Home Жаңалықтар Жоғалған қазыналар немесе Ресей патшасының алтындары...

Жоғалған қазыналар немесе Ресей патшасының алтындары қайда?

64

Жер беті  жасырылған қазына- көмбеге  толы. Тек  оларды таба  білу  керек. Рас,  жер   астында  жүздеген  тонна  інжу-маржан,  алтын-күміс,  өзге де  бағалы  заттар  әр  заманда,  әр  түрлі  кезеңде тығылған  деген  деректер  жеткілікті.  Алып-қашпа  сөз  көп.  Бірақ  әлі  күнге     ірі  көлемде  табылған  дәнеңе  жоқ. Соған  қарап   бәрі  жалған,  өтірікпе деп те  қаласың. 

Бірақ  кейбір бұлтартпас  дәлелі  бар көмбелерде  баршылық.   Ол  әрине тарихта  аты   белгілі адамдардың   байлығы. Өзге  ұсақ-түйекті  былай ысырып  қойғанда аты  әлемге  мәшһүр  Шыңғысханның  жасырылған қазынасы жайлы  әңгіме  көп. Арада  жылжып  талай ғасыр   өтсе де Ұлы  Қағанның  артында  қалған  байлығын іздестіріп  жатқандар  жеткілікті. Тіпті  арнайы  экспедцияларда  ұйымдастырылды. Кейбір ел арасында  жүрген  әңгімеге  қарасақ, Шыңғысханның  тығылған  қазынасы   бірнеше  мемлекетті  бірнеше  ғасыр   асырауға  жетеді екен. Бірақ  сол  құрғыр  әлі  күнге  көкжиекте    сағымдай  бұлдырап  талайдың  есін  алғанмен, таптырар  емес… Дегенмен    бұл  жолы Ұлы  Қағанның    емес, бертінде өмір  сүрген Ресей патшасының   жоғалған қазынасы  жайында әңгіме етелік.

 

Романовтар құпиясы     

Ресейдің  соңғы  императоры Николай II  және  оның отбасының   тағдыры құпия  және қайғылы.  Қайғылысы патшалық  Ресей  үшін азды-көпті  еңбек еткен жан,   бір  күнде үрім-бұтағымен бірге ештеңенің қадірін  білмеген жалаңаяқ  кедей,  қызыл  әскерлердің қолынан оққа  ұшты. Құпиясы Романовтар  әулетінің  жүздеген  жыл  жиған  орасан зор қазынасының   із-түссіз  жоғалып  кетуі. Патшаның  қазынасын  іздестіру  ол  атылған  соң  бірден  басталған. Бірақ  күні бүгінге  дейін табылмады.  Көл-көсір  қазына  қайда  кетті? Жауап  жоқ. Бір  белгілі  жағдай, 1918 жылы қамауға  алынған Романовтар  отбасын Сібірдегі  Тобыл  қаласына айдап  алып  келді. Онда  біраз  уақыт  қамауда  болған  соң,  отбасы  Екатеринбург жіберілді. Сұрақ  алу  кезінде  патша  ханшайымы: «бізде асыл  тастардың  неше  түрі  болған  еді. Бірақ  көптеген    байлығымызды қызыл  әскерлер  тартып  алды.  Біразын күтушілеріміз  талан-таражға   салды. Дегенмен  қазынамыздың  басым  бөлігі қамауға  алынғанға  дейін өзімізде  болды»  деп  жауап  берген.  Жалпы  Романовтардың  жоғалған  қазынасын  іздеуге Мемлекеттің  қауіпсіздік  бөлімі   бірнеше  рет әрекет  еттті.  Бірақ бәрі  сәтсіз  аяқталды. Тіпті  Кеңестік  Ресейдің   атышулы  ізкесушілері де  алты  жыл  қатарынан тер  төкті,  Романовтар  әулетіне  қатысы  бар   адамдармен   құпия  түрде  тергеу  жүргізді. Өкініштісі, соның  ешқайысы  нәтижелі  болмады. Дегенмен  бір  шындықтың  беті  ашылды.  Ол –  Романовтардың  қазынасының  басым  бөлігі Тобыл  қаласында   жоғалғаны,  сол  жерлерге  тығылғаны   анықталды. Кейіннен   қазып  іздеу  барысында бұрынғы Иванов  монастырының  маңайынан патша  отбасына  тиселі  көптеген заттар  табылған. Бірақ та көптеген  куәгерлер патша  байлығы  Екатеринбургте қалғанын дәлелдеуге  тырысқан. Николай II  отбасымен қаза  болған  соң,  олар  тұрған Ипатьевский  үйінен  патша  қазынасы  белгісіз  жаққа  тасымалданған. Бірақ  қайда? Белгісіз. Дегенмен  үздіксіз  іздеу  кей  сәтттерде  өз  жемісін  бергенге  де  ұқсайды.  Мәселен  3  миллион   алтын  рубльдің  табылуы.  Сонымен  қатар   әйел  адамның сақина-сырға  және  өзге де  жылтырақ  заттары     әсіресе  бүкіл  әлемге  әйгілі бриланттың  аса    қымбат  түрінен  жаслаған 70 караттан  тұратын  жарты ай    және  100  караттан  тұратын кеудеге  тағатын бриллант  броштың кездейсоқ  табылуы   жаһанды  дүр  сілкіндірген.  Алайда  патша  қазынасының бұдан  өзгесі  табылмады. Николай II-нің   бриллант тастармен   әдіптелген  алтын  қылышы, асыл  тастар  салынған   сандықшасы  және саф алтыннан жасалған   ханшайымның  тәжі    одан  да  өзге  өте  құнды   дүниелер   із-түссіз  кетті. Патша  қазынасын  іздеу  бүгінге  дейін  жалғасуда.  Бірақ   бір  ғасырға  тақау  заман  өткен  соң    асыл  дүниенің  табылуы  екіталай  дүние-ау…

 

Николай II-нің   алтын  эшолоны

Патшалық Ресейдің   тағы  бір  қазынасының  жоғалуы  да Николай II  патшамен  тығыз  байланысты. 1916  жылы   күзде Ресей мен  Германия  соғысы  кезінде  немістердің  қарқынды  шабуылынан  сескенген    Николай  патша   жедел  түрде Санкт-Петербургтегі   ақша  сарайында  тұрған   алтындарды    Мәскеуге   аттандырады. Бұл  кезде  Ресейдің  ірі  қалаларының  бәрінде  шерулермен  толқулар  пәрмен алып  тұрған.  «Алтын  эшолонның»   Мәскеуге  аттануы  дәл  сол  кезге  тап    келді. Мәскеуге   келген   жүк  жөнінде   пойыз бастығы   қала  басшылығына  мәлім етті. Бірақ  Мәскеуде халық дүмпуі белең  алып  тұрғандықтан қала  басшылығы жүкпен  шаруасы болмады. Осы  жөнінде  тікелей  патшаға телеграф  арқылы  хабар  берген  эшелон  бастығы патшадан «алтындарды Уралға  яғни Екатеринбургқа   жеткіз. Алтындарды мемлекеттік  қаржы  банктің жертөлесіне өткіз»  деген  бұйрық  алды.  Қалаға  келгенмен  ол  жерде  де  төңкерістің алауы лапылдап  жатқандықтан  жүкті  күзетіп  келген  солдаттар  ол  жердегі  уақытша  билік  басшыларына  алтынды  беруден   бас  тартқан. Алтынның  одан   арғы  тарихы  белгісіз. Үш  вагоннан  және  паровоздан  тұратын  пойыз    темір  жолдың орман  ішіне  бастайтын  бір  тармағына  түсіп  жүріп  кеткен. Алтынды  күзеткен  бес  солдат және  капрал  мен  поручик   жүкті  белгісіз жерге  түсіріп,  жерге  көміп  тастаған. Бір ақиқаты   олардың  барлығы    кері емес,  сол  жерден  бірден  туған  үйлеріне аттанған.  Өйткені  патша  үкіметінің  құлайтынынан  көз  жеткізсе керек.  Бірақ  бәрі өздеріне  тиесілі  алтындарды   аздап  ала кеткенге  ұқсайды.   Ал  вагонға   тиелген  1360  келі алтын монет  сол  күйі  ізсіз кетті.  Кейіннен  оны  іздеушілер  болғанмен,  табылмады.

 

Адмирал Колчактың  қазынасы

Патшалық  Ресейге  тиесілі  тағы  бір  ірі  қазынаның  жоғалуы сол  заманның   ірі  қолбасшысы  адмирал  Колчактың  атымен  байланысты. Әрине  адмиралдың   алтын  тиелген  эшелондары   жайлы  талай  айтылды  да,  жазылды  да.    Дегенмен  соңғы  бір  болжамдарға   сүйенер  болсақ,   50  тонна  алтынның  қайда  жоғалғаны  жөніндегі  тағы  бір  деректің  ұшы  қылтыяды. Әрине  Колчак  оның  біразын қару-жарақ  сатып алуға  жұмсағаны  белгілі. Ал  қалғаны…  Көптеген  деректер  алтын  тиелген  пойыз Байкал  көлінің маңында   ұшты-күйлі  жоғалғанын  келтіріп,  алтынды  сол  маңнан  іздеу  керек дегенді  айтады. Бірақ қаншама   іздеу  салынғанымен Колчак  алтыны  таптырмады.   Ал  соңғы  болжам,  алтындарды  Колчак   пойызбен  емес, қауіпті  Транссібір  темір  жолын айналып  өтіп,  Ертіс  және  Обь  өзендері   арқылы  параходқа  тиеп   Томск  қаласына  жеткізбек  болған. Тобыл  қаласынан алтын  тиеп  шыққан  кеме  Томскге  жетпеген. Сургут  қаласының  маңында   бапаққа  килігіп  тоқтап  қалған  соң,   сол  жерде  алтындар  түсіріліп, жағалауға  тығылған. Тағы  бір  болжам  1919  жылы  күзде Колчактың  алтындары  тиелген  бірнеше  вагон  Петропавлск мен Омбы  қаласының  ортасында жоғалып  кеткен. Алтындармен  бірге  Ресей  патшалығына  тиесілі  көптеген  құнды  дүниелер де  сол  жолы  қолды  болған. Кешегі  Кеңес  Үкіметі  де  бүгінгі  Ресей  мемлекеті  де  әлі де  Колчактың  жоғалған алтындарын   (50  тонна)  іздеуге  талай  экспедициялар  ұйымдастырды.  Бірақ   әзірге  нәтиже  жоқ.

Осы  орайда мына бір жайды еске  түсіре кетуге  тура келеді. Кезіндегі Анненков  бандылары  Қытайға  қашып  бара  жатып,  Семей,  Аякөз,  Үржар  және  Мақаншыны  басып  өткені  белгілі.   Көптеген  деректер  анненковшылар  жұрттан  тонаған алтын-күміс,  қару-жарақ,  басқада  бағалы  заттарды «қызыл  армия  күйреп  жатса,  кері  оралғанда алармыз» деген  оймен  Тарбағатай  тауына,  сол  маңдағы  Көрпебай  секілді  жоталардың  үңгір-қуыстарына тығып  кетіпті  дегенді  келтіреді.  Бұл  шындыққа  ұқсайды.  Кейіннен  сол  қазынаны  іздеу  үшін талай  әрекеттер  жасалды,  бірақ  олар да нәтиже берген емес.

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

 

 

Алдыңғы жазбаТұрсын ЖҰРТБАЙ: АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫН АРАНДАТУШЫ ПІКІРЛЕРДІҢ ҮНІ ӨШУІ ТИІС
Келесі жазбаЕлім деп өткен өр ұлан