен байланысқа деген ұмтылыс жатқаны  хақ.                                                                                           «Қазақ елі» атауы – ықшам, поэтикалық, елдің тарихи жадымен тікелей сабақтас. Бұл сөз тіркесі қазақ мемлекеттілігінің терең тамыры – хандық дәуірді, одан әрі өткен көне мемлекеттерді еске түсіреді. Ол – ұлттық рухты көтеретін атау.                 Ал «Қазақстан Республикасы» – зайырлы, көпэтносты, құқықтық мемлекет моделіне негізделген халықаралық атау. Бұл ұғым бірлік пен азаматтық ортақтықты білдіреді.   Шын мәнінде, бұл екі атау бір-біріне қайшы келмейді. Бірі – ресми аты, бірі – ұлттық жүректегі аты. Қытайдың «Чжунго» – «Орталық мемлекет» деп, Жапонияның «Нихон» – «Күн шығыс елі» деп аталатыны сияқты, біз де ресми атаудан бөлек, тарихи-рухани атауымызды қастерлей береміз. «Қазақстан» – дипломатиялық кеңістікке танылған есім, ал «Қазақ елі» – ұлттың рухани төлқұжаты.                               1991 жылдың 10 желтоқсаны – атау өзгерген күн ғана емес. Бұл – қазақ халқының ғасырлар бойғы ұлттық ой-санадағы күресі, тарихи есін түгендеуі, отарлық бұғаудан арылған болмысының жарқ етіп көрінген сәті. Сәкен Сейфуллиндер жүргізген күрестің, қилы заманның ауыр сабақтарының, тәуелсіздікке деген аңсардың тоғысқан күні.        Бәлкім, болашақта мемлекет атауы туралы пікірталас қайта көтерілуі мүмкін. Бәлкім, «Қазақ елі» атауы ресми деңгейде де өз орнын табар. Бірақ ең маңыздысы – атаудың өзі емес, сол атауды көтеріп тұрған халықтың санасы, ертеңге деген сенімі және ұлттық бірлігі. Қысқасы, 10 желтоқсан – дәл осы бірліктің, тарихи жадтың, жаңғырудың күні.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ «Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы

Алдыңғы жазба8 желтоқсан неге елеусіз, ескерусіз қалды?
Келесі жазбаМемлекет басшысы мен Иран Президенті Масуд Пезешкиан келіссөз жүргізді