Home Басты жазба Мұнай нарығы енді кімге бағынады?

Мұнай нарығы енді кімге бағынады?

7

Біріккен Араб Әмірліктері 1  мамырдан бастап, ОПЕК пен ОПЕК+ форматынан шығуы – жай ғана техникалық шешім емес, бұл мұнай нарығындағы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан тәртіпке тасталған ашық сын. Біріккен Араб Әмірліктері енді квотаға тәуелді емес, демек, олар нарық сұранысына қарап, қалағанынша өндіріп, экспорттай алады. Бұған дейін мұндай еркіндік тек теорияда болатын, ал іс жүзінде бәрі Сауд Арабиясы бастаған картельдік келісімдерге тірелетін.

Бұл шешімнің салмағын түсіну үшін бір нәрсені анық айту керек: ОАЭ – шеткі ойыншы емес. Олар өндірісті жылдам арттыра алатын, инвестициясы жеткілікті, инфрақұрылымы дамыған санаулы елдердің бірі. Яғни бұл жай “тағы бір ел шықты” деген әңгіме емес, бұл – жүйенің ішінен шыққан жарық.

Бірақ еркіндік әрдайым пайда әкелмейді. Мұнай нарығы қарапайым логикаға бағынбайды: көп өндірсең – көп табасың деген формула мұнда жүрмейді. Егер Әмірліктер өндірісті агрессивті түрде арттырса, ұсыныс көбейеді, баға түседі, ал соңында табыс керісінше қысқаруы мүмкін. Дәл осы себептен ОПЕК ондаған жыл бойы өндірісті шектеп келді. Олар мұнайды емес, бағаны басқарды.

ОАЭ осы ережеден шығып отыр. Бірақ олар толық еркін емес. География – саясаттан да қатал фактор. Экспорттың едәуір бөлігі әлі де Ормуз бұғазы арқылы өтеді. Иә, Фуджейра порты мен оған баратын құбыр бар, бірақ оның қуаты барлық экспортты жаба алмайды. Жаңа құбыр салынып жатыр, алайда ол тек 2027 жылы іске қосылады. Ал оған дейін кез келген шиеленіс, кез келген шабуыл бүкіл логистиканы бір сәтте тоқтата алады. Наурыздағы дрон соққылары осының айқын дәлелі болды.

Сондықтан Әмірліктердің “көбірек өндіреміз” деген стратегиясы тек экономикаға емес, қауіпсіздікке де тәуелді. Егер аймақта тұрақсыздық сақталса, бұл жоспар қағаз жүзінде әдемі көрінгенімен, іс жүзінде толық іске аспауы мүмкін.

Бұл шешімнің геосаяси астары да бар. Дональд Трамп кезінде ОПЕК-ті мұнай бағасын жасанды түрде көтеріп отыр деп ашық айыптаған еді. АҚШ үшін картельдің әлсіреуі – тиімді сценарий. Өйткені бақылаудан шыққан нарық әрдайым тұтынушыға жақынырақ болады. Осы тұрғыдан қарағанда, ОАЭ-нің қадамы тек экономикалық емес, саяси ойынның да бір бөлігі болуы ықтимал.

Ал кім ұтады? Бір қарағанда, импорттаушы елдер – арзан мұнай алады. АҚШ – өзінің энергетикалық және саяси позициясын күшейтеді. Бірақ бұл қысқа мерзімді жеңіс болуы мүмкін. Өйткені нарықтағы тұрақтылық жоғалса, баға тек төмендеп қана қоймайды, ол құбылып тұрады. Бүгін арзан, ертең қымбат. Болжамсыздық – ең үлкен тәуекел.

Ал кім ұтылады? Ең алдымен, Сауд Арабиясы. Өйткені олардың басты құралы – тәртіп пен келісім еді. Енді бұл механизм әлсіреп жатыр. Сонымен қатар Ресей сияқты ОПЕК+ серіктестері де қысымға түседі. Егер бір ойыншы ережеден шықса, қалғандары үшін де шектеудің мәні азаяды.

Ең қызығы – ұзақ мерзімде ОАЭ-нің өзі де ұтылуы мүмкін. Егер баға құлдыраса, бюджетке түсетін қысым өндіріс өсімінен де ауыр болады. Бұл мұнай нарығының парадоксы: сен көбірек өндірген сайын, кейде аз табасың.

Мұның бәрі бір нәрсені көрсетеді: біз бақылаудағы нарықтан бақылаусыз нарыққа өтудің басында тұрмыз. Бұған дейін бағаны келісімдер анықтаса, енді оны жағдайлар анықтайды – қақтығыстар, логистика, саясат. Мұнай бұрынғыдай “қара алтын” емес, ол барған сайын тәуекелі жоғары активке айналып келеді.

Сондықтан мәселе мұнай жетіспеушілігінде емес. Негізгі қауіп – оның болжауға келмейтінінде.

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

dodanews.kz

Алдыңғы жазбаСоғыссыз соғыс: АҚШ Иранды қалай тұншықтырып жатыр
Келесі жазбаПрага мен Астана арасындағы жаңа есеп: экономика ма, әлде геосаясат па?