Home Жаңалықтар Үш жылға кешіккен көмек…

Үш жылға кешіккен көмек…

61

Екінші Дүниежүзілік соғыстың құны адамзат үшін қаншаға түсті? Бүгінгі күннің тарихшылары мен сарапшылары және есеп-қисаптың адамдары осыны есептеуге көшті. Бірақ, әзірге нақты мәлімет жоқ. Түрлі болжамдар мен жорамалдар ғана бар.

Дегенмен 1941-45 жылдардағы қанды қасап 50 миллионға тақау адамның басын жұтты. Бұл ащы ақиқат. Тіпті 50 демей-ақ, 40 миллион деп кемітіп айтсақ та, аз адам емес. Мұшама адам қырылатындай оқиға ешуақытта болған емес. Өз заманында «егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып», жасанып келген жауын талқандап, сар далада сағым қуып көшіп жүрген көшпелілердің ұлысын бір шаңырақтың астына жиып, әлем тарихында ерекше орны бар, империя құра білген, жарты дүниені ат тұяғына таптатқан Ұлы Шыңғысхан да, адамның басынан мұнара тұрғызған қаһарлы Ақсақ Темір де, жер дүниені шаңдатып жортуыл жасаған Қос мүйізді Зұлқарнайын да (Македонский), әскері «жұлдыздан да көп» Кир мен Дарий патшалардың соғыстарында да мұншама көп, есепсіз адам қаза тапқан емес. Тіпті «5 миллион адамның басын жұтты» дейтін Бірінші Дүниежүзілік соғыста, 8 миллон адам құрбан болған Азамат соғысы да 1941-45 жылдардағы қырғынмен тең келе алмайды. Жалпы адамзат тарихында Екінші Дүниежүзілік соғыс триллиондаған қаржы жұмсалған соғыс емес, 40-50 миллион адамды жұтқан соғыс ретінде тарихта қалмақ. «Соғыстың құны, қираған жамбас, соғыстың құны, қураған мың бас» деп ақындар жырлағандай, шейіт болғандардың орнын ешнәрсе толтыра алмасы хақ. Талай шаңырақ күйреп ортаға түсті, талай боздақ қыршын қиылды… «Келіннің бетін ашқан-ды, иліп байқұс жасқан-ды. Жасқанды дағы жас қалды, Ертесін соғыс басталды, алды да кетті жастарды» – Мұқағали соғыстың ащы шындығын осылай жырлады. «Өңімде ме еді, түсімде ме еді, көріп ем ғой, бір армандай қызды. Бір нәзік сәуле күлім деп еді, сұрапыл соғыс соқты да, бұзды» – Орақ тілді, өр ақын Қасым жас жүрекке кетпестей дақ салған соғыстың қасіретін осындай жыр жолдарымен өрнектеді.

Шындығы сол, майданға ерін аттандырған талай әйел қара жамылып, жесір қалды, талай бала жетім атанды, сүйгеніне кестелі ормал ұсынып, елді қорғауға аттандырған талай жас қыз қара қағаз алып, қайғыға оранды…

Жалпы, соғыстың құны ешнәрсемен өлшенуі тиіс емес…

«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» демекші, төрт жылға, яғни 1418 күнге созылған соғыс өтті де кетті. Биыл Кеңес елінің фашистік Германияны жеңгеніне 65 жыл толды. Қазір өткен соғысқа өзгеше баға беретін, жаңа көзқарастағы тарихшылар, сарапшылар көп. Рас, коммунистік жүйе тұсында Ұлы Отан соғысына байланысты көптеген мәселелер жабық, құпия болды. Халық көп нәрседен хабарсыз еді. Қазір демократияның арқасында ақиқаттың беті ашылды, құпиялылықтың сеңі бұзылды. Соғыс жылдарының ащы шындығы айтыла бастады. Бүгінгі күні кейбір тарихшы-сарапшылар «Үшінші Рейхты тек Кеңес елі жеңген жоқ, одақтастар көмектесті. Егерде одақтастар болмаса, кеңес елінің шығыны әлдеқайда көп болар еді.

1945 жыл мамырда Берлинге басып кірудің өзі екі талай дүние еді. Одақтастардың көмегі өлшеусіз болды. Оны мойындауымыз керек» десе, бәз бірі «Одақтастардың көмегі мардымсыз. Қызыз армия майдан алаңында ірі жеңістерге жетіп, соғыстың зәрі қайтқан кезде ғана одақтастар көмекке келді. Онда да Германияны бөлшектеуден құр қалмайық деген дәме болды» деседі. Әрине нақты «мынанікі дұрыс» деп қосыла алмайсың. Бірақ сол бір сұрапыл жылдары Одақтас елдердің Кеңес елін қару-жарақ, әскери техника, азық-түлік, киім-кешекпен барынша қамтамассыз еткені шындық. Оны жоққа шығаруға болмас. Бірақ олар фашистік Германияны күйретуге қанша үлес қосты? Соны таразылап көрелік.

 Одақтастар

1939-1945 жылдардағы соғыс Гитлерге қарсы жаңа бір одақты қалыптастырды. Әрине бәрі бірдей жұмылып Үшінші Рейхқа қарсы соғысты деу артық болар. Дегенмен осы одаққа кірген әр ел өзінше үлес қосты. Бірі – немістерге қарсы майдан даласында қоян-қолтық соғысса, екіншісі – ұрыс алаңында жүргендерді қару-жарақ, киім-кешек, азық-түлікпен қамтамассыз етті. Гитлерге қарсы Польша, Чехословакия, Югославия, Австралия, Бельгия, Үндістан, Канада, Жаңа Зеландия, Филипин, Эфиопия және тағы да бірқатар елдердің бөлімдері соғысты. Бұл жерде АҚШ пен Ұлыбританияның орны алабөтен. Жалпы соғыс жылдары антигитлерлік одаққа 53 мемлекет енді. Бұл айтарлықтай күш еді. Жалпы одақтың алғаш құрылуы 1939 жылы Гитлерлік Германияның Польшаға басып кіруінен бастау алады. Ал КСРО Германия 1941 жылы басып кіргенге дейін бұл одақтың мүшесі болған жоқ. Немістер КСРО-ға шабуыл жасаған кезде АҚШ пен Ұлыбритания үкіметтерінің өз-ара көмек беру жөніндегі үндеуі антигитлерлік одақтың алғашқы баспалдағы болды.

Коалициялық күштер бірнеше мәрте бас қосып, маңызды мәселелерді талқыға салды. Атап айтсақ, Мәскеу жиыны (1941 жыл), Атланттық хартия (1941 жыл, тамыз), Жиырма алтының Вашингтондық декларациясы (1942 жыл) Тегеран конферециясы (1943), Бреттон-Вудс конференциясы (1944 жыл), Ялта бас қосуы (1945 жыл, наурыз) және Потсдам конференциясы. Бұл бас қосулардың бәрінде кеңес еліне қалай көмек беру, неміс-фашистерге қай жерден қалай соққы жасау, «екінші майданды» қашан ашу мәселелері ортаға салынды. Бұл жерде айта кетер бір қызық жайт, осы одақтастар коалициясының негізінде артынан Біріккен Ұлттар ұйымы (БҰҰ) құрылғаны белгілі.

Соғыстың алғашқы кезінде КСРО үлкен шығынға ұшырады. Көптеген елдімекен, қалалар, маңызы зор зауыт-фабрикалар талқандалды. Осы тұста одақтастар көмекке қол созды. Жалпы көмек беру 1941 жылдың қараша айынан басталады. Көмек беру дәліздерінің бірі – Солтүстік порт (Мурманск, Архангельск) болса, екіншісі –Қиыр Шығыс және Иран арқылы жүзеге асты.

Осы жолдар арқылы Одақтастар соғыс жылдары КСРО-ға 22 мың әскери ұшақ, 13 мың танк, 427 мың жүк машинасы және он мыңдаған атыс құралдарын жеткізді. Мұның сыртында жүздеген мың тонна азық-түлік бар. Теңіз арқылы жүк тасымалдайтын Солтүстік дәліз үнем немістердің бақылауында болғандықтан жүктің негізгі бөлігі Таяу Шығыс, Иранды басып Каспий теңізі арқылы жеткізілді. Осы жолмен айына КСРО-ға 100 мың тоннаға дейін жүк жөнелтілді. Әсіресе соғыс жылдары өте қуатты америкалық «Студебекер» жүк көлігіне сұраныс басым еді. Бұған әскер тасымалынан басқа, аты-шулы «Катюшаның» зымырандық қондырғылары орнатылды. Сталинград үшін болған шайқаста көптеген қызыл армия полктері америкалық пистолет-пулемет «Томпсонмен» қаруланды. Бұл атыс қаруының мүмкіндігі кеңес және неміс автоматтарынан әлдеқайда мықты еді. Әрине көмек беру дұрыс жолға қойылғанымен, бұл немістерді тойтарып, тырқырата кері қууға үлкен септігін тигізе алған жоқ. Басты мәселе немістердің күшін бірнеше жаққа бөліп тастау үшін Мәскеудің өтініші бойынша Одақтастар «Екінші майдан» ашуға тиіс еді. Алайда АҚШ пен Ұлыбритания бірнеше мәрте уәде бергенімен, 1942 жылы ашылуға тиіс «екінші майдан» белгілі себептермен 1944 жылдың маусымына дейін кері шегеріліп келді. Әрине бұл жерде Вашингтон мен Лондонның өзіндік мүдделері болды. Атап айтсақ, аталмыш екі елге де Германия мен КСРО-ның соғыста ит жығыс түсіп, әлсірегені, экономикаларының әбден күйрегені керек еді. Өйткені соғыс біткен соң, әлсіз елдерге ықпал ету, дегеніне көндіру оңайға соғады деп есептеді. Және солай етті де. Дегенмен 1941 жылдың шілде айында Англия мен АҚШ-тың көмек беру жөніндегі өтініштерін еске алған КСРО басшысы Сталин Черчилден немістерге қарсы Францияның солтүстік өңіренен екінші майдан ашу жөнінде өтініш жасады. Бірақ ұсыныс ескерусіз қалды. 1942 жылы маусымда КСРО Сыртқы Істер министрі В.М. Молотов Вашингтонға жасаған сапарында АҚШ президенті Ф. Рузвельтті 1942 жылы екінші майдан ашуға көндірді. Алайда КСРО-ның әлсірегеніне мүдделі елдер Еуропада емес, тек Солтүстік Африкаға десант түсірді. Ал Еуропада соғыс ашуды 1943 жылдың көктеміне қалдырды. Алайда уәде тағы да сөз жүзінде қалды. 1943 жылы одақтастар тек Италияның оңтүстігімен Сицилияға десант түсірді. Осы жердегі біріккен италиян-неміс әскерлерін талқандай отырып, оңтүстік-шығыс Еуропаны азат етуге тырысты. Бұл жердегі мақсат Қызыл армияның Бақан түбегімен Орталық Еуропаға баратын жолын кесіп тастау еді. Осылайша бұл аймақты азат ете отырып, өздерінің ықпал ету тұрағына айналдырмақ болды.

1943 жылдың мамыр айында Вашингтонда кездескен Рузвель пен Черчиль «екінші майданды 1944 жылдың мамыр айында ашамыз» деп келісті. Осылайша «екінші майдан» ашу мәселесі үш жылға созылып барып, тек 1944 жылдың 6 маусымында ашылды. Бұл операция «Оверлорд» деп аталды. Әрине, Одақтастарда үлкен жетістіктерге, жеңістерге жетті. Бұл майдан немістердің ту сыртына қадалған пышақпен тең еді. Неміс күштері қақ жарылды. Бірақ бір ақиқат дүние, бәрібір немістер үшін негізгі соғыс Кеңес елімен деп есептелді және бар күшті соған салды. Әрине одақстардың Кеңес еліне берген көмегін, немістерді тезірек талқандау үшін кеште болса, «екінші майдан» ашқанын естен шығаруға болмас, бірақ Фашистік Германияның талқандалуы – Қызыл армияның қолымен жасалғаны ақиқат.

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

«айқын»  газеті.  2010 жыл. 12 мамыр

 

 

Алдыңғы жазбаСұрапыл соғысты бастаған кім?
Келесі жазбаҚайда барсаң, Қорқыттың көрі