Өмірдің өзі ағыс қой… тоқтаусыз ағыс!
Білмейміз оны… Бүгін де, кеше де күлдік.
Кетпейді бәрі адамның жоқтаусыз алыс
Сұралар бір күн, өйткені – өше ме тірлік?! – деп баяғыда алғашқы тырнақ алды жырларының бірін осылай өрнектеп еді. Өзі жазғандай Қайрат «жоқтаусыз кететін адам» емес-тұғын. Тау өзеніндей арынды, дала өзеніндей терең жырлары тұрғанда оны жырсүйер қауым ұмыта қоймасы заңдылық.
Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,
Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.
Көкірегіне құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,
Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын.
Нахақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын,
Кес-кестен барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың.
Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені,
Жамау қып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың, – деп Төлеген жазғанындай, Қайрат дәл сондай ақын еді.
Тілге тиек етіп отырған жан, қазақ жыр әлемінде өзіндік орны бар Қайрат Әлімбекпен сонау тоқсаныншы жылдардан бері таныс-біліспін. Бірақ тым жақын араласып көрген емеспін. Ара-тұра жолығысып қалғанда аман-сәлемнен артық сөйлесіп көрмеппіз. Тек бірде ойда-жоқта ұшырасып, шай қайнатым уақытта біраз сыр бөлісіп едік. Сол тоқсаныншы жылдардың алғашқы жартысында «Арай» жастар журналында жұмыс істеп жүргенмін. Бірде редакторымыз Әшірбек Көпіштің тапсырмасын уақытында бітіре алмай, күн сенбі болса да барып, мақаламды аяқтап, көңілім тоғайып жатақханаға (баяғы Каз Гу-дің 5 жатақханасы) қайтып келе жатқанмын. Мінген автобусымның нөмері – 61. Ыңыранған сары автобус Әл-Фараби даңғылымен келіп, Каз-Гу-дің аялдамасына тоқтап, ары кететін. Кешкілік кез. Сенбі болған соң ба, автобуста адам аз. Ең соңғы теріс қараған орындыққа отырып, ойға шомғанмын. Фурманов көшесімен жоғары өрлеп келе жатқан автобус келісі бір аялдамаға тоқтап, жүре бергені сол еді. Терезеге қарап ойға батқан менің иығыма біреу қолын салып, «Ұлықбеков теріс қарамай, бері қара» деген дауысқа жалт қарадым. Сүйтсем жымия күліп Қайрат тұр екен жанымда. Орындыққа жайғасып жатып, қайдан келе жатқанымды сұрады. Журналдың жұмысымен жүргенімді айттым. Содан кейін-ақ әңгіменің түйіні ағытылып жүре берген. Қазақ поэзиясының алыптары, дүниеден ерте озған Мұқағали, Төлеген жөніне біраз сыр ақтарды. Одан секіріп Жұматай, Кеңшілік секілді өзге де талантты ақындар, қатарластары жөнінде ой қозғады. «Сені ара-тұра республикалық басылымдар беттерінен көріп қалушы едім. Өлеңдерің тәуір. Соңғы кезде зыя-зия жоқсың. Студенттік өмірдің қызығына батып, қаламды ары ысырып қойған секілдісің. Бірақ мынаны ұмытпа, не жазсаң да жас кезіңде жазғандай болмайды. Нағыз төгілте жазатын кезің осы. Уақытты өткізіп алма. Құдай берген талантты дұрыс пайдалан. Поэзия – киелі дүние. Жүрдім-бардым қараған адамға, теріс айналады. Кейбіреулер «өлең жазуды тастап кеттім» деп жатады. Өтірік. Ешкім өлеңді тастап кетпейді, керісінше өлең оларды тастап кетеді» деп ағалық ақылын айтты.
Сәлден соң «өлең оқышы» деді. «жазғандарымды жаттамаушы едім» деп қашқақтап едім, қояр да қоймады. Сосын біраз күн бұрын қағазға түсірген «Өлген адамның монологы» деген өлеңімді оқып бердім. Ойланып барып, «жақсы өлең екен. Бірақ жассың ғой. Өлім жайлы жазып, мұңға бату әлі ерте» деді. Сүйткенше болмай автобус КазГудың аялдамасына тоқтады. Қоштасып, мен түсіп қалдым. Қайрат «бір жұмысым бар еді» деп ары кетті. Одан кейін қайтып жолымыз тоқайласып көрмепті.
Бір қызығы ол мені еш уақытта атымды атамапты. «Ұлықбеков, қалайсың?» деп қоятын кездесе қалғанда. Амал қанша, өзгеге ақылын айтып, жақсысына сүйініп аңқылдап жүрген арда азамат, ғажап дарынның, керемет жауһар жырлардың иесі кенеттен болған жол апатынан қайтыс болды. «Өмірдің өзі ағыс қой… тоқтаусыз ағыс!» деп өзі жазғандай, уақытта тоқтам бар ма?Амал қанша? Аман болғанда поэзия сахнасында күнше күркіреп жүрер ме еді? Бірақ тағдыр оны жазбапты…
Қуат Қайранбаев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын:
– «Жаратушыға да жақсы адамдар керек» деп жатады жұрт. Осы сөз Қайратқа қаратып айтылған сияқты көрінеді. Өйткені, айналасына шуағын шашып, алыс-жақынға қол ұшын беруге құлшынып жүретін ол аз ғана ғұмырында барынша жақсылық жасауға асыққан екен-ау!
Зымырап өтіп жатқан уақыт-ай десеңші! Бәрі де күні кеше сияқты еді. Қайратпен тұңғыш рет Ақсу ауданында жылма-жыл өтіп тұратын «Ілиястың ізбасарлары» атты жыр мүшәйрасында ұшырасқанбыз. Қаратал ауданынан келген жас ақын өрнекті өлеңдерімен оза шауып, жүлдегерлер қатарынан көрінгені есімде. Араға уақыт салып ҚазМУ-дың қалашығында қайта жолықтық. Бөрілітөбе аудандық газетінде бірге қызмет жасап, журналистік жолыма бағдар берген ақын Жомарт Игіман екінші рет таныстырған. Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін оқуға түскен мен үшін Қайрат тәжірибелі, ересек көрінді. Адам баласына қылдай қиянаты жоқ, ақжарма жүректі ақынмен арамыздағы алғаусыз достық алғашқы сәттен басталды деп топшылаймын. Олай дейтінім, сол бір өзара сыйласым мен бір-бірімізге деген құрметке бір сәт көлеңке түскен емес.
Жалпы, «ақындық – Алланың адамға берген сыйы» деп жатады. Олар былайғы жұрттың назарына іліге бермейтін, көзіне шалынбайтын жайларды көңіл терезесімен аңғарып, тылсым түйсігі арқылы сезінеді дейтіндер де бар. Ол жағын анықтап айта алмаспын, алайда, ақындарға дархан жүрек пен даладай көңіл тиесілі екеніне күмәнім жоқ. Қайратқа осы қасиет ерекше мол дарыған еді. Әлгінде айтқандай, ол сол студент кезінің өзінде бәріне қамқор болып, үнемі біреулердің мәселесіне көмектесу үшін алашапқын болып жүретін. Ондайда өз шаруасын да жиып тастаудан тайынбайды. Адамдарға осыншама іңкәр көңілмен, ыстық ықыласпен қарайтын екінші бір жанды кездестірдім деп айта алмаймын. Жасы кіші болса да жоғарғы курстың студенті ретінде мені де қамқорлығына алып қояды. Ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырғанда өлең оқитындардың тізіміне іліктіріп, «жас перілердің» жанына қосуды да ұмытпайды. Ондайда: «Сенің жасың үлкен болса, менің жолым үлкен» дейтін әзілдеп. Бір жолы маған келіп: «Тоқтасын Сүгірбеков деген ақын ағамыз сессияға келіп жатыр. Сені сырттай таныстырып қойғанмын, жүр, барып жолығайық», – деген. Тоқаңмен таныстық. Талдықорғанда облыстық радиода коментатор болып қызмет жасайды екен. Нағыз серілердің қандай болатынын көргенім осы. Бірер күн ғана жолдас болуға жарадық. Алайда, сол күннен бастап аға-інідей араласып кеткеніміз анық. Қайраттың өзі таныған жақсылармен өзгелер де жуыс жүрсе деген ізгі ниетіне өмір бойы тәнті болып өттім десем, артық айтқандық бола қоймас. Қыстың күні де малақай кимей жүретін кең маңдайындағы моншақ терлерді алақанының сыртымен сыпырып тастап, шабыттана өлең оқитын Қайраттың тұлғасы әлі күнге дейін көз алдыма келеді де тұрады. Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына ауысқаннан кейін, біз көп ұзамай жаңа орталыққа қоныс аудардық. Талдықалаға көшпей, Алматыда қалғандардың бірі Қайрат болатын. Үй-күйі жайлы, жағдайы дұрыстау болғаннан кейін қозғалмаған шығар деп топшыладық. Өзі судағы балықтай сезінетін әдеби ортаны қимауы да мүмкін еді. Қалай десек те Қайрат жылы орнын суытқан жоқ. Онысы біз үшін де теріс болған жоқ. Алматыға анда-санда келгенде алдымыздан жарқырап Қайрат шығатын. Сүйекке сіңген әдет қала ма, шаруаларымызға қолғабыс жасап, Жазушылар одағына апарып ондағы ағалармен таныстыратын. Өлеңдерімізді газет-журналдарға өткізіп, жарық көруін қадағалап жүретін де өзі.
Журналистік қабілет-қарымы мықты Қайрат мақала, очерк жазудың да шебері-тұғын. Қалам ұстап, қағазға шұқшиып отырғанын да көрмейсің. Қолындағы бір жапырақ қағазға қарап қойып, үлкен суреттемелер мен жауапты мақалаларды бірден машинистка қыздарға оқып тұрғаны. Шабыттың шаужайына жармасқанда сөйлемдер түйдек-түйдегімен төгілетін.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңде қазақ қоғамына арақ деген дүние дендей енді. Бұл ақындарды да айналып кетпегені белгілі, тіпті сүйікті шәрбатына айналды десе болғандай. Сыраханаларда тұрып өлең оқу дәстүрі қалыптасқан. Біз де осыған біраз еліктедік. Қайрат осы әдеттен өз ықтиярымен бас тартқандардың бірі. Имандылыққа бет бұрып, адамдарға жасар жақсылығын жандандыра түскен.
Осындай күндердің бірінде мен тағы бір Алматыға келдім. Хабарласып едім, дереу үйге жет деп өтінді. Шабыт үстінде екен. Екеуіміз түн жарымына дейін сұхбаттасып отырғанымыз есімде. Ертеңіне шаруаларыммен жүрмек болып едім, қояр да қоймай Қазақ радиосына алып келді. Бірден арнаның директоры Нұрлан Өнербаевтың бөлмесіне жетелеген. Сәлем-сыйласымы дұрыс болуы керек, оны өзімсініп, мені таныстырып жатыр: «Бұл Қуат Қайранбаев деген ақын. Сазгерлігі мен әншілігі де бар. Өзі келіп тұрғанда дауысын жазып алмасаңдар, ертең өкініп қалуларың мүмкін…» – дейді екпіндетіп. Қосып мақтап жібергеніне қысылып тұрған мені қаперіне алатын емес. Басшы бірден ыңғай таныта қоймады білем, Қайрат дауысына салмақ қосып: «Қуаттың тірі дауысын жазып алсын деп жолынан қалдырып алып келдім. Енді Қазақ радиосы керек етпесе орыс радиосына баруымыз керек пе?» – демесі бар ма. Нұрекең орынбасарын шақырып, үш-төрт бағдарламаға жазып алуды тапсырған. Кейіннен оларды радиодан естіп, Қайратқа алғысымды жаудырғанмын.
Бұл оқиғаны мен жайдан-жай еске алып отырған жоқпын. Себебі, бұл менің Қайратты соңғы көруім екен. Көп ұзамай ол жол апатынан көз жұмды. Өмірден баз кеше қоятын жан емес еді. Шығармашылық жоспары да көп болатын. Өмірге деген құштарлығы да ерекше-тұғын. Менің жанды дауысымды ұрпақтарға қалдыруды ойлап жүргенде Қайрат өзінің ғұмыры келте үзілетінін ойламаған да болар. Бір тәуба дейтініміз, артында жары Қуаныш пен балалары қалды. Қайраттың жарқын бейнесін жадында мәңгі сақтайтын қалың жұрты қалды. Талай жүректерде поэзия шоғын тұтататын отты жырлары жасауда. Ендеше, Қайрат Әлімбек өлген жоқ, ол әлі де бізбен бірге, арамызда, жүрегімізде, миымызда өмір сүруде.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ