Кеше исі қазақ үшін, ең қаралы даталардың бірі болған еді. Бірақ күйбең тірішілік пе, қазақы самарқаулық па, білмеймін, әйтеуір тырс етіп үн шығарған ешкім болмады. Негізі кешегі күн – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атылған күн болатын. Бұл күн тек бір адамның қазасы ғана емес. Бұл – тілін түзеген, әліпбиін жасаған, ойлау мәдениетін қалыптастырған, Алаш қозғалысының рухани өзегіне айналған қайраткерді жою арқылы бүтін бір халықты жетекшісіз қалдыруға бағытталған саяси қылмыстың күні.
Ахмет Байтұрсынұлын ұмытуға бола ма? Жоқ! Ахмет Байтұрсынұлы XX ғасыр басындағы қазақ қоғамының санасын оятқан реформатор еді.
— Қазақтың төте жазуын жасады,
— «Қазақ» газетін шығарды,
— «Тіл-құрал» арқылы ана тілін ғылымға айналдырды,
— Алаш автономиясының идеялық тұғырын бекітті. Ол тек ғалым емес, тек публицист емес — ұлттың өзін-өзі тануына түрткі болған тұлға еді. Сондықтан да ол ең бірінші болып қуғындалды. Қамауға алынды. Қанша жыл темір торда отырды. Ит жеккенге айдалды. Ақыры ату жазасына кесілді. Үкім 1937 жылдың 8 желтоқсаны күні орындалды. Сталиндік жүйе Байтұрсынұлын «халық жауы» деп танығанымен, оның еңбегі халықтың жадынан ешқашан өшкен жоқ.
Өйткені ол жазған әрбір кітап – ұлттың сауатын ашу үшін жазылған,
әрбір реформасы – қазақтың ертеңі үшін жасалған,
әрбір қадамы – халықты мемлекет құруға қабілетті ұлт деңгейіне көтеру мақсатына бағытталған еді. Оның өмірі – бір адамның трагедиясы емес.
Бұл – қазақтың XX ғасырдағы рухани тірегіне жасалған шабуыл. 8 желтоқсан — қайғы күні ғана емес.
Бұл — есте сақтау күні,
рухпен қайта жүздесу күні. Бірақ, алаш баласы үшін жан берген ұлы тұлғалардың өмірден өткен күндерін елеп-ескеру бізде кем соғып жатыр. Өкінішті.
Азаматхан ӘМІРТАЙ «Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы

































