Home Басты жазба 25 ақпан қасірет күні болуы тиіс!

25 ақпан қасірет күні болуы тиіс!

35

Бүгін алаш баласы үшін қаралы күндердің бірі. Дәл осы күні Сталиндік саяси қуғын сүргіннің қыл бұрауына түскен 39 алаш арысы атылды. Сәл тарихқа шегініс жасайтын болақ, Қызыл империя тарапынан 1937 -38 жылдары жүрігізілген саяси қуғын – сүргін репрессияда елімізде 120 мың адам ұсталып, темір торға тоғытылды. Оның ішінде 25 мыңы атылды. Сүйтіп қазақтың бетке ұстар қаймақтары – оқығандары, ел тізгінін ұстағандар түгел жойылды деуге болады.

Жалпы 25 ақпаннан 14 наурызға дейінгі аралықта НКВД алаш ұлдарын топ-тобынмен атты, қырды. Деректерге үңілетін болсақ, 25 ақпанда – 39 адам, 26 ақпан – 37, 27 ақпан – 41, 28 – ақпан – 40 адам жазықсыз шейіт болды. Бұлардың ішінде исі алаштың бір туар ұлдары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Темірбек Жүргенов, Санжар Асфендияров, Құдайберген Жұбанов тб. бар. Сондай-ақ , сталиндік репрессияға ұшырап атылған қазақ қызы Шахзада Шонановада осы атылғандардың ішіне кіреді.
Осы жерде басты назар аударар бір жайт бар. Елімізде 31 мамыр «саяси қуғын -сүргін құрбандары» күні деп аталады. Бұл қаншалықты дұрыс? Әу баста, ұмытпасам бұл күн «ашаршылық құрбандары күні» деп жарияланған. Бұл дұрыс нұсқа еді. Өйткені 1931-32 жылдардағы ашарлық пен 1937-38 жылдардағы саяси қуғын -сүргін екеуі екі бөлек дүние. Ал, ақпан айының 25 жұлдызын «Саяси қуғын -сүргін құрбандары» күні деп, осы қасіретті күнді атап өтуге тиісті едік. Себеп белгілі дәл осы күні қазақтың өзге азаматтарымен бірге он сегіз «нарком» атылды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді. Ақпанның осы бір қаралы күндерін билік білгені дұрыс һәм безбенге салып кеште болса, бұрынғы кеткен қателіктерді түзеп, 25 ақпанға «Саяси қуғын -сүргін құрбандары» күні деген атау бергені жөн болар еді. Қалай айтсақ та, 1921-22 және 1931-32 жылдардағы ашаршылық және 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезеңдері иісі қазақтың жадынан шыға қоймасы хақ. «Ештен кеш жақсы» демекші, қазақ үшін қасіретті жылдар атанған кезеңге әлі талай ескерткіштер қойылар, талай зерттеулер жүргізілер, әлі де құпиялығын сақтап мұрағатта жатқан құжаттарға қол жетер. Бүгінгі ұрпақ алаш баласының талай тар жол тайғақ кешуден өткенін біле жүргені ләзім.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ

Алдыңғы жазбаҰлттық журналистиканың шырақшысы
Келесі жазбаҚазақстанда АЭС құрылысының аумағы бекітілді