Home Басты жазба Мұнай тоқтаса, ақша да тоқтайды

Мұнай тоқтаса, ақша да тоқтайды

10

«Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дейді қазақ. Бұл мақалдың бүгінгі Қазақстан экономикасына да қатысы бар. Біз мұнай өндіруден әлемдегі ірі мемлекеттердің біріміз. Бірақ сол мұнайды әлемдік нарыққа жеткізетін жолға келгенде жалғыз арнаға тәуелді болып қалдық. Соның салдарын қазір анық көріп отырмыз.

Қазақстан экспорттайтын мұнайдың 80 пайыздан астамы Каспий құбыр консорциумы (КТК) арқылы тасымалданады. Бұл құбыр Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты еліміздің ең ірі кен орындарын Ресейдің Қара теңіздегі Новороссийск портымен байланыстырады. Сол жерден мұнай танкерлерге тиеліп, Еуропаға жөнелтіледі. Жыл сайын осы бағытпен кемінде 60 миллион тонна мұнай экспортталады. Бұл – Қазақстан экономикасының күретамыры.

Бірақ соңғы күндері сол күретамырға қайта-қайта соққы жасалып жатыр. Украина дрондарының Новороссийск маңындағы теңіз терминалы мен қазақстандық мұнай тиеп жатқан танкерлерге жасаған шабуылдары КТК жұмысын уақытша тоқтатты. Қазақстан мұнай өндіруді қысқартуға мәжбүр болды. Reuters агенттігінің мәліметінше, елдегі тәуліктік мұнай өндірісі бір кезеңде маусымдағы орташа 2,16 миллион баррельден шамамен 1 миллион баррельге дейін төмендеген. Бұл – екі еседен астам қысқару.

Энергетика министрлігі жағдайдың бақылауда екенін айтып отыр. Рас, мұнай қабылдау тоқтаған жоқ, резервуарларға жиналып жатыр. Бірақ резервуар түпсіз емес. Оның да сыйымдылығы бар. Егер танкерлер уақытында келмесе, қоймалар толады. Қойма толса, өндіру қысқарады. Мұнай өндірісі қысқарса, экспорт азаяды. Экспорт азайса, мемлекетке түсетін ақша кемиді. Экономикадағы тізбек осылай жұмыс істейді.

Көп адам «мұнай жердің астында тұр ғой, кейін сатып жібереміз» деп ойлауы мүмкін. Бірақ экономика бұлай есептелмейді. Сатылмаған мұнай – бүгін түспеген табыс. Бүгін түспеген табыс – ертең қаржыландырылмайтын мектеп, жөнделмейтін жол немесе кейінге қалатын әлеуметтік жоба.

Енді қарапайым есепке жүгінейік.

Қазақстан тәулігіне шамамен екі миллион баррель мұнай өндіреді. Соның 80 пайыздан астамы КТК арқылы өтеді. Демек, тәулігіне шамамен 1,6-1,7 миллион баррель мұнай дәл осы құбырға тәуелді.

Қазір әлемдік нарықта Brent маркалы мұнайдың бағасы шамамен 70-80 доллар аралығында құбылып тұр. Орташа есеппен 75 доллар деп алсақ, КТК арқылы экспортталатын мұнайдың бір күндік нарықтық құны 120 миллион доллардан асады. Бүгінгі бағаммен бұл – шамамен 60 миллиард теңге.

Әрине, осының бәрі Қазақстан бюджетіне түсетін ақша емес. Оның ішінде шетелдік инвесторлардың үлесі бар. Chevron, ExxonMobil, Shell, Eni сияқты ірі компаниялар Қазақстанның алып кен орындарын игеруге ондаған миллиард доллар инвестиция құйған. Мұнай сатудан түскен табыс алдымен осы компаниялар мен өндірушілердің шығындарын жабады. Бірақ мемлекет салық, рента, экспорттық төлемдер және Ұлттық қорға түсетін түсім арқылы өз үлесін алады. Сондықтан экспорттағы әрбір кідіріс бюджетке де тікелей соққы болып тиеді.

Экономистердің «ақша тыныштықты жақсы көреді» деген қанатты сөзі бекер айтылмаған. Инвестор үшін ең маңыздысы – тұрақтылық. Ал КТК соңғы төрт жылдың ішінде бірде дауылдан, бірде техникалық ақаудан, бірде әкімшілік шешімнен, енді әскери шабуылдан тоқтап отыр. Бұл Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне үлкен  соққы  екені белгілі.

Әлемдегі ең табысты инвесторлардың бірі Уоррен Баффет: «Су қайтқанда ғана кімнің жалаңаш жүзіп жүргені белгілі болады» деген екен. Ресей мен Украина арасындағы соғыс Қазақстан экономикасының дәл осындай әлсіз тұсын ашып берді. Біз мұнай өндіруге келгенде алдыңғы қатардамыз. Бірақ экспортқа келгенде бір ғана құбырға байланып қалғанбыз.

Егер КТК жұмысы бір айға толық тоқтап қалса не болады?

Біріншіден, мұнай өндіру тағы да қысқарады. Себебі өндірілген мұнайды ұзақ сақтай алмаймыз.

Екіншіден, экспорттан түсетін валюта азаяды. Қазақстанға доллар аз келеді. Бұл теңгеге қысым түсіреді.

Үшіншіден, Ұлттық қорға түсетін кіріс төмендейді. Үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін қордан көбірек ақша алуға мәжбүр болуы мүмкін.

Төртіншіден, ірі мұнай компаниялары өндіріс жоспарларын қайта қарайды. Инвестициялық жобалардың мерзімі созылуы ықтимал.

Бесіншіден, қызмет көрсететін жүздеген отандық компанияның табысы азаяды. Мұнай саласы тек мұнайшыларды ғана емес, құрылысшыларды, көлік компанияларын, сервистік кәсіпорындарды, шағын және орта бизнесті де асырап отыр.

Соның бәрі ақыр соңында қарапайым халықтың қалтасына әсер етеді. Валюта бағамы құбылады. Импорт қымбаттайды. Инфляция күшейеді. Несие қымбаттауы мүмкін. Бюджет шығыстары қайта қаралады. Яғни Новороссийскідегі бір терминалдағы мәселе Алматыдағы дүкен бағасына да, Шымкенттегі құрылысқа да, Астанадағы мемлекеттік жобаға да ықпал етеді.

Рас, Қазақстан балама бағыттарды қарастырып жатыр. Ақтау арқылы мұнайды Каспий теңізімен Әзербайжанға жеткізіп, одан әрі Баку – Тбилиси – Жейхан құбырына қосуға болады. Қытай бағыты да бар. Теміржол арқылы тасымалдау мүмкіндігі де сақталған. Бірақ олардың ешқайсысы КТК-ның орнын толық баса алмайды. Өткізу қабілеті бірнеше есе төмен, ал тасымал құны әлдеқайда жоғары. Сондықтан бүгінгі таңда КТК-ның толық баламасы жоқ.

Бұл дағдарыс тағы бір шындықтың  бетін  ашты. Қазақстан мұнайға емес, мұнайды тасымалдайтын жолға тәуелді. Ащы да  болса ақиқат  осы.

Нобель сыйлығының лауреаты Милтон Фридман: «Дағдарыс келгенде ғана шынайы өзгерістер жүзеге асады» деген. Егер осы жағдайдан сабақ алмасақ, ертең тағы да дәл осындай қиындыққа тап боламыз. Сонда әрбір дрон шабуылы, әрбір техникалық ақау немесе әрбір геосаяси шиеленіс Қазақстан бюджетіне миллиардтаған теңгенің шығынын әкеліп отырады.

Қазақ «Сақтансаң – сақтаймын» дейді. Экономикада да солай. Бүгінгі басты міндет – жаңа кен орнын ашу емес, жаңа экспорттық дәліз ашу. Бір құбырға телмірген ел өзін қауіпсіз сезіне алмайды.

Мұнай – біздің байлығымыз. Бірақ байлықтың қадірі оны жер астынан шығарғанда емес, әлемдік нарыққа кедергісіз сатып, елдің игілігіне жарата алғанда білінеді. КТК төңірегіндегі бүгінгі оқиға бізге дәл осы ащы шындықты тағы бір рет еске салып отыр деуге  болады.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ,  «Байтақ»  жасылдар  партиясының төрағасы

Алдыңғы жазбаМәңгілік ел – мың үш жүз жыл бұрын басталған ұлы мұрат